Еңбек • 06 Маусым, 2023

Талап еңбек қатынасына ғана негізделуге тиіс

656 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Парламент депутаттары Еңбек кодексіне енгізі­летін түзетулерді талқыла­мақ­шы. Соның ең негізгісі – ең­бек дауларын шешуде жұмыс беруші, кәсіподақ ұйымы мен мемлекеттік орган өкілдерінен құралған үшжақты комиссия жұмысын заңнамалық тұрғыдан реттеу және келісім комиссиясы туралы өзгерістер.

Талап еңбек қатынасына ғана негізделуге тиіс

Алдағы уақытта жұмыс беруші ең­бек­керді ұжымның келісім комис­сия­сы­ның шешімінсіз жұмыстан шығара алмайды. Әрбір еңбек ұжымында құ­ры­латын келісім комиссиясының құ­ра­мына бастауыш кәсіподақ ұйымы мү­шелері және жұмыс берушінің өкіл­де­рі кіреді. Олай етпеген жағ­дайда ком­пания басшысының басы дауға қалады. Бұл жөнінде Кәсіп­одақтар федерациясы төрағасы Са­тыбалды Дәулеталиннің Ақтөбе облысындағы бір­неше өндірістік ұйымның кәсіподақ мүшелерімен кездесуінде айтылды.

«Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» ЖШС ғима­ра­тында өткен кездесуде өңірдегі ең­бек нарығында қалыптасқан ахуал сөз болды. Осы мекеменің бастауыш кә­сіподақ ұйымы – өңірдегі тау-кен және мұнай компаниялары арасындағы жұмыскер мүддесін табандылықпен қорғап келе жатқан ең үздік құрылым. Ұйым төрағасы Бекболат Омаров өздері ұсынған жаңа ұжымдық еңбек шартына ЖШС басшылығы қол қоймай жатқанын мәлімдеді.

«Біздің бастауыш кәсіподақ ұйымы әзірлеген ұжымдық шартта Еңбек кодексінің 156-бабына сәйкес ұжым мүшелерінің бар­лық еңбекақы тарифі мен оны төлеу шарты, қалыпты еңбек жағ­да­йында және зиянды жұ­мыс­тар бойынша төлемдер коэффициенті көрсетілген. Алайда бас директор жаңа еңбек шартын қабылдағысы келмейді», дейді үздік кәсіподақ жетек­шісі.

Сондай-ақ Б.Омаров әлеу­меттік әріп­тест­ік пен еңбек қа­ты­настарын реттеу мақса­тын­­да құрылған өңірлік үш­жақ­ты комиссия отырысына өзін қатыс­тырмай жүргеніне наразы. Әдетте әлеуметтік әріп­тес­тік мә­се­лелерін шешу үшін құ­ры­ла­тын осы комиссия құрамына мем­лекеттік орган өкілдері, кә­сіп­одақ ұйымы және жұмыс бе­ру­ші тарап кіреді.

500 адам еңбек ететін «Ұлы қа­бырға» Қазақстан-Қы­тай бұр­ғылау компаниясы» ЖШС бас акционер – «СНПС-Ақтө­бе­мұнайгаз» АҚ-дан мұнай ұң­ғы­ларын бұрғылауға тапсы­рыстар алады. 23 жылдан бері осы серіктестік 800 ұңғы бұр­ғы­лау қызметін көрсеткен. Ком­па­нияның соңғы жылдық табысы 5 млрд теңге болған. Қазіргі уақытта тапсырыс көлемі екі есе қысқарғандықтан, жұмыс көлемі де екі есе азайды. Өйткені бұрын жылына 10 ұңғы бұрғылайтын серіктестікке биыл 4 ұңғы бұрғы­лау­ға ғана тапсырыс түскен. Ал сервистік компанияның қа­­лыпты жұмыс істеуіне 18 ұң­ғы керек. Бірақ бұл қазіргі уа­қытта мүмкін емес. Жұмыс кө­ле­­мінің азаюына байланыс­ты жұ­мыс берушінің еңбекақыны көтеруі мен басқа да әлеуметтік мін­деттемелерді орындауы қиын­­дады. Де­генмен жұмыс көле­мі азайса да, кә­сіпорын бас­шы­лығы еңбеккерлерді қыс­­қартуға жібермей отыр. Осы ме­ке­менің қабылданбай жат­қан жаңа ұжым­дық шартында еңбекақыны индекс­теу, жұмыс­шы­ларды техника қауіпсіздігі ережелеріне оқыту, ең төменгі күн­көріс көлемін есепке ала отырып, зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге төле­не­тін өтемақы коэффициентін екі есе өсіру қарастырылған. Алайда зиянды өндірісте жұмыс істейтін 1-са­нат­тағы жұмысшыға төле­не­тін өте­мақыға қатысты компания бас­шылығы мен кәсіподақ арасында келіспеушілік туындады.

Осы жылы еліміздегі ірі компа­ниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы әлеуметтік әріптес­тік­ті сақтау бойынша көп­те­ген ай­мақ­тық келісім аяқ­та­лып, орнына жаңа келісімдер жасалады. Алай­да өңірлік үш­жақ­ты комиссия оты­рыс­­тары­на еңбеккерлердің талабын қоя білетін белсенді кәсіподақ же­тек­­шілері қатыстырылмай жүр. Са­ты­балды Дәулеталин: «Был­тыр ай­мақтық келісім­дер­ді жүр­гізу бойын­ша тиянақты жұ­мыс­ жүргіздік. Әри­не, бұл жер­де сұрақ өте көп. Біз әлеу­­мет­тік серіктестік туралы ай­мақ­т­ық келісімдердің үшжақ­ты ко­­миссия шеңберінде әзір­лен­ге­­нін қалаймыз. Осы мәселеге бай­ланыс­ты аумақтық кәсіподақ орталығы белсенділік танытқаны дұрыс. Өкі­ніш­ке қарай, табысты арттыруға деген кез келген бастама жұмыс бе­руші та­ра­пынан қатты қарсылыққа ұшы­­­райды. Осы жылы ел Үкі­ме­ті, жұ­мыс берушілердің республикалық бір­лес­тік­тері және кәсіподақтардың рес­пуб­ли­калық бірлестіктері арасында, яғни әлеуметтік әріптестер арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің мерзімі аяқталады. Бас келісім республика деңгейінде іске асырылатын негізгі шараларды қамтыса, салалық келісім бас келісімде қам­тылған мәселелерді одан әрі жетілдіре түсуі қажет. Осы жер­де Бас келісім мен салалық келі­сім нормалары басшылыққа алын­ған ұжымдық шартты бекіту оңай­ырақ болатынын айтып кеткім келеді. Кәсіподақтар федерация­сы барлық ұжымдық шартта бірдей көрсетілуге тиіс негіз­гі нор­маларды да­йын­­дап жатыр. Алдағы уақытта баста­уыш кәсіп­одақ ұйымдары осы нормаларды назарға алады», деді.

Кездесуде кәсіподақ ұйым­да­ры төңірегінде қалып­тас­­қан жағымсыз ахуалдар да талқыланды. Мәселен, ең­бек­­кер­дің мүддесін қорғайтын тә­уел­сіз ұйым – кәсіподақтар қыз­метіне еш­кім араласпауға тиіс болса да, жұмыс беру­шінің өзіне қарсы шыққан кәсіподақ ұйымы төрағасын алып тастап, орнына өз адамын қоюы немесе ұйымды таратып, басқа құрам­мен жасақтауы жиі орын алып жүр. Отандық және шетел­дік мамандар арасындағы ең­бек­ақы айырмашылығы – күрделі сұ­рақтардың бірі. Алайда еңбек нарығы жылдам өзгеріп жат­қан кезеңде мамандар кәсіби бі­ліктілігін жетілдіріп отыруы қажет. Қазіргі уақытта дамыған ел­дерде маманның жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломына қарағанда, оның кәсіби біліктілігі мен еңбек дағдысы ерекше бағаланады. Сондықтан кәсіп­одақ­тар қызметкерлердің білі­мін жетілдіруін назардан тыс қалдыруға болмайды. Еліміздің ірі кәсіпорындарындағы топ-ме­нед­жмент пен қарапайым жұ­­мыскерлердің еңбекақы айыр­­машы­лығы да әлеуметтік нара­зылыққа себеп болып жатыр. Осы мәселеге байланысты Кәсіп­одақтар федерациясы ең төменгі жалақы алатындар мен топ-ме­нед­жмент арасындағы еңбекақы айырмашылығын он еседен артық ұлғайтпау жөнінде Еңбек кодексіне өзгерістер ұсынбақшы. Себебі мұндай шешімдер ха­лық­аралық тәжірибеде жиі кез­де­седі. Мәселен, Жапонияда кәсіп­орын­ның жағдайы қиын­даса, ең алдымен басшылықтың жа­ла­­қы­сы қысқартылады.

Жұмыс көлеміне байланыс­ты сұрақ­тар жиі-жиі көтеріліп жүр. Елімізде мұнай өндіру көлемі азайған қазіргі уақытта жұмыс көлемін кө­бей­туді қайта-қайта талап етуші­лер жиіледі. Өкініштісі, мұнай сала­сындағы өндіріс кө­л­е­мінен қағылған кейбір жұ­мыс берушілер кәсіп­одақ пен ең­беккерлерді жеке мүддесі үшін пайдалануды әдетке айнал­дыр­ды. Кәсіподақ федерация­сы төрағасының пайымдауын­ша, тасадағы ойыншылар еңбек­ақы мәселесімен ереуілге шық­қан жұмысшыларға өз мәсе­ле­лерін айт­қызады. Сол се­беп­ті еңбек адамын жұ­мыс беру­ші­лердің өзара ойындарына ­ара­лас­тыруға болмайды. Өйткені еңбеккердің әуел бас­тағы талабы еңбек қатынастарына ғана негізделген болатын. Осы ретте кәсіподақ ұйымы жалақы кө­л­емі, еңбек жағдайы және ең­­бек қауіпсіздігі төңірегіндегі сұрақ­тар­дың жауабын құзыретті органдармен бірге іздеуі қажет. Кәсіподақтардың негізгі міндеті – жұмыскердің еңбек жағдайын жақ­сарту және туындаған әлеу­мет­тік қай­шылықты шешу жолын көрсету. Осы жағынан ал­ғанда еңбеккер мен жұ­мыс беру­шінің арасында кәсіби еңбек қатынастары әлеуметтік әділет­ті­лік жағдайында ғана мүмкін болады. Кә­сіподақтар федерациясы экономикасы жоғары мемлекеттер мен ТМД елдеріндегі еңбекақы төлеу қорының ішкі жал­пы өнімдегі үлесін зерттеп, осы көрсеткішті 40-45%-ға дейін ұлғай­туды көтеріп отыр.

 

Ақтөбе облысы