Қоғам • 07 Маусым, 2023

Тіл үйренудің тиімді тәсілдері

536 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тіл үйрену үшін қажеттілік, не мәжбүрлік емес, шынайы қызығушылықтың болуы маңызды», дейді Рим философы А.Августин. Шет тілдерін үйрену қызықты үрдіс болғанымен, кейде жалықтырып жіберетіні рас. Тіпті мұны жол ортадан тас­тап кететіндер де кездеседі. Ал қоғамның бір бөлігі шет тілін үйренуге алғашқы қадамдарын мүлде жасап көрмеген де екен. Олар тіл үйренуге қабілетіміз жоқ деп ақталады.

Тіл үйренудің тиімді тәсілдері

1989 жылы белгілі психолингвист және мәдениеттанушы Дмитрий Спивактың «Полиглот болудың жолдары» деген кітабы жарық көрді. Еңбекте бұрынғы КСРО-дағы полиглоттардан алынған бірнеше сұхбат бар. Рес­понденттердің көпшілігі жеті ұлт­тың тілінде еркін сөйлейді. Ав­тор бұл құбылысты «Жеті заң» деп атады. Бұл заңда адамдардың көп­шілігі кемінде бестен тоғыз тіл­ге дейін үйрене алады делінген. Бұл бір тілді үйренудің өзін қиын­дық көріп жүргендердің уәжі жай ғана сылтау екенін түсінуге бо­ла­ды.

Ал біз бүгінгі мақаламызда тіл үйренуді жеңілдететін тиімді жолдарды ұсынамыз. Ең бірінші әдіс – аз-аздан, бірақ үздіксіз. Тілді үнемі жаттықтырып отыру ма­ңызды. Күн сайын аз мөлшерде, бірақ тұрақты түрде, жиі үйренуге әрекет жасасаңыз, тілдік дағ­ды да тезірек қалыптасады. Үлкен мақ­саттарға кішкентай қадам­дар­мен жетуге болатынын естен шығармау керек.

Екінші әдіс – тілдік ортаға ену. Ай­наланы үйреніп жүрген тіліңізбен жан-жақты қоршай бас­таған абзал. Мәселен, көретін фильміңіз бен тыңдайтын музы­каңыз, оқитын кітап пен мақа­ла­лардың барлығы сол тілде бо­луы шарт. Бұл іс-әре­кет­тер ар­қы­лы жа­ңа тілді бойға сіңіру оңай болады.

Үшінші әдіс – технологияларды пайдалану. Тілдерді оқытуға көмектесетін көптеген қол­данбалар мен онлайн ресурс­тармен жұмыс істеу маңызды. Интерактивті сабақтарды көру, тілдік ойындар мен аудио және бейнематериалдарды пайдалану керек. Оқу үдерісін қызықты әрі тиімді ету үшін күнделікті жұ­мыста осы технологиялардың болғаны дұрыс. Бұлар тіл үйрену барысында жұмысты біраз же­ңілдететіні анық.

Төртінші әдіс – оқу үдерісінен ләззат алу. Жоғарыда айтқандай, тіл үйрену жалықтыратын дү­ниеге айналмауы қажет. Үй­реніп жатқан тілдің ұлтымен, мә­дениетімен, өркениетімен жа­қынырақ танысу маңызды. Бір­қалыпты үйде отырып оқи бермей, орын ауыстырып табиғат аясына шығып, кітапханаларға, коворкингтерге барып үдерісті барынша қызықты ету қажет.

Бесінші әдіс – түрлі техникамен жұмыс істеу. Қазір небір тиімді технологиялар бар. Әркім өзіне қайсысының ыңғайлы екенін білу үшін тәжірибе жасап тексеріп көруіне болады. Мәселен, «shadowing» техникасы бар. Бұл аудио тыңдау кезінде естігеніңізді үздіксіз қайталап, жаттап алғанға дейін жұмыс іс­теуді білдіреді.

Алтыншы әдіс – тәртіп. Тілді тұ­рақты түрде үйреніп отыру үшін темірдей тәртіп керек. Егер жүйелі түрде үйрене алмасаңыз, курстарға жазылу керек. Сонда уақыт өте келе өз бетіңізбен оқи алатын деңгейге де жетесіз. Бұл да белгілі бір тәжірибелер арқылы келетін үрдіс .

Жетінші әдіс – мақсат қою. Тіл үйренудегі ең маңызды тетіктің бірі – дұрыс әрі нақты мақсат қоя білу. Өйткені майданға мақсатсыз шыққан жауынгердің адасуы әп сәтте. Тілді не үшін үйренемін? Оған қанша уақыт бөле аламын? Бұл тілдің қандай маңыздылығы бар? Осындай сұрақтарға жауап іздеп барып жауапты жұмысқа кіріскен абзал.

 

Күннұр БОЛАТБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті