- Аптап ыстықтан қорғанудың негізгі шаралары жайлы айтып берсеңіз.
- Соңғы уақытта күн қатты ысып, ауа температурасы жоғарылай бастады. Осы тұста адамдар ыстықтан қорғанудың негізгі шараларын қаперде ұстағандары жөн.
Денені күн сәулесінен сақтау үшін алдымен арнайы бас киім киген дұрыс. Бұл адамды күн өтуден сақтайды. Сондай-ақ қолшатырды да пайдалануға болады. Күн ыстық болған күндері жеңіл әрі бос, ашық реңкті, табиғи материалдан тігілген киім киген артық етпейді. Себебі қара түсті және синтетикадан жасалған киімдер денеге ыстық тартады.
Жабық бөлмеде отырсаңыз терезелерді ашып, кеңістікті желдетіп отыру қажет. Оған қоса үй ішін ылғалды сүлгімен тазалау керек. Сонымен қатар, таңертең немесе кешкі уақытта душ қабылдаған пайдалы. Бірақ су тым суық болмауы да қажет, бұл дене температурасын бір қалыпта ұстауға ықпал етеді.
- Балалар, жүкті әйелдер мен егде жастағы адамдарға ерекше күтім қажет пе? Олар ыстықтан қалай қорғанады?
- Сіз атаған санаттағы адамдар ыстыққа өте сезімтал болады. Мәселен, балалар мен кішкентай нәрестелер күн ысығанда беймаза болып кетеді. Сондықтан олар ерекше күтімді қажет етеді. Оларға жеңіл әрі табиғи матада тігілген киім кигізу қажет, суды да көп ішкізген жөн. Мұндай кезеңде серуенге шыққанда жылы көрпешесін үйде қалдырып кетсеңіз болады. Тағы бір айта кетерлігі, баланың жөргегін жиі ауыстырып отыру қажет немесе олардан мүлде бас тарқан жөн. Ауа температурасы тым жоғары болса, баламен далада серуендеу қауіпті.
Егде жастағы адамдар да балалар сияқты беймаза болады, оған қоса қан қысымдары да жоғарылауы мүмкін. Сондықтан созылмалы аурулары бар қарт адамдар дәрі-дәрмектерін уақтылы ішулері қажет. Маңызды ақпарат – кез-келген дәріні температурасы 25 градустан жоғары жерде қалдырмау қажет, күн сәулесі түспейтін, қараңғы бөлмеде сақтаған дұрыс.
Жүкті әйелдер де көбірек су ішіп, дәрумендерін уақтылы қабылдап жүргендері абзал.
- Ауасы тар, ыстық бөлмеде талып қалған немесе далада күн өтіп кеткен адамдарға қандай алғашқы көмек көрсетіледі? Күн өтудің қандай белгілері бар?
- Осындай ыстықта күн өту қауіпі өте жоғары. Мұндай жағдайда адам өзін нашар сезініп, басы ауырады. Жалпы, күн өтудің үш деңгейі бар:
Жеңіл – зардап шеккен адамның бойында әлсіздік болып, бас ауырады, жүрегі айниды. Сондай-ақ жүрегі қатты соғып, көз қарашығы ұлғаюы мүмкін.
Орта – адамның аяқ астынан дене қызуы көтеріледі, басы ауырып, жүрегі айниды, басы айналып, құлағы шыңылдайды. Сонымен қатар жүріс-тұрысы бұзылып, көзі қарауытады, есінен танып, мұрнынан қан кетуі де мүмкін.
Ауыр – аяқ астынан асқынады. Зардап шеккен адамның беті ысып, қызарады да, артынша сұрланады. Бет терісі мен шырышты қабықтары сұрғылт-көк түске немесе қою көкке боялады. Бұл қан айналымының бұзылғанын білдіреді. Дене температурасы 41-42 градусқа дейін көтеріледі. Осы күйде зардап шеккен адам галлюцинация көріп, сандырақтауы мүмкін. Есінен танып, тіпті комаға да түсуі мүмкін.
Жеңіл және орта белгілері бар адамды горизонтальді бағытта жатқызып, аяғын көтеріп, денесін және басын суық суға малынған орамалмен орау қажет. Салқын су ішкізіп, бөлмені желдету қажет. Күн өтудің ауыр белгілері байқалған жағдайда, дереу дәрігер көмегіне жүгіну қажет.
- Аптап ыстықта көлік жүргізетін адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Көлік тізгінінде көп уақыт өткізетін жүргізушілерге айтар кеңесім – көлік ішін желдетіп отырыңыздар. Өзіңізбен бірге су алып шығып, күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік тағып жүріңіздер. Сондай-ақ көлікте кондиционер қосып қоюға болады. Бірақ оған машықтанып, суық тигізуден сақ болған жөн.
- Күннің шыжыған ыстығында қаладағы субұрқақтардың маңы адамдарға толы болатынын байқаймыз. Жалпы олар қаншалықты қауіпсіз?
- Субұрқақтардың пайдасы мен зияны да бар. Артықшылықтары жайлы айтатын болсақ, ең алдымен олар ауаны жақсы ылғалдандырады. Субұрқақтың қасында отырған адамның ыстық ауа райында тыныс алуы жеңілдейді. Ал денеге су тамшылары тигенде, адам өзін сергек сезіне алады. Десе де субұрқақтың ең басты кемшілігі – судың лас болуы. Субұрқақтарда су жиналып, ұзақ уақытқа дейін тазаланбайтынын бәріміз білеміз. Ондағы судың құрамында денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіретін түрлі химиялық заттар бар. Сол арқылы әр түрлі инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан субұрқақтың суын ішуге, оларда шомылуға қатаң тыйым салынған. Ата-аналар бүлдіршіндерге бұны дұрыстап түсіндірсе құба-құп болар еді.
- Күн ысыған кезде қандай диета ұстаған дұрыс? Суды қандай мөлшерде ішу қажет?
- Жаз айларында таза су, көкөніс пен жеміс-жидек адамның негізгі тағамдары болуы керек. Күн ыстықта дененің су-тұз теңгерімін бақылауда ұстау қажет. Ыстық ауа райында қантты және газдалған сусындардан бас тартқан абзал. Кофе мөлшерін де тым асырмаған жөн. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктерден де бас тарту қажет, өйткені алкоголь терморегуляцияны бұзады және жүрек-қантамыр жүйесіне шамадан тыс күш түсіреді. Сондай-ақ майлы ет тағамдардан гөрі, күн ыстықта жеңіл сорпа, салаттар мен сүт өнімдерін пайдалануға кеңес беремін.
Жылдың салқын кезеңдеріне қарағанда, жаз айларында су көбірек қажет болады. Дәлірек айтқанда, 1 келіге 30 мл су ішу қажет, яғни 1,5 литрден бастап, 2-3 литрге дейін ішкен пайдалы.
- Ал тәуліктің қай уақытында серуендеген абзал?
Жаз мезгілі, әсіресе маусым-шілде аралығында күндізгі сағат 11:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін күн сәулесінің зиянды әсері ерекше байқалуы мүмкін. Осыған байланысты бұл уақытта серуендемеуге кеңес беремін. Таңның немесе кештің салқынына не жетсін? Отбасыңызбен немесе достарыңызбен дәл осы уақытта табиғат аясына шығып, тынықсаңыз болады.
- Ыстық бөлмеде немесе кеңседе отырып, кондиционер қосып қою қаншалықты қауіпсіз?
- Соңғы уақытта адамдар кондиционерге машықтанып алғаны жасырын емес. Алайда оның жанға жайлы тұстарымен қатар жағымсыз жақтары да барын бірі білсе, екіншісі біле бермейді.
Ең алдымен кондиционермен бірге ауаға вирус тарайтынын айта кеткен орынды. Ол бөлменің ішіндегі ыстық ауаны «жұтып», хладагент арқылы суытады. Хладагентке кірген ыстық ауа буланып, оған газ жіберіліп салқындатылады. Кейде кондиционер маңында су тамшылап тіпті ағып тұрғанын, сарғыш түсті дақ пайда болғанын байқауымыз мүмкін. Бұл – кондиционерге түскен ауаның бірде жылы, бірде суық температурамен үйкеліп конденсацияға ұшырап шыққан түрі. Ең қауіптісі де сол – тоттыққан ауа сыртқа шықпай, конденсат күйінде бөлмеге кіруі мүмкін. Дымқыл ауа аэрозоль түрінде бөлме мен кеңсеге тарап, кейбір вирустардың тірілуіне түрткі болып жатады. Ал дымқыл ауа вирус пен бактерияның тарауына қолайлы орта қалыптастырады.
Сондықтан мұндай жағдайдан аулақ болу үшін кондиционердің барынша заманауи, жаңа түрін қолдануға тырысу қажет. Жаңа кондиционерлерде ультрасәулесі бар фильтр орнатылған. Ол патогенді микробтарды өлтіреді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
«Egemen Qazaqstan»