Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-жалпы отырысында «Еліміз табиғи уран өндіруде әлемде бірінші орында тұр. Ядролық отын компоненттерінің өзіндік өндірісі және уранды байыту үшін мүмкіндігі бар. Қазіргі сәтте АЭС орналасатын орынды айқындадық және әлеуетті жеткізушілердің технологиясын зерделеп жатырмыз», деген еді. Расында да, энергетика мәселесі жайында сөз қозғала қалса, алдымен ауызға оралатыны – осы АЭС жайы.
Расында атом электр стансасының жалпы адамзат баласы үшін, оның ішінде біздің еліміз үшін де пайдалы тұстары жетерлік. Бірақ қауіпі бар екендігін де жоққа шығара алмаймыз. Үнемі бақылауда болатын қауіптен қорқып, тұтас елдің өркениеттен кенжелетіп, жылдам дамудан тежеу қаншалықты дұрыс?
Негізі АЭС құрылысына қарсы ел азаматтарының басым көпшілігі атом электр стансасының салынуына емес, оны кімге сеніп тапсыратынына наразылық танытып жүрген сияқты. Ашығын айтқанда, ғасырлар бойы кейбір елдерден көресіні көріп келе жатқан халқымыз тағдырлы құрылысты сол елдердің мамандарына сеніп тапсырғысы келмейді. Ал Жапония немесе Франция сынды мемлекеттерге үміт артылса, халқымыз бәлкім тонын теріс айналдыра қоймас па еді?
Енді АЭС тұрғызылған күнде еліміз одан қандай пайда көретініне ой көзін салып көрейік. Әлемде алғаш АЭС салынып, адамзат игілігіне қызмет ете бастағанына 70 жылдан асыпты. Құдай-ау, 70 жылдан бері электр энергиясын тиімді әрі залалсыз алу бойынша бұл сала дамудың неше кезеңінен өтіп үлгерді. Энергия өндірудің осы саласын игерген елдер қарыштап дамып, ілгері кеткенін көз көріп отыр. Өйткені электр қуатын өндіру арзан болса, елдегі өндірілетін тауардың бәрінің дерлік құны төмен болады. Сондай-ақ көрші елдерге энергетикалық тәуелділік, ел қауіпсіздігіне үнемі қатер төндіріп тұруы ықтимал. Оны да есте тұтқан жөн.
Қазіргі дамыған және дамушы елдерге қарасаң, бәрінде дерлік АЭС бар. Ол елдердің саны қазір 50-ге жетіп қалды. Осы 50 елде 500-ге жуық үлкенді-кішілі АЭС бар екен. Солардың бірлі-жарымы болмаса, қалғандары АЭС-тің арқасында энергетикалық тапшылыққа ұрынбай, экологиясын да жақсартып, бақуатты өмір сүріп жатыр. Уран кеніштері бойынша әлемде екінші орында тұрған еліміз, оны байыту мен тұтынудың мың түрлі игілігін игеріп, өз халқымыз бен алыс-жақын бейбіт елдердің пайдасына жұмсамаса болмайды.
Осы кезде оңтүстік өңірдің экономикалық дамуы солтүстік аймақтарға қарағанда жылдам. Нәтижесінде, электр энергиясына деген сұраныста сәт сайын артып жатыр. Солтүстік жақта өндіріп жатқан электр энергиясының бір бөлігін Ресейге экспорт жасап отырмыз. Ал оңтүстікте ке-рісінше импортқа тәуелді болып жүрміз. Электр қуатының мұндай теңсіз таралуы оның өзіндік құнын қымбаттатып жіберуде. Энергия бағасының көтерілуі – тауар өндірісінің қымбаттауы. Бұл жағдай отандық өнімді бәсекелестік қуаттан айыратыны сөзсіз.
Біздің ел мұнайға, көмірге, темірге және басқа қазба байлықтарға қат болмағанымен электр энергиясын өндіретін су энергиясына үнемі мұқтаж. Ол – энергетикалық қауіпсіздік жағындағы әлсіз жеріміз. Өйткені біздегі өзендердің бастауының көбі көрші елдерде. Демек, бұл өзендерді электр энергиясына айналдыру емес, сонымен ауыз су мәселесі мен егіс алқаптарын суландыра алсақ, соның өзі мол табыс.
Экологиялық таза энергия болып табылатын жел және күн энергиясын пайдаланып электр энергетика сұранысы мен қауіпсіздігін толық шешу алдағы 10-15 жылда мүлде мүмкін емес. Оны осы мәселемен ондаған жыл бойы шұғылданып жүрген ғалымдар айтып отыр.
Енді оның кейбір себебін айтайық. Бірінші, жел мен күн таза жасыл энергия болғанымен, оның өзіндік құны су және көмір, газбен өндірілетін электрден әлдеқайда жоғары. Екінші, таза жасыл энергияның елімізде зор мөлшерде өндірілуіне және аумақтық қамту көлемін шексіз арттырудың мүмкіндігі жоқтың қасы. Үшінші, жел энергиясы мен күн энергиясы жылу энергиясы мен атом энергиясына қарағанда тұрақсыз.
Сол себептен жел мен күннен алынатын электр энергиясы бүгінде жылудан, судан, атомнан өндірілетін энергияның орнын алмастыра алмайды. Ол тек біртіндеп дамитын энергия көзі екенін елдің түсінетін кезі келді.
Ал көмір жағып, жылу энергиясын пайдалану арқылы электр энергиясын алу, оның экологияны бүлдіретін, энергия көзін барынша сарп ететін ерекшелігін ескерсек, ол өткен шақтың еншісінде қалады-ау. Ендеше әлемдегі ең жойқын энергия көзі – атом энергиясы ғана еліміз үшін экономикалық дамудың қажетін қанағаттандыра алады. Мұнымен бірге ол – энергетика қауіпсіздігін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін бірден-бір электр энергия көзі. Осыны әр қазақ азаматы терең түсінетін кез келді.
«Әйтсе де, Үкімет халықтың алаң көңілін тыныштандыру үшін ел қалауын ескеріп, АЭС құрылысын қымбаттау болған күннің өзінде де күдік пен күмән тудырмайтын жақсы елге тапсырғаны абзал. Не десек те, қазіргі уақытта еліміздің электр энергиясы қауіпсіздігін шешу – Үкіметтің алдында кезек күттірмейтін өте күрделі проблема. Егер бұл мәселе дұрыс шешімін таппаса, еліміздің алдағы 10-15 жылдағы серпінді дамуы туралы айту өте қиын. Осы күнге дейін АЭС салу немесе салмау туралы ой-пікірлерді саралап қарасақ, бізге атом электр стансасы керек, деген пәтуа ел алдына шығып тұр», деді экономист Алпамыс Сегізбайұлы.
Еліміздің энергетика саласын сауықтырып, сапасын арттырып алмай алға қарай даму жоқ екенін ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметке арнайы тапсырма берді. Тапсырмасы шеңберінде 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың наурызына дейін KPMG бастаған халықаралық сарапшылар тобы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Қазақстанның электр стансаларына ауқымды техникалық аудит жүргізу бойынша жұмыс бастаған болатын. Нәтижесінде, ел бойынша барлығы 55 электр стансасы зерттеліп үлгерді. Онда жылу стансаларының негізгі және қосалқы жабдықтарының техникалық жай-күйіне және оны пайдалану шарттарына ерекше назар аударылған.
Атқарылған жұмыс барысында барлық стансалар жабдықтың техникалық жай-күйіне, пайдалану мерзімдеріне, отынның үлестік шығынының көрсеткіштеріне, аварияға бейімділігіне, персоналмен қамтылуға және жөндеу жұмыстарын орындауға байланысты мәселелер санаттарға бөлінген.
Елімізде электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату моделін енгізу, энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу реттеуді талап ететін және электр энергетикасы саласын реформалауға көзделген бірқатар ағымдағы мәселелерді шешуге бағытталған.
Энергиялық қуат көзін бірыңғай сатып алушы саладағы қалыптасқан жағдайды, яғни жүйедегі жоспарлы теңсіздікті, электр энергиясының болжамды тапшылығын, энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты бәсекелестіктің тең емес жағдайларын және генерациялаудың жаңа көздерін, оның ішінде ЖЭК салу жөніндегі жоспарларды ескере отырып енгізген.
Аталған жұмыс тобының анықтауына қарағанда, бірыңғай сатып алушының ұсынылған моделі – электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сатуға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Біріншіден, электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмау ләзім. Екіншіден, өнімсіз делдалдарды қысқарту қажет. Сондай-ақ үшіншіден электр стансаларының графиктерін қалыптастырып, шекарадағы электр энергиясы ағындарының мемлекетаралық сальдосының ауытқуын кеміткен абзал.
Жаңадан іске қосылатын генерациялау көздерінің жоғары тарифтерін және тапшылық кезінде импорттық электр энергиясының бағаларын, жұмыс істеп тұрған стансалардың биылғы тарифтерін теңестіруді қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ болашақта өңірлер арасында электр энергиясының тарифтерін теңестіруді жүзеге асыру керек болып отыр.
Төменде айтылып, атқарылып жатқан энергетика саласының қыруар жұмысының бәрі электр қуатын өндіріп, тұтыну шарасында ел жағдайын түбегейлі өзгертуге мүлде қауқарсыз. Бұларға тек косметикалық оңдаулар ретінде ғана қараған дұрыс сияқты. Сондықтан өркениетке өкпелеп теріс айналмай, тағдырдың сыйын құшаққа сыйдырып, АЭС құрылысын жылдамдатқан абзал. Аталған форумда осы мәселенің басы ашылып, шешімі мықтап шегеленсе құба-құп.