Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі өткізген операцияның нәтижесінде бітелген тамырдан айналып өтіп, ми артериясындағы қан ағысын қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Дәрігер самайүсті мен мидың орта тамырының арасына анастомоз қояды. Мұндай операция май түйіншектің пайда болуы салдарынан ми артериясы тесігінің симптомдық бітелуі байқалатын науқастарға жасалады. Асқан шеберлікпен жасалатын операция тек қана микроскоп астында жүреді, өйткені тамырдың диаметрі 0,1-0,15 см-ден аспайды, осы майда тамырды 10-12 жерден тігу керек. Ендігі жерде Марат Саршаевтың шеберлік дәрісінің нәтижесінде өңірде осындай операция жасау жолға қойылмақ.
Сонымен қатар Атырауда алғаш рет тізе мен жамбас буынын ауыстыру операциясы да жасалды. Бұл операцияны атқарған ОКА травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев айтуынша, әзірге Атырауда осы операцияны жасайтын мамандар мен қажетті жабдық жоқ.
«Буын ауыстыру операциясы бізде 15 жылдан бері жасалып жатыр. Атырауда да мұндай операцияны жасатуды күтіп жүрген кісілердің қатары бар. Технология дамыған қазіргі заманда сынған сүйек пен тізені емдеу бұрынғыдай қиын емес. Израильдегі мамандар тіпті, сүйек пен бұлшықетті қолдан өсіруді үйренген, яғни сүйек пен бұлшықетті толықтай жасандыларымен алмастыратын күн де жақындап келеді. Біз де осы үдерістен қалмай, үйреніп, тәжірибеге енгізіп отырмыз», дейді мамандар.
Әр аймақта өткізіле бастаған Медицина орталығы күндері озық медицина жетістіктерін баршаға қолжетімді ету мақсатында ұйымдастырылып жүр. Ал Атырауға «Совмин» ауруханасының өзінен травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев, гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Әлиева, онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия Хорошаш, ақылы медициналық қызметтер бөлімшесінің меңгерушісі Дилярам Разиева, нейрохирург Дәулет Сүйембетов, невролог Ақерке Тәуірбекова, гастроэнтеролог Ләззат Қазанбаева аттанған еді. Осылайша алматылық мамандар Атырауда тізе буыны артроскопиясы мен эндопротездеу, жатыр мен жатыр айналасына лапороскопиялық араласу, экстраинтракраниалды микротамырлық анастомоз, лапароскопиялық адреналэктомия операцияларын жасап, пациенттерге кеңес беріп, әріптестері арасында шеберлік дәрістерін жүргізді.