Бірақ «қу бас домалайтын» тойшыл ағайынға бұл да тұсау бола алмай тұрған сыңайлы. Пандемия уағында сәл тұралаған той бизнесі қазір қайтадан бұрынғы соқпағына қайта түсті. Сақтыққа үйреткен сол күндер де бізге сабақ болмаған сияқты. Маска киіп, мейрамханалардың артқы есігінен жасырын кіріп «той тойлатқан» қазақты енді жүгендеп ұстау жосықсыз. Содан ба екен, қазірде сенбі-жексенбі күндері бос тұрған мейрамхана көрмейсің...
Әрине, той-қуаныштың болғанына, реті келсе көбейгеніне не жетсін! Тек діңкелететіні – дарақылық. Көп жағдайда аста-төк шабылыс тек екі жастың қалауы үшін ғана емес, келген қонақтардың қалай көңілін тауып, көз қуаныштарына айналамын деген жалған абырой үшін де жасалынып жататыны белгілі.
Біз қуаныштың үлкені деп жүрген үйлену тойынан бастап, ең кіші той – тілашар мен баланы қырқынан шығарудың да өз «бюджеті» мен шақыратын ортасы болады. Енді осыларға сәл-пәл тоқталып өтсек. Біздегі той-агенттіктері берген мәліметтерге сүйенсек, елде екі жастың үйлену тойына орташа есеппен 200 адамнан бастап қонақ шақырылады деп қарастырылса, тиісінше тілашарға 100-дің о жақ, бұ жағында қонақ жинайды екенбіз. Тойға 500 адам шақырған той иелерінің басым көпшілігі нақты одан аздау мөлшердегі жан басына ас даярлайды екен.
Тойдың өтетін уақытына қарағанда оған дайындалған уақыт ұзағырақ. Ең бірінші тойхана таңдаудан басталатын тынымсыз жүгірістің соңы келесі күні көршілерге берілетін «келін шайдан» кейін ғана аяқталады екен. Артынан құтты болсын айтып үздік-создық келіп жататын бірді-екілі қалып қоятын қонақты есепке алмағанның өзінде.
Алдымен таңдалатын тойхана туралы айта кетсек. Біздегі тойхана залы үш түрге бөлінеді. Олар: үлкен зал – 96-540 адам, орта зал – 72-96 адам және кіші зал 72 адамға дейін. Астана қаласы бойынша тойханаларда ең арзан баға жұмыс күндері 4500 болса, сенбі-жексенбіде үстіне 3000 теңге қосылып, 7500 болады. Оның ішіне: үстел мен орындық безендірілуі, жеке жастарға баннер, тойтабақ, дастарқан мәзірі, әр үстелге даяшылар мен оларды бақылайтын әкімшілік кіреді. Бұл қаражаттан бөлек, ең аз дегенде, 80 мың теңге тойхананың безендірілуіне, яғни кіреберісі мен қонақтар тізімі жазылатын тақталар үшін алынады. Шай жабдықтары мен жеміс-жидектер, жылқы еті сынды үстелге қойылатын тағамдарды той иелері бөлек әкеледі. Әр үстелге таратылатын тойбастар қосылады. Оған салынатын ең арзан зат кемі 150 теңгеден басталады дегеннің өзінде 155 мыңның ар жақ, бер жағы. Тамада – халал той үшін 300 мың және жастар вальсі кезіндегі түрлі шоу бағдарламалар үшін жеке топқа 200 мың көлемінде төленеді. Шаңырақ көтерген екі жастың өмірі туралы фильмдер мен сапалы суреттер түсіруді де назардан тыс қалдырмасақ, бұл жұмыстың құны – 150-200 мың теңге. Ең кіші тойдың торты 2 қабатты десек, оның бағасы 50 мыңнан жоғары. Бәрін қосып әр үстелде 12 орын деп алғанда 30-40 үстел толатын тойға 5-6 миллионнан кем қаражат кетпейтін болып тұр. Тойға түрлі сахна жұлдыздарын шақырса, әрбіріне 1 миллионның үстінде қосылатынын тағы ескеріңіз. Той көйлектері, шаш үлгілері, бет-жүзді әрлеу, құдалық үшін үйді жөндеп-жасқау, айта берсең толып жатыр. Үлкен тойға дейін қыздың «қалың малын» төлеу, «құдалық», болашақ келінге арнап алтын сырға тағу және ата-анасы мен аға-жеңгелеріне «киіт» кигізу деген де ырым-жоралғыларымыз бар. Жалпы, той қызығы мұнымен де таусылмақ емес...
Бүгінгі буынның тілегі: миллиондап кететін қаражатты мүмкіндігінше екі жастың ғана игілігі үшін жұмсайтын күндер туса... Сол арқылы жаңадан құрылған отбасының татулығын күшейткеніміз бәрінен абзалырақ.
Гүлмира Күзембаева,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті