Парижде ұйымдастырылған ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісі басқарушы тобының отырысы мен Ғаламдық сыбайлас жемқорлықпен күрес форумында еліміз мониторингтің төрт кезеңінен сәтті өтіп, ЭЫДҰ сарапшылары бекіткен ұсынымдардың басым бөлігін орындады. Енді шетелдік лауазымды тұлғалардың пара алуына қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу жоспарланып отыр.
ЭЫДҰ-ның барлық ұсынымдарын орындау арқылы еліміз таяу жылдары дамыған елдердің клубына мүшелікке үміткер бола алады. Болашақта бұл ЭЫДҰ елдерімен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олардың заңсыз мүліктерін қайтару мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дмитрий Малаховтың басшылығымен Қазақстан делегациясы жемқорлыққа қарсы тиімді күреске бағытталған соңғы өзгерістерді ұсынды. Атап айтқанда, бірінші басшылардың қарамағындағылар үшін дербес жауапкершілігі, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьялардың сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілікті арттыру, заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды кешенді қорғау шаралары сияқты нормалар мен заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес қатаңдату туралы сөз болды.