Аймақтар • 07 Маусым, 2023

Түлектер тартуы

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алтын ұя мектептен қанат қаққанына 20 жыл толған Аспантау аясындағы Сарыжаз ауылының түлектері ме­рейлі кездесулерін ерекше әсерлі әрі мазмұнды атап өтті.

Түлектер тартуы

2003 жылғы түлектер мектеп табалдырығын алғаш ат­та­ғанда әріп танытып, әліппе оқыт­қан Қамария Дәркенбаева, Майдаш Тақабаева, Гүлзира Нұрмұханбетова, Жұмагүл Тәжиева, Жұмабике Сүпеева сынды бастауыш сынып мұ­ға­лімдері мен 11-сынып­ты аяқтатып, аттестаттарын қолына ұстатқан Кә­ден Жан­­­туова, Айнұр Бер­тае­­ва бастаған ұлағатты ұс­таз­дарына ілтипаттарын біл­дір­ді. Өз кезегінде ұстаздары шә­кірттерінің дүниеге кір­піш болып қаланып, орын тапқандарына ризашы­лық­тарын жаудырды. Осындай сый-құрметпен өрілген әсер­лі кездесулерінде 2003 жыл­дың түлектері өмірден ерте өткен сыныптастарына Құ­ран бағыштап, еске алуды да ұмытпады. Сондай-ақ іс-ша­раны ұйымдастырушылар ақыл­даса келіп, Сарыжаз ауылында тұратын сыныптастары Жазира Қабаеваға пәтер сатып алып берді. Себебі Жазира Ка­малқызы – ата-анасынан ерте айырылып, артынан ілескен алты бауырына пана болып, оларды түгел аяқтандырған үлкен жүректі мейірім иесі. Өзі де тұрмыс құрып, 2 балалы болғанда күйеуі дүниеден өтіп, қиындықтың қамытын киген еді. Міне, тағдырдың ауыртпалығын арқалап, бауыр-туғандарымен бірге тіршілік етіп жүрген сыныптастарының өз алдына отау болуына қол­ұшын беріп, қамқорлық жасау­ды жөн көрген түлектер қал­таларынан қаржы жинап, бес бөлмелі үйдің кілтін табыстап, қуанышқа бөледі. Сонымен қатар 20 жылдыққа келген түлектердің ауыл меші­тіне алты қанат ақбоз үй сыйлап, жомарттық жасағанын да айрықша атағанымыз абзал. Іс-шараны ұйымдастырушылар бұл үрдістің жібін үзбей жал­ғасуын кейінгі түлектерге аманаттады.

Бұған қоса Алтынбек Сәр­сенбаев атындағы Сарыжаз орта мектебіне мінбер, үс­тел, жұмсақ жиһаз табыс етіп, мектеп бұйымдарын жа­ңарт­ты және бастауыш сынып оқушыларына есте­лік сыйлықтар беріп, қуаныш­тарын есе­леді. Спор­т­тық шаралар ұйымдас­ты­рып, ауыл ішін мәре-сәре етті. Бұл күндері балалардың қуаныш­тарында шек болмағаны анық.

Сөйтіп, сыныптастардың 20 жылдық кездесуі ойын-сауықпен ғана шектелмей, қа­йырымдылық шараларымен өріліп, ерекше есте қаларлық әрі көпке үлгі боларлық дәрежеде ұйымдастырылғанына ұстаз­дары мен ауылдастары дән риза болып, ақ батасын берді.

 

Алматы облысы