Елорда • 06 Маусым, 2023

Астананы алаңдатқан 38 мәселе

2191 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елорда – елдігіміздің айнасы. Астанамыз гүлденсе, ол еліміздің де сындарлы дамуына серпін бермек. Ал қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етпей, жан-жақты дамыған, төрт құбыласы тең мегаполис қалыптастыру мүмкін емес. Осыған орай өткен жұма күні Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен және елорда активімен кездесуінде бас қаланың қоғамдық қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелері кеңінен талқыға салынды. Айта кетейік, бұл – полиция мен әкімдіктің осындай форматтағы алғашқы кездесуі.

Астананы алаңдатқан 38 мәселе

Елордада қылмыс 17%-ға төмендеді

Басқосу барысында тараптар Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасын талқылады. Құжат елордамызда қылмыс деңгейін азайтып, елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. ІІМ басшысы Марат Ахметжанов Астананың бүкіл еліміз, тіпті шетелдіктер үшін «тартылыс магниті» екенін атап өтті. Мұнда барлық мемлекеттік, жоғары оқу орындары, мәдени нысандар шоғырланған. Елордаға күн сайын мыңдаған отандасымыз бен шетел азаматы келеді. Бұл жағдай қаланың инфрақұрылымы мен қауіпсіздігі әлемнің жетекші астаналарының деңгейіне сәйкес келуін талап етеді.

– Астананың келбеті мен жағдайына қарап, шетелдік қонақтар біздің республика туралы тұтас ой түйеді. Сондықтан елордамыз Лондон, Токио, Сеул сияқты әлемдік астаналардың деңгейіне сәйкес келуге тиіс. Мұнда барлық заңдар жұмыс істеуі керек. Оған толық мүмкіндіктер бар, – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, полицияның тәулік бойы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуінің арқасында елдегі қылмыс деңгейі – 16, ал Астанада 17 пайызға төмендеген. Оның ішінде кісі өлтіру – 51, зорлау – 37, қарақшылық – 36, тонау – 16, бұзақылық – 47, ұрлық 28 пайызға азайған. Дегенмен, елордада 10 мың адамға шаққанда қылмыс саны – 127. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш.

– Алайда бұл тек салдармен күресу. Қыл­мысқа көптеген фактор әсер етеді. Атап айтқанда, әлеуметтік, экономи­калық көші-қон және басқа да себептер. Сондықтан оған ықпал ететін жағ­дайларды жою бойынша барлық мемле­кеттік органдар мен жұртшылықтың жүйелі жұмысы қажет. Дәл осы мәселелер тұжырымдамада қозғалған, оның негізінде 2 негізгі тезис жасалды – алдын алуға қарағанда қылмыстың салдары қымбатқа түседі, ал қылмысты және оған келтірілген зиянды тұрақты түрде азайту үшін бүкіл қоғамның күш-жігері қажет, – деп атап өтті Ішкі істер министрі.

 

Басты бағыттың бірі – «синтетикамен» күрес

Елорда активінің алдында Марат Ахметжанов аталған тұжырымдама негізінде дайындалған Астана проблемалар картасын таныстырды. Карта негізгі 7 топтан және халық үшін өзекті проблемаларды шешуге бағытталған 38 бөліктен тұрады. Атап айтқанда, мас күйде жасалған қылмыс, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, ұрлықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі және т.б. Елордалық тұрғындардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемаларының әрбір тобы бойынша ІІМ ситуациялық-талдау орталығы ұсыныстар әзірлеген.

Марат Ахметжановтың мәлімдеуінше, қылмысқа баратын адамдардың 80 пайызы жұмыссыз, 73 пайызында кәсіптік немесе жоғары білім жоқ, жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың 50 пайызы мас күйінде жасалады. Ал әрбір екінші қылмыскер елордаға сырттан келген.

ІІМ әзірлеген картада жиі тіркелетін құқық бұзушылықтарды азайту бойынша ұсыныстар әзірленген. Сондай-ақ айрықша атап өтетін жайт – есірткі қылмыстары, әсіресе «синтетикамен» күрес. Сала бас­шысының айтуынша, соңғы 5 жылда ресми есеп бойынша синтетикалық есірткі заттарын тұтынушылар саны бес есеге өсті. Биылдың өзінде полиция 18 есірткі зертханасын анықтап, көзін жойды. Мәселен, осы жылы Алматы облысында 3 есірткі зертханасын ашқан 10 шетелдік азамат ұсталды. Бұдан өзге де сананы улайтын заттарды дайындаумен айналысқан «ұяшықтарды» жабудың арқасында бір ғана Алматының өзінде құны 200 млрд теңгеден асатын синтетикалық есірткінің бірреттік 20 млн дозасы айналымға жіберілмеді. Сонымен қатар 1210 есірткі сайты бұғатталған.

– Ал Астанада есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар саны 39%-ға өскені анықталды. 71,7 кг есірткі тәркіленді. Олардың ішінде 13 кг синтетика бар. Бұл – 39 мың бірреттік доза. Олардың «көлеңкелі» нарықтағы бағасы 260 млн теңгені құрайды. Шын мәнінде, бұл – айсбергтің шыңы ғана. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін әлі талай жұмыс істелуі керек, – дейді Марат Ахметжанов.

 

Ақаулы көлік – артық жүктеме

Картаның тағы бір ерекшелігі – поли­цияның функцияларын күшейту арқылы шешілетін мәселелер қарастырылған. Алайда бұл проблемалардың әлеуметтік немесе экономикалық тұрғыдан қарас­ты­рылатын себептері де бар. Мәселен, соның бірі – көліктерді техникалық қарау орталықтарының жұмысы. Айталық, елордадағы 26 орталық биыл 34 мыңнан астам көлікті тексеріп, оларға «бәрі талапқа сай» деп қорытынды берген. Бар болғаны 67 ақаулы көлікті «анықтаған». Ал қаладағы көліктердің жартысынан астамы кемінде 10 жыл бұрын шығарылғанын ескерсек, 67 көліктен ғана ақау шығуы мүмкін бе?

ІІМ басшысының айтуынша, бұл полицияға үлкен жүктеме түсіріп отыр. Тәртіп сақшылары Астана көшелерінен 4 мыңнан астам ақауы бар көлікті анықтаған. Марат Ахметжанов бұл мәселені уәкі­летті органның, қоғамдық және басқа да ұйымдардың алдында көтеру қажеттігін атап өтті. Өйткені бір жері дұрыс жұмыс істе­мейтін көлікпен көшеде жүру қала тұрғын­дарының қауіпсіздігіне, экология­ға кері әсерін тигізеді. Жол-көлік оқиға­ларының болуына да себепші.

 

Алкоголь – қылмыстың негізгі себептерінің бірі

Астана қаласының активімен кездесу барысында Ішкі істер министрі алкогольмен байланысты қылмыстар статистикасымен бөлісті. Оның айтуынша, жалпы елдегі мас күйде жасалатын кісі өлтіру қылмыстарының 70%-ы Астанада орын алады екен! Одан бөлек, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2/3 бөлігі, әрбір екінші зорлау және үшінші бұзақылық – елорданың еншісінде. Өткен жылы Астанада мас қылмыскерлердің қолынан 18 адам қаза тапты. Мұндай қылмыстардың себептері де көп.

– Елордада адамның мастығын куә­ландыру бойынша бір ғана пункт жұмыс істейді. Ол жерде 3 сарапшыдан тұратын бір ғана кабинет бар. Күніне оған 50-70 адам жеткізіледі. Пункттің жүктемесі өте көп. Салдарынан патрульдік жасақтар құқықтық тәртіпті күзетудің орнына 1 құқық бұзушыны тексеруге 2 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Сондықтан қаланың басқа бөліктерінен де осындай пункттер ашу қажет, – деді ІІМ басшысы.

Министр медициналық айықтыр­ғыштарды ұлғайту қажет екенін атап өтті. Қалада тек 20 орындық айықтырғыштар бар және бұл «ішкіштері» жетіп-артылып жатқан мегаполис үшін өте аз. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам адам сол орындарға түнеп шыққан.

– Маскүнемдікті емдеу тәсілдерін қайта қарау қажет. Қалада 50 орындық мамандандырылған емдеу-сауықтыру мекемесі жұмыс істейді. Алайда жыл басынан бері соттар тек 29 адамды мәжбүрлеп емдеуге жіберген. Бұл елдегі барлық осындай шешімдердің 2 пайызын ғана құрайды. Елордада 2 мың адам есепте тұрғанын ескерсек, бұл өте аз. Учаскелік комиссиялардың жұмысы жеткіліксіз. Сонымен қатар емдеудің әсері де жоқ. Отбасылық жанжалқойлар емдеу орындарында бірнеше рет жатып шықса да, кейін ішуді жалғастырады, – деп атап өтті министр.

 

Интернет алаяқтық көбейген

Ішкі істер министрі астаналық әкімдік активімен кездесуде интернет алаяқтық қылмыстарының көбейіп кеткенін айтты. Соңғы 5 жылда олардың саны 10 есе өскен. Биылдың өзінде 7800-ден астам осындай қылмыс тіркеліп үлгерді.

– Бұл қала тұрғындарының онлайн сервистер мен банк қызметтерін белсенді пайдалануына байланысты болып отыр. Олардың цифрлық сауаты төмен екендігін қылмыскерлер жақсы біледі. Қазіргі киберқылмыстар шекараға бағынбайды және айла-тәсілдері үнемі өзгеріп отырады. Алаяқтар шетелден қоңырау шалып, ауыспалы абоненттік нөмірлерді пайдаланады. Сондықтан байланыс операторлары тарапынан техникалық тосқауыл қойылды, – дейді ол.

Қазіргі күні елордада Киберпол құрылып, заманауи құрылғылармен жабдық­­талып, оларға интернеттегі қыл­мыстарды ашу мен тергеудің жаңа міндеттері жүктелген. Министрдің айтуынша, бүгінде интернет алаяқтығы бо­­йынша азаматтардың өтініштері «бірыңғай терезе» қағидаты бо­йынша қабылданады. Нәтижелері бар. Тек 5 айдың ішінде Есіл ауданы бойынша 864 өтініш түссе, оның 308-і ашылды. Астана мен Қостанайда көлік ұтысы бойынша Сall-орталық ұйымдастырған қылмыстық топтың 18 мүшесі ұсталды. Олар 80 азаматты алдап, 90 млн теңгені қалтаға басып үлгерген.

– Бұл қылмыстарды ұйымдас­тыру­шылардың көпшілігі шетелде. Сондықтан біз шетелдік әріптестермен қарым-қаты­нас жасаймыз. Жуырда Еуропа Кеңесінің ком­пьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына қосылуымыз керек. Бұл 66 елдің құқық қорғау органдарымен және интернет-провайдерлерімен жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, – деді ІІМ басшысы.

 

Ұрлық – жиі тіркелетін қылмыс

Министрдің айтуынша, елордадағы барлық қылмыстардың 1/3 бөлігі – ұрлық. Әрбір 5-ұрлық сауда нүктелерінде жасалады. Ал жеке адамдардың мүлкі көбіне жалға берілетін пәтерлерден және жеке сектордағы жатақханалардан қолды болады екен.

Сондай-ақ ІІМ-нің Астана проблема­лары­ның картасында «резеңке» пәтерлер, тұрғын үй-жайларды бақылаусыз тапсыру, стихиялық қоқыс тастайтын орын­дар, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру секілді мәселелер қарастырылған. Марат Ах­метжанов Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке елордамыздың негізгі проб­лемаларын шешу жолдарын ұсына келе, ІІМ тарапынан жасалған карта уақытша «науқандық» құжат болмауы керектігін атап өтті.

– Жалпы, картаға халық үшін өзекті болып отырған 38-ге жуық проблема енгізілді. Бұл тек алғашқы қадам. Оны іске асыру бойынша жоспар құру керек. Өлшемдерді, есептілік кестесін қарастыру қажет. Бұл жай ғана «науқандық» құжат болмауға тиіс. Бұл жобаға полиция департаменті ғана емес, ІІМ де қатысады, – деді министр.