Екі жылға созылған сот процесінің шешімі бойынша Біртанов шартты түрде бес жылға, оның орынбасары Олжас Әбішев төрт жылға сотталды. Алайда экс-министр тағылған айыппен келіспейді.
Елжан Біртановтың айтуынша, ешқандай қылмыс болған жоқ.
«Негізі қылмыс бойынша сотта екі жаққа да тең мүмкіндік беріп, дәлелдер көрсетілуі қажет. Ең бірінші объективті дәлел – «мемлекетке шығын келтірді» деген айыппен келіспеу. Сол сияқты қылмыстың мотивіне байланысты тергеу органдары мен прокуратура сотта тағылған екі айып бойынша ешқандай дәлел көрсеткен жоқ», деді экс-министр.
Сондай-ақ ол оның орынбасары Олжас Әбішев екеуінің арасында ешқандай мотив болмағанын айтты.
Журналист министрден 1.3 млрд теңге айыппұлды төлеу үшін қанша жыл керек екенін сұрады.
Бұрынғы басшының айтуынша, оның ешқандай активі де, бизнесі де жоқ.
«Наурыз айында қаржы айыбы бойынша шағым жазып, Жоғарғы сотқа бердім. Маған және Олжас Әбішевке белгіленген шектеуден басқа 1,3 млрд теңге өтемақы қайтару туралы шешім шықты. Мұнымен де келіспеймін. Сот бәрін біледі. Менде мұндай ақша жоқ, болған да емес. Мен неге, не үшін қайтарамын?
Бұл ақшаны Хорватияның компаниясы атқарған жұмысына алған. Егер компанияның жұмысына шағым болса, айыппұл өтемақысын неге Хорватияға салмайды? Неге мамандарын шақырып, қайта жасатпайды? Сол жағы мүлдем түсініксіз. Жай қарапайым адамға қалай 3 млн доллар айыппұл салады? Мен – дәрігермін. Әйелім де дәрігер. 30 жыл бойы мемлекеттік салада жұмыс істеп келемін. Ешқандай активім де, бизнесім де жоқ. Өмірге үш мәрте қайта келсем де, 1,3 млрд теңге айыппұлды жабуға жеткізе алмаймын. Өйткені табиғатымыздан елге еңбек ететін отбасымыз. Бауырларым да мемлекеттік қызметте», деді Е.Біртанов.
Сондай-ақ ол үш жұмыс орнында жүріп, отбасын бағып жүргенін айтты.
«Банк есепшоттарым бұғатталған. Қазір бала-шағамды асырау үшін үш жерде жұмыс істеймін. Үш мекемеден алатын айлығымның 50 пайызы өтемақы ретінде Денсаулық сақтау министрлігіне кетіп жатыр», деді ол.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов пен орынбасары Олжас Әбішевке ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-тармағы бойынша айып тағылып, 2020 жылы қамауға алынған еді.