Қоғам • 07 Маусым, 2023

Алаяқтар елордалық зейнеткердің 16 млн теңгесін қолды қылды

4798 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық зейнеткер алаяққа алданып, Меккеге қажылық жасау үшін жинаған 16 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алаяқтар елордалық зейнеткердің 16 млн теңгесін қолды қылды

Елорда полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушіге белгісіз біреулер қоңырау шалған. Олар қызының полицияда екендігін және мәселені шешу үшін шұғыл түрде ақша жіберу керек екенін айтқан. 

Егде жастағы әйел мән-жайды түсінбей, ақша жинай бастаған. Зейнеткер Меккеге қажылық жасау үшін жинаған 16 млн теңгесін санаған. Бірақ қызының қауіпсіздігі маңыздырақ деп ойлап, ақшаны келген адамға берген. Кейін есіне түсіп, қызының жағдайы жақсы екендігін, өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген ол полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында курьер ретінде келіп, әйелден ақша алған 26 жастағы ер адам анықталды. Күдікті «курьер» қызметі үшін оған жалпы соманың 10%-ы берілуі керектігін мойындады. 

«Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Астана қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың елорда аумағында жасаған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», деді Астана қалалық ПД КПБ бастығы Дастан Қалиев.

Астана қалалық Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, оқиғаның мән-жайына толық көз жеткізбестен, бейтаныс адамдарға ақша бермеуді ескертеді.