Форум • 06 Маусым, 2023

Халықаралық волонтерлер форумы

2706 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20-21 маусымда Астанада халықаралық волонтерлар форумы өтпек. Оған 34 елден қонақтар қатысады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлімдеді.

Халықаралық волонтерлер форумы

Спикердің айтуынша, елімізде волонтерлік қызметке қатысатын азамат­тардың саны күннен-күнге ұлғайып келеді. Соңғы үш жылдың өзінде волон­терлік ұйымдардың саны үш есеге өс­кен. Атап айтқанда, 2019 жылы волон­терлік ұйымдардың саны 224 болса, 2023 жылы олардың саны 680-ге жуықтады. Сондай-ақ волонтерлердің саны да төрт есеге өсіп, қазір 200 мыңнан асып жығылған.

«Өткен жылы волонтерлік қызмет жөніндегі заңға өзгерістер енгізілді. Ол жерде еріктілерге оқуға түсу, жұмысқа орналасу кезінде бірқатар преференция берілді», деді вице-министр. Қазіргі таңда волонтерлік инфра­құрылымды дамыту бағытында республика бойынша 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді. Олар жыл сайын 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңнан астам іс-шара өткізді.

Халықаралық волонтерлікті дамыту саласында да бірқатар шара қолға алынды. Оның ішінде БҰҰ Еріктілер бағдарламасымен бірлесіп Қазақстан Үкіметінің қаржыландыруымен 7 адам өткен жылы да, осы жылы да шетелде ерікті ретінде жұмыс істейді. Әлемде 16 ел ғана осындай мүмкіндікке ие, солардың ішіне Қазақстан да кіріп отыр, деді АҚДМ өкілі.

«Биыл 20-21 маусымда Астана қаласында халықаралық волонтерлер форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Форумның негізгі мақсаты – волонтерлік қозғалысты дамыту және қолдау саласындағы қазақстандық тәжірибені халықаралық деңгейде паш ету, Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында еріктілер бағытындағы көшбасшысы екенін көрсету. Бұл форумға барлық қазақстандық волонтерлер, негізінен ұлттық волонтерлер желісі де барынша атсалысып отыр», деді Д.Қадыров.

Форумға әлемнің 34 елінен 140-тан аса адам қатыспақ. Еліміздің барлық өңірінен волонтерлік жұмыстарға белсенді қатысып жүрген еріктілерді қосқанда, жалпы саны 400-ден астам адам форум қонағы болады. «Жиын барысында волонтерлік қызметтің түрлі бағыттары бойынша 10 сессия өтеді», деп сөзін түйіндеді Данияр Қадыров.