Энергетика • 07 Маусым, 2023

Экономикалық дамудың басты тетігі – энергетика

1608 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ертең елордада күллі әлемнің назары ауған «Астана халықаралық форумы» басталады. Оған бірқатар елден мәртебелі қонақтар да келді. Дүниеге танымал форумда қаралатын көп мәселенің бірі – энергетика. Құрлықтың қақ ортасындағы Қазақстанның бұл мәселеде де өзіндік айтары бар...

Экономикалық дамудың басты тетігі – энергетика

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-жалпы отырысында «Еліміз табиғи уран өндіруде әлемде бірінші орында тұр. Ядролық отын компо­ненттерінің өзіндік өндірісі және уранды байыту үшін мүмкіндігі бар. Қазіргі сәтте АЭС орналасатын орынды айқындадық және әлеуетті жеткізушілердің технологиясын зерделеп жатырмыз», деген еді. Расында да, энергетика мәселесі жайында сөз қозғала қалса, алдымен ауызға оралатыны – осы АЭС жайы.

Расында атом электр станса­сының жалпы адамзат баласы үшін, оның ішінде біздің елі­міз үшін де пайдалы тұстары же­терлік. Бірақ қауіпі бар екендігін де жоққа шығара алмаймыз. Үнемі бақылауда болатын қауіп­тен қорқып, тұтас елдің өрке­ниеттен кенжелетіп, жылдам дамудан тежеу қаншалықты дұрыс?

Негізі АЭС құрылысына қар­сы ел азаматтарының басым көпшілігі атом электр стан­са­сының салынуына емес, оны кімге сеніп тапсыратынына на­разылық танытып жүрген сияқты. Ашығын айтқанда, ғасырлар бойы кейбір елдерден көресіні көріп келе жатқан хал­қымыз тағдырлы құрылысты сол елдердің мамандарына сеніп тап­сырғысы келмейді. Ал Жапония немесе Франция сынды мемлекеттерге үміт артылса, халқымыз бәлкім тонын теріс айналдыра қоймас па еді?

Енді АЭС тұрғызылған күн­де еліміз одан қандай пайда көретініне ой көзін салып көрейік. Әлемде алғаш АЭС салынып, адамзат игі­лігіне қызмет ете бас­тағанына 70 жылдан асыпты. Құдай-ау, 70 жылдан бері электр энергиясын тиімді әрі залалсыз алу бойынша бұл сала дамудың неше кезеңінен өтіп үлгерді. Энергия өндірудің осы саласын игерген елдер қарыштап дамып, ілгері кеткенін көз көріп отыр. Өйткені электр қуатын өндіру арзан болса, елдегі өндірілетін тауардың бәрінің дерлік құны төмен болады. Сондай-ақ көр­ші елдерге энергетикалық тәуел­ділік, ел қауіп­сіздігіне үнемі қатер төндіріп тұруы ықтимал. Оны да есте тұтқан жөн.

Қазіргі дамыған және даму­шы елдерге қарасаң, бәрінде дер­лік АЭС бар. Ол елдердің саны қазір 50-ге жетіп қалды. Осы 50 елде 500-ге жуық үлкенді-кішілі АЭС бар екен. Солардың бірлі-жарымы болмаса, қалғандары АЭС-тің арқасында энергетикалық тап­шылыққа ұрынбай, экологиясын да жақсартып, бақуатты өмір сүріп жатыр. Уран кеніштері бойынша әлемде екінші орында тұрған еліміз, оны байыту мен тұтынудың мың түр­лі игілігін игеріп, өз халқымыз бен алыс-жақын бейбіт елдердің пай­дасына жұмсамаса болмайды.

Осы кезде оңтүстік өңірдің эко­но­микалық дамуы солтүстік ай­мақ­тарға қарағанда жылдам. Нәтижесінде, электр энергиясына деген сұраныста сәт сайын артып жатыр. Солтүстік жақта өндіріп жатқан электр энергиясының бір бөлігін Ресейге экспорт жасап отырмыз. Ал оңтүстікте ке-рісін­ше импортқа тәуелді болып жүр­міз. Электр қуатының мұндай тең­сіз таралуы оның өзіндік құнын қымбаттатып жіберуде. Энер­гия бағасының көтерілуі – тауар өндірісінің қымбаттауы. Бұл жағдай отан­дық өнімді бәсекелестік қуаттан айыратыны сөзсіз.

Біздің ел мұнайға, көмірге, темірге және басқа қазба бай­лық­­тарға қат болмағанымен электр энергиясын өндіретін су энер­гия­­сына үнемі мұқтаж. Ол – энерге­тикалық қауіпсіздік жағын­дағы әлсіз жеріміз. Өйткені біздегі өзен­дердің бастауының көбі көрші елдерде. Демек, бұл өзендерді электр энергиясына айналдыру емес, сонымен ауыз су мәселесі мен егіс ал­қаптарын суландыра алсақ, соның өзі мол табыс.

Эко­логиялық таза энергия болып табы­латын жел және күн энергия­сын пайдаланып электр энергетика сұранысы мен қауіпсіздігін толық шешу алдағы 10-15 жылда мүлде мүмкін емес. Оны осы мәселемен ондаған жыл бойы шұғылданып жүрген ғалымдар айтып отыр.

Енді оның кейбір себебін ай­тайық. Бірінші, жел мен күн таза жасыл энергия болғанымен, оның өзіндік құны су және көмір, газбен өндірілетін электрден әлдеқайда жоғары. Екінші, таза жасыл энер­гияның елімізде зор мөлшерде өндірілуіне және аумақтық қамту көлемін шексіз арттырудың мүм­кіндігі жоқтың қасы. Үшінші, жел энергиясы мен күн энергия­сы жылу энергиясы мен атом энергия­сына қарағанда тұрақсыз.

Сол себептен жел мен күннен алынатын электр энергиясы бү­гін­де жылудан, судан, атомнан өн­дірілетін энергияның орнын алмас­тыра алмайды. Ол тек бір­тіндеп да­митын энергия көзі екенін елдің түсінетін кезі келді.

Ал көмір жағып, жылу энергиясын пайдалану арқылы электр энергиясын алу, оның экологияны бүлдіретін, энергия көзін барынша сарп ететін ерекшелігін ескерсек, ол өткен шақтың ен­шісінде қала­ды-ау. Ендеше әлемдегі ең жойқын энергия көзі – атом энергиясы ғана еліміз үшін экономикалық даму­дың қажетін қанағаттандыра алады. Мұнымен бірге ол – энерге­ти­ка қауіпсіздігін түбегейлі шешу­ге мүмкіндік беретін бірден-бір электр энергия көзі. Осыны әр қа­­зақ азаматы терең түсінетін кез келді.

 «Әйтсе де, Үкімет халықтың алаң көңілін тыныштандыру үшін ел қалауын ескеріп, АЭС құ­ры­лысын қымбаттау бол­ған күннің өзінде де күдік пен күмән тудырмайтын жақсы елге тапсырғаны абзал. Не десек те, қазіргі уақытта еліміздің электр энергиясы қауіп­сіздігін шешу – Үкіметтің алдында кезек күт­тірмей­тін өте күрделі проблема. Егер бұл мәселе дұрыс шешімін таппаса, еліміздің алдағы 10-15 жылдағы серпінді да­муы туралы айту өте қиын. Осы күнге дейін АЭС салу немесе сал­­мау туралы ой-пікірлерді сара­лап қарасақ, бізге атом электр стансасы керек, деген пәтуа ел алдына шығып тұр», деді экономист Алпамыс Сегізбайұлы.

Еліміздің энергетика саласын сауықтырып, сапасын арттырып алмай алға қарай даму жоқ екенін ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметке арнайы тапсырма берді. Тапсырмасы шең­берінде 2022 жылдың желтоқ­санынан 2023 жылдың наурызына дейін KPMG бастаған ха­лықаралық сарапшылар тобы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазақстанның электр стансаларына ауқымды техникалық аудит жүргізу бойын­­ша жұмыс бастаған болатын. Нәтижесінде, ел бойын­ша барлығы 55 электр стансасы зерттеліп үлгерді. Онда жылу стансаларының негізгі және қосалқы жабдықтарының техни­калық жай-күйіне және оны пайдалану шарттарына ерекше назар аударылған.

Атқарылған жұмыс барысында барлық стансалар жабдықтың техникалық жай-күйіне, пайдалану мерзімдеріне, отынның үлестік шығынының көрсеткіштеріне, аварияға бейімділігіне, персоналмен қамтылуға және жөндеу жұмыстарын орындауға байланысты мәселелер санаттарға бөлінген.

Елімізде электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату моделін енгі­зу, энергиялық қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін дереу реттеуді талап ететін және электр энергети­касы саласын реформалауға көз­делген бірқатар ағымдағы мәсе­лелерді шешуге бағытталған.

Энергиялық қуат көзін бір­ың­ғай сатып алушы саладағы қа­­лып­­­тасқан жағдайды, яғни жүйе­­­дегі жоспарлы теңсіздікті, элект­р энергиясының болжамды тап­шы­лығын, энергия өндіруші ұйымдар­дың әртүрлі тарифтеріне байланысты бәсекелестіктің тең емес жағдайларын және генера­циялаудың жаңа көздерін, оның ішінде ЖЭК салу жөніндегі жоспарларды ескере отырып енгізген.

Аталған жұмыс тобының анық­тауына қарағанда, бірыңғай сатып алушының ұсынылған мо­делі – электр энергиясын орталық­тан­дырылған сатып алу және сатуға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Біріншіден, электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмау ләзім. Екіншіден, өнім­сіз делдалдарды қысқарту қажет. Сондай-ақ үшіншіден электр стансаларының графиктерін қа­лып­тастырып, шекарадағы электр энергиясы ағындарының мем­лекетаралық сальдосының ауыт­қуын кеміткен абзал.

Жаңадан іске қосылатын генерациялау көздерінің жоғары тарифтерін және тапшылық кезін­де импорттық электр энергия­сының бағаларын, жұмыс істеп тұрған стансалардың биылғы тарифтерін теңестіруді қамта­ма­сыз ету керек. Сондай-ақ бола­шақ­та өңірлер арасында электр энер­гиясының тарифтерін теңес­тіруді жүзеге асыру керек болып отыр.

Төменде айтылып, атқарылып жатқан энергетика саласының қыруар жұмысының бәрі электр қуатын өндіріп, тұтыну шарасында ел жағдайын түбегейлі өзгертуге мүлде қауқарсыз. Бұ­лар­ға тек косметикалық оңдау­лар ретін­де ғана қараған дұрыс сияқты. Сондықтан өркениетке өк­пелеп теріс айналмай, тағдыр­дың сы­йын құшаққа сыйдырып, АЭС құрылысын жылдамдатқан абзал. Аталған форумда осы мәселенің басы ашылып, шешімі мықтап шегеленсе құба-құп.