Бұл мәселе «Атырау экология диалогі: Экология және өнеркәсіп. Қоғам игілігі жолындағы серіктестік» тақырыбындағы конференцияда кеңінен талқыға түсті. Конференцияда қоғам өкілдері, эко-белсенділер мен волонтерлер, экология саласын зерттеп жүрген ғалымдар, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев, облыс әкімі Серік Шәпкенов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен еншілес кәсіпорындарының басшылары қатысты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, аталған компанияның Атырау облысындағы кәсіпорындары көмірқышқыл газы шығарындысын 2031 жылға дейін 400 мың тоннаға төмендетеді. Бұл – компанияның барлық еншілес кәсіпорны бойынша төмендетуге болатын көміртек оксидінің үштен бірі (37%). Алдағы он жыл ішінде компаниялар тобы бойынша CO₂ шығарындысын 1,6 млн тоннаға қысқартуды жоспарлап отыр.
– Қоршаған ортаны қорғау мәселесі – біз үшін аса маңызды басымдықтардың бірі. Бұрынғы экология министрі ретінде бұл саладағы, оның ішінде Атырау өңіріндегі қордаланған өзекті мәселелерді жақсы білемін. Біз оны жоққа шығарып, жасыруға немесе жабулы қазан күйінде үнсіз қалдыруға тырыспаймыз. Мәселенің барын ашық мойындаймыз. Оны көпшілікпен талқылауға дайынбыз. Ал ең бастысы – оны шешу жолдарын тауып, жүзеге асыру. Бұған біздің бүгінгі ашық диалог алаңымыз дәлел бола алады, – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Конференцияда компанияның Атырау облысындағы активтерінде қоршаған ортаға бөлінетін заттарды азайту шаралары кеңінен талқыланды. Оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытында отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқарту жоспары ұсынылды. Мәселен, кәсіпорын шығарындылар шаралар кешенінің, әсіресе пештерді техникалық қайта жарақтандыру мен қондырғылардағы техникалық ескірген оттықтарды ауыстыру нәтижесінде 2023-2027 жылдары 327,8 мың тоннаға азаятын болады.
Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, 2025 жылға дейін резервуарлардан көмірсутек буларының атмосферада булануын азайту үшін понтондар орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба көмірсутектердің булануын әр резервуардан 80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Зауыттағы төрт технологиялық қондырғы ластаушы заттар шығарындыларының негізгі көзі ретінде аталады. Сол себептен, автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу көзделіп отыр. Мониторинг жүйесі пештер мен қазандықтардан түтін газдарының құрамындағы күкірт ангидриді, күйе, метан, азот оксидтері, көміртегі оксиді бойынша талдау нәтижелерін автоматты режімде бақылаушы органдарға жібереді. Бұл кәсіпорынның экология саласында ашықтығын арттыруға жол ашады.
– Зауыт су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша жауапкершілік алып отыр. Осы мақсат үшін 2028 жылдың соңына дейін ағынды суларды тазарту қондырғысын салу жоспарланды. Бұл жоба Жайық өзенінен су тұтыну көлемін 57%-ға азайтуға, тазартылған ағынды суды өндірісте қайта қолдану арқылы зауыттың сарқынды суды ағызу көлемін 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Мұның нәтижесінде 2028 жылға қарай өзеннен алынатын су көлемі жылына 7 млн тоннадан 3,9 млн тоннаға дейін төмендейді, – дейді Мұрат Досмұратов.
Ал «Ембімұнайгаз» АҚ-ның жабдықтары үшін қазандық-пеш отынын қолдану көлемін төмендету арқылы оның тиімділігін арттыру жолдары қарастырылып жатыр. Қазір бұған дайындық кезеңі аяқталған. Бұл кәсіпорын 2027 жылы метанның ағып кетуін анықтау және жою технологиясын (LDAR) енгізуді жоспарлаған.
Конференция алаңында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Атырау облысының әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес үш жыл ішінде мұнайлы өңір аумағында 10 мыңға дейін көшет егу қолға алынады.
– Біздің компания атмосфераға бөлінетін заттарды басқару жөніндегі шаралардан бөлек шикі газды алау түрінде жағуды азайтады. Су ресурстарын қайта пайдалануды, рекультивация жұмыстарын қолға алды. 2030 жылға қарай тұрақты алау жағу көлемін нөлге дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде 2017 жылмен салыстырғанда шикі газды алау түрінде жағу көлемі 89%-ға төмендеді. Бұл көрсеткішке негізінен «Ембімұнайгаз» АҚ-да газ өңдеу қондырғысын пайдалануға беру арқылы қол жеткізілді. Мұнай өндіруші кәсіпорындардың кен орындарында бұрыннан жиналған мұнаймен ластанған жерлерді тазарту бойынша біршама жұмыс атқарылды. Соңғы 2 жылда 1,2 млн тоннадан астам мұнай қалдықтары утилизацияланып, 192 гектар жер қалпына келтірілді, – деп мәлім етті М.Мырзағалиев.
Атырау облысы