Ресей жеріндегі Қасым хандығы – ХV ғасырдың ортасына қарай Алтын Орда ыдыраған соң пайда болған кіші хандықтың бірі. Ресейлік жылнамаларда, болашақ Владимир және Мәскеу князі ІІ Василий (Тёмный) 1440 жылдары алтынордалықтардың тұтқынында болған. Ұлық ұлыс билеушілері бұл адамды босатып, ұдайы бақылауда ұстау үшін қасына Жошы ханның тікелей ұрпағы Қасым сұлтанды қосып жіберген деп жазады.
Ал біздің тарихшылар: «Қасымов патшалығының пайда болуы жөнінде әртүрлі нұсқа бар. Никоновтың жылнамасында 1447 жылы Мәскеуге татар-моңғол сұлтандары Қасым мен Жақып ордасын алып келеді. Ол кездері Мәскеу тағы үшін Мәскеу князі II Василий мен оның қарсыласы Шемяки арасында тартыс жүріп жатқан. Қасым мен Жақып Василийге қолдау көрсетеді. Оны Сейт Ахмет ханның шабуылынан сақтап қалады. Содан кейін 1452 жылы осы өңірге Ұлық Мұхамед хан ордасынан 500 нөкерімен Қасым сұлтан келеді. Сол кезеңнен бастап қала барлық құжатта «Қасымов» атала бастайды. Кейде «Хан Керман» деп те аталады» деп жазыпты.
Уақыт өте келе 1600 жылы Қасымов хандығының тағына қазақ сұлтаны Ұзын Оқты Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхамед отырады. Осы кісінің кеңесші-қарашасы Қадырғали Жалайыр өзінің «Шежірелер жинағы» («Жылнамалар жинағы») атты тарихи туындысын 1600-1602 жылдары осы жерде жазғанын тарихтан белгілі.
Енді жоғарыдағы кесене иесі «Ауған Мұхамед сұлтан кім?» дегенге келер болсақ, ол Жошының ұрпағы. Яғни XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Хиуа ханы Араб Мұхамедтің баласы. Тағы бір деректе «1621 жылы тақ тартысында Араб Мұхамед хан жеңіліп, басына ауыр күн туады. 11 жасар баласы Ауған Мұхамед сұлтанды орыс елшісіне аманатқа береді» делінген екен.
Екінші бір деректе «Әкесі өлген соң таққа талас басталып, ағасы тарапынан оның көзін жою қаупі төнгендіктен, орыстар жасырын алып кетіп, Қасымовқа әкелді» делініпті. Жоғарыдағы кесенені тұрғызған сұлтанның жары Алтын ханшайым Хиуа ханы Шибан әулетінің қызы екен. Сондай-ақ тағы бір деректе өте құнды тарихи туынды «Түрік шежіресін» жазған Әбілғазы Баһадүр хан Ауған Мұхамед сұлтанның туған ағасы екені айтылыпты.
Қуанарлық оқиға: соңғы жылдары Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің атсалысуымен «Ауған Мұхамед сұлтан» кесенесі Ресейдің қорғалуға тиіс мәдени мұралар тізіміне еніпті. Қазіргі таңда жергілікті татар ағайындар Ауған Мұхамед сұлтан кесенесін «тәкие» деп атап, қамқорлық жасап отырған көрінеді. Бұл кесене ішіне сұлтанның өзі және оның туыс-туғандары жерленіпті.
Кейінгі жылдары жекелеген тұлғалар қазақ сұлтандарының ізі қалған Қасымов өлкесіне барып, зерттеу жүргізіп жатыр. Осындай ынталы топтың бірі – 2005 жылдың қазан айында Қадырғали би Жалайыр жерленген жерді іздеп және бабамыз туралы дерек жинастыру мақсатында Рязань облысындағы Қасымов қаласына барған болатын. Олар бабамыздың жамбасы тиген жерді таппағанымен, сол кезден қалған жалғыз нысан Ауған Мұхамед сұлтан кесенесінің ішіне Қадырғали Жалайыр бабамызға арнап салмағы жарты тонна «Құлыптас-зират» орнатты. Оның бетіне арабша «Бисмиллахи ар-Рахмани ар-Рахим» деген аят сөзін жазып, одан төменірек араб әрпімен «Қадырғали би Қосымұлы Жалайыр (1530-1605)» деген жазу бәдіздепті.
Тағы бір жақсы жаңалық: 2019 жылы қараша айында Ресей Федерациясының Рязань облысы Қасымов қаласындағы Ауған-Мұхамед сұлтанның кесенесіне жақын жердегі ескі татар зираты маңына қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедке арнап мемориалды тақта орнатылды.