Жарыстың соңғы күндері еркін күрес шеберлері бозкілемге шығып, Ел намысын 29 спортшы қорғады. Сенбіде 97 кило салмақта күш сынасқан Нұрсұлтан Азов қола медальді мойнына ілсе, Бекзат Үркімбай (97 кило) бесінші орынды қанағат тұтты. Серік Бақытханов (97 кило) жұбаныш сайысында сүрінсе, Омар Эюбов (125 кило) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кило) алғашқы айналымнан аса алмады.
Жексенбіде тағы сегіз салмақ дәрежелерінің жүлделері сарапқа салынды. Біздің жанкүйерлер 74 килодағы балуандардың бәсекесін тағатсыздана күтті. Өйткені ел намысын қорғаған балуандардың барлығының да атағы алысқа жайылған еді. Олар – Нұрқожа Қайпанов, Данияр Қайсанов және Дархан Есенғали. Алғашқы екеуі әлем чемпионаттарында жүлде алып, Азияның екі дүркін чемпионы атанған апайтөстер. Дархан биыл Астанада шымылдығы түрілген сары құрлықтың басты додасында қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ Қайпанов пен Қайсановтың дәуірі өткен секілді. Кезінде екеуі елішілік жарыстарда алдарына жан салмай, бас жүлдені өзара сарапқа салатын. Кейінгі уақытта оларды жалынды жастар ығыстыра бастады. Бішкектегі бәсекенің екінші кезеңінде Нұрқожа тәжікстандық Магомед Еволовқа есе жіберсе, Данияр моңғолиялық Сумиябазар Занбанбудқа жол берді. Ал Дархан Әзербайжанның өкілі Хаджимурат Гаджиевтен жеңілді. Сөйтіп, барлығы да елге құралақан оралды.
Жерлестерімізге бұл жарыста бес жүлде бұйырды. Бірақ балуандардың ешқайсысы алтын тұғырға көтеріле алмады. Ең үздік көрсеткішке Талғат Сырбаз қол жеткізді. 70 кило салмақта сынға түскен ол грузиялық Георгий Элбакидзе мен қырғызстандық Ерназар Акматалиевтен айласын асырғанымен, финалда тағы бір жергілікті спортшы Орозбек Токтомамбетовтен бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңілді. Нәтижесінде, Талғат күміс медаль иеленді.
Қырғызстанның астанасында біз Азамат Дәулетбековке айрықша сенім арттық. 86 кило салмақта күрескен ол Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері польшалық Себастьян Езежаньски мен Әлем кубогі мен құрлық біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілген түркиялық Осман Гёченнен басым түсіп, жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері әзербайжандық Абубакр Абакаровпен аянбай айқасты. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана ұпай шешті. Үшінші орын үшін өткен тартыста қандасымыз қырғызстандық Нұртілек Қарыпбаевты қапы қалдырды. Дәулетбековпен қатар, Мейрамбек Қартбай (57 кило) мен Жігер Зәкіров (79 кило) те қола медальді мойындарына ілді.
Жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары көш бастады. Олар 3 алтын, 2 күміс және 4 қоланы олжалады. Одан кейінгі сатыларға Грузия (3+1+1), Бахрейн (2+1+0), Әзербайжан (1+2+1), Моңғолия (1+1+0), Қазақстан мен Қытай (0+1+4), Өзбекстан (0+1+2) және Түркия мен Тәжікстан (0+0+2) құрамалары жайғасты. Күрестің үш түрін қосқанда жерлестеріміз аталған рейтингтік жарыста 13 (3+3+7) жүлдеге иелік етті.