Қоғам • 05 Маусым, 2023

«Әнуарбек ағаны сонау қияндағы бір ауданда көремін деп кім ойлаған?» - естелік

808 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқырман назарына Созақ ауданының құрметті азаматы Кәрібай Әмзеұлының «Egemen Qazaqstan» газетіне жолдаған диктор, Қазақ КСР-нің халық әртісі Әнуарбек Байжан­баев туралы естелігін ұсынамыз.

«Әнуарбек ағаны сонау қияндағы бір ауданда көремін деп кім ойлаған?» - естелік

Дауылпаз диктор, Қазақ КСР-нің халық әртісі Әнуарбек Байжан­баевтың туғанына биыл 100 жыл толды. «Шалқар» радиосынан таяуда Әнағаң туралы кезекті бір хабарды тыңдап отырып, оны көрген бірер сәттер еске түсті.

...Студенттік шақта біздерді ҚазМУ-дағы ұстаздарымыз практикалық сабақта көріп, біле берсін деген ниетпен Қазақ радиосына анда-санда апарып тұратын. Сондай кездері студиядан Әнуарбек Байжанбаев ағамызды, Сауық Жақанова апайымызды көріп, өзімізше сырттай мақтаныш тұтып жүруші едік.

Дара дауысты Әнуарбек ағаны сонау қияндағы бір ауданда көремін деп кім ойлаған? Одан бері де жарты ғасырдай уақыт өтіпті-ау. Жүрдек пойыздай зымыраған уақыт дегеніңіз, міне, осы.

70-жылдардың орта тұсы еді. Созақ аудандық «Молшылық үшін» (сол кездегі) газетінде істеп жүрген кезім. Түс әлетінде ойламаған жерден редакцияға Әнуарбек ағаның жарқылдап кіріп келмесі бар ма! Көңілі баладай, пейілі даладай ағамызбен бірге Алатаудан бүкіл Қазақ радиосы көшіп келгендей болып, мәре-сәре болдық та қалдық. Бәрімізді кабинетіне жинаған редакторымыз Тәуекел Бектаев Әнағаңа қасиетті Теріскей еліне қадам басқанына құтты болсын айтып, игі тілегін жеткізді. Өз кезегінде құрметті мейман келген сапарының мән-жайын тілге тиек етті.

«Мен әдетте барған жерімде ең алдымен, редакциядағы әріптестеріме соғып, сәлем беріп шығамын. Екіншіден, осы Шолаққорған ауылында менің майдандас досым Базар Арқабаев деген азамат тұрады. Көріспегенімізге көп болып еді, соның арнайы шақыруымен келген бетім. Жұмысбасты болып, көбіне қолымыз тие бермейді. Бұл жолғы сапардың себебі осы», деді Әнаға. Неткен қарапайымдылық, кішіпейілділік десеңізші! Екінің бірінде кездесе бермейтін асыл қасиет қой бұл.

Өкінішке қарай, қазіргі шақта диктор деген сөз лексиконымыздан мүлде алынып тасталды. Есесіне екінің бірі қолынан келсін, келмесін жүргізуші болып алған заман. Шындық солай, күлесіз бе, жылайсыз ба, өзіңіз біліңіз. Ал ғасырда бір дүниеге келетін Әнағаңдай асылдарымызды әрқашан ардақ тұтып жүрейік.