Сауда • 06 Маусым, 2023

Қытаймен саудасы қызған Жетісу

892 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жетісу мен Қытай Халық Республикасының Іле Қазақ автономиялық облыстары ара­сындағы достық және сауда-экономикалық қарым-қатынас жандана түспек. Осы жө­нінде екі тарап өзара келісімге келді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған делегация жұмыс сапарымен ҚХР-ға барып, осындай игілікті бастамаға қол жеткізді.

Қытаймен саудасы қызған Жетісу

Бұл сапардың бұрынғы сапардан жөні де, жолы да бөлек. Олай дейтініміз, экономикалық қуаты жоғары көршімізбен ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибе алмасуға мүмкіндік тумақ. Оған осы кездесуде қолға алған жобалар дәлел. Әуелі Жетісудан аттанған делегация Қорғас қала­сын­дағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды аралап, компаниялардың жұмысымен танысты. Әрі инвес­тициялық мүмкіндіктерін бағамдап, әріптестік байланыс орнату аясында келіссөздер жүргізді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қорғас 5G» – Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр авто­номиялық ауданындағы ең ірі және бірегей интел­лектуалды-логистикалық порт. Жоба 2021 жылы іске қосылған. Жалпы, құйылған инвестиция көлемі – 300 млн юань, яғни, 2 млрд теңге шамасында. Аумағы 50 мың шаршы метрден асатын портта негізінен тауар қоймалары мен дүкендер орналасқан. Бұл жерден Қазақстанның «Нұр жолы» өткізу бекеті арқылы ауыл шаруашылығы тауарлары мен техникалары және электромобильдер бірқатар Азия елдеріне жөнелтілуде. Оған қоса жылына 100 мың тоннаға дейін ет өнімдерін импорттайды.

Сондай-ақ Қорғаста «Jinyi International Trade» компаниясының 20 мың тонналық қоймасы орналасқан. 270-тей адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністерді Қазақстан, Ресей және Өзбекстан секілді 5 мемлекетке экспорттайды. Осы ретте облыс әкімі Бейбіт Исабаев компания басшылығына «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА аумағында қойма салу туралы ұсыныс айтты:

«Егер біздегі арнайы экономикалық аймақта осы секілді қойма алаңын салуға ниет білдірсеңіздер, біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз. Жеміс-жидек пен көкөністі тасымалдау жағы да ыңғайлы», деді Бейбіт Исабаев. Өз кезегінде компания басшысы Ю Ченчжун ұсынысты қабыл алатынын жеткізді.

Делегация өкілдері электрондық тауарлар шыға­ратын кәсіпорында да болды. Кәсіпорынды аралап көрген өңір басшысы чип өндірісіне қолданылатын кремний Жетісу облысында да бар екенін және қажет болған жағдайда экспорттауға болатынын айтты. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев дәл осындай технологиямен Жетісу облысында жылыжай кешенін салу туралы ұсыныс білдірді. Автомобиль және теміржол қатынасы арқылы Қазақстанның шығыс бөлігіндегі жалпы саны 6-7 млн халқы бар 5 бірдей аймақты көкөніспен қамтуға болады.

Қытайға жұмыс сапары кезінде Жетісу облысы­ның делегациясы Қорғас қаласында көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы байланыс жөнінде кез­десу өткізді. Кездесу барысында Қазақстандағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА басқару компаниясы» АҚ, «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» ЖШС және Қытай Халық Республикасының «Халықаралық Шекара маңы ынтымақтастығы орта­лығы» ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.

Бұл маңызды кездесу ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Жетісу облысы арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа тың серпін бермек. Жетісу облысының 563 шақырымы Қытаймен шектеседі. Өңірдің транзиттік әлеуеті де зор, өйткені Қытайдан Еуропаға жүктерді 11 күнде жеткізуге мүмкіндік беретін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомобиль жол дәлізі Жетісу арқылы өтеді. Ал «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан ТМД елдері мен Еуропаға дейінгі маңызды маршруттардың тоғысында, географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан. Сондықтан Қытай тарапы өңірмен байланысты арттыруға мүдделі екенін білдірді.

«Іле облысы мен Жетісу облысы арасында үнемі жүзеге асатын механизмдерді іске қоссақ дейміз. Екі тарап бірлесіп, арнайы жұмыс тобын құрсақ, жұмысымыз да жеңілдей түсер еді», деді ҚХР ҚКП хатшысы Хао Цзяньминь.

Өз кезегінде сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін және өңір тарапынан қажетті қолдаудың барлығы көрсетілетінін жеткізді. Инвесторлар үшін әкімшілік және экономикалық тұрғыдан қолайлы жағдайлар жасалатынын атап өтті:

«Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының эко­номикасы соңғы 15 жылда айтарлықтай өскенін көрдік. Сондықтан Іле облысы мен Жетісу облысы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастыруды біз де қолдаймыз. Шекарадан өтетін жүк көлік санын арттыруға да, кедендік рәсімдерді реттеуге де күш саламыз. Бұл жұмыстардың ілгерілеуіне бірлескен арнайы жұмыс тобы ықпал ететін болады», деді Б.Исабаев.

 Сондай-ақ ол аймаққа 5 стратегиялық бағыт бойынша инвестиция тарту жұмыстары жүргізі­ліп жатқанын да тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, бұл қатарда агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және логистика, туризм, өнеркәсіп, оның ішінде жер қой­науын пайдалануды дамыту салалары бар.

Кездесу соңында Қазақстан-Қытай халықара­лық өнеркәсіптік қаласы мен сауда-логистикалық арнайы экономикалық аймақтары арасында үшжақты ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 Үшінші күні облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған жетісулық делегация Қытайдың Сямынь қаласына барған сапарында «Бір белдеу – бір бағыт» жобасы аясында өткен сауда, экономика және инвестиция жөніндегі семинарға қатысып, қос тарап өңірлерінің сауда-саттық және экономикалық байланыстағы мүмкіндіктері таныстырылды.

Екі жақты жүздесу барысында 5 миллионнан аса халқы бар Сямынь шаһары – әлемдегі ең ірі теңіз порттарының бірі. Ондағы жылдық контейнер айналымы – 12,4 млн контейнер. Сондықтан бұл аймақ Оңтүстік Қытайдың маңызды логистикалық хабы саналады. Осы орайда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту жөнінде осы өңірмен тәжірибе алмасудың Жетісу өңірі үшін маңызы зор болмақ.

«Біз сіздермен бірге екі жақты байланыс орнатып, Сямынь қаласынан Жетісу облысына инвестиция тарту мәселесімен келдік. Ең басты мақсатымыз – «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында салынатын «Қа­зақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласының» жобасын талқылап, соны жүзеге асыру. Пандемияға байланысты ол біраз тоқтап қалған болатын. Қытай тарапымен бірлесе отырып, осы жобаны жандандыру жөнінде меморандумдарға қол қойдық. Арнайы экономикалық аймақтағы 1000 га жерде құрылыстың алғашқы кезеңін жыл соңына дейін ­бастау жоспарланып отыр», деді Б.Исабаев.

Негізінен «Қазақстан-Қытай халықаралық өнер­кә­сіп қаласы» жобасына қатысушы компаниялардың ­көбі осы Сямынь қаласында орналасқан. Сондықтан ­сауда, экономика және инвестиция жөнінде өткен семи­нарға 10-нан астам іргелі компания өкілдері қатысты.

Солардың ішінде жетісулық делегацияның өз сапары барысында ат басын бұрған нысандардың бірі Қытайдағы ең ірі ITG логистикалық компаниясы да бар. Компания Сямынь қаласындағы кен рудасы мен түрлі түсті металдарды, каучук, қағаз және мақта өнімдерін, ауыл шаруашылығы тауарларын импорттап, ішкі нарықты қажетті шикізатпен қамтамасыз етуде. Экспорт және импорт айналымы бойынша жылдық табысы 600 млрд юань, яғни, 40 трлн теңге. Forbes рейтингісінде әлемдегі ең мықты 2000 компанияның қатарына кірген. Дүние жүзінің 10-нан аса мемлекетімен байланыс орнатқан. Осы ретте облыс әкімі шикізатты алыс шетелдерден тасығаннан гөрі, Қытайға іргелес жатқан Жетісу облысынан жеткізу әлдеқайда тиімді екенін, қажетті кен ресурсы да жеткілікті екенін атап өтті. Өз кезегінде компания бас­шылығы қызығушылық танытып, алдағы уақытта Қазақстанға барып қайтатындарын жеткізді.

Жетісу облысының әлеуетімен танысқан олар отандық делегацияға өздерінің инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде айтып берді. Мәселен, «Chengdu Keerun Investment» компаниясы ауыл шаруашылығы өнімдері мен түрлі-түсті металл өндірісі саласында тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Шілде айында Қазақстанға арнайы баруды жоспарлап отыр. Ал «Xiamen Municipal Envioronmental» болса, өндірістік және медициналық, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге әзір екендерін жеткізді. Бұл ретте облыс әкімі өңірде жылына 130-140 мың тоннаға дейін қоқыс шығарылатынын, оның жартысынан көбін қайта өңдеуге болатынын алға тартты. Егер өңірге жұмыс істеуге келетін болса, ризашылықпен қолдайтынын атап өтті. Шара барысында осы секілді әрбір компанияға тиімді ұсыныстар айтылды.

Семинар соңында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «Қазақстан-Қытай өнеркәсіп қаласы» жобасына қатысуға ниетті 3 компаниямен «Дачжуо» ЖШС меморандум жасасты. Олар – Солтүстік-Қытай электроэнергектиканы жобалау институтының консалтингтік тобы, «Chengdu Keerun Investment» және «Shenzhen Eternal Asia Logistic» компаниялары.

Болашақ логистикалық технопаркте жаңа өнді­рістер, дамыған инфрақұрылым, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, сауда-ойын-сауық объектілері, фудкорттар және т.б. нысандар болады, яғни жаңа жұмыс орындары ашылады, заманауи технологиялар қолданысы кеңейеді.

 

Жетісу облысы