Белгілі болғандай, жәбір көрген студентті бір топ қыз, бір емес, бірнеше рет соққыға жыққан. Оның бәрі әлеуметтік желіде тараған бейнематериалдарда айдан анық көрініп тұр. Жасырып-жабатындай емес. Алайда, БАҚ өкілдері ресми ақпаратты қоғамдық пікір туындатып барып қана ала алған еді. Оған дейін білім беру мекемесінің басшыларынан, құқық қорғау органдарынан тарқатып ақпарат ала алмағанымыз шындық. Қоғамдық пікірдің өзін саралап, сараптап, сүзіп шықсаңыздар, жәбір көрген қызға қолдау көрсетіп, жылы лебіздерін білдірген. Ал күдікті тарапты заң аясында жазаға тарту керектігін жазған. Сөйтіп, қылмыстық іс қозғалды. Екі айдан астам уақыт тергеу жүргізілді.
Кеше шулы іске қатысты сот отырысы өтеді деп, Шығыс Қазақстан облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына бардық. Алайда, судья айыпталушы тараптың және прокурордың ұсынысымен сот жабық түрде өтеді деген шешімге келіпті. Себебі, кәмелет жасқа толмаған қыздардың психологиясына нұқсан келуі мүмкін екен. Жәбірленуші қыздың анасы мен туған-туыстары ғана соттың ашық өтуін сұрады.
– Қызымды ұрып, бейнекамераға түсіргенде кәмелет жасқа толмағандарын білді ғой. Оның үстіне, Аяулымның ата-анасынан басқасы кешірім сұрап келмеді. Қызым бірнеше рет ауруханаға жатты. Әлі күнге дейін басым ауырады дейді. Сабаққа баруға да зауқы жоқ. Бейнекамераға түсіріп, абыройын айрандай төкті. Енді сот әділ шешім шығарып, күдікті қыздар жазаның ең қатаң түрін алса екен, – дейді жәбірленген қыздың анасы Альмира Досымова.
Айтқандай, сот бұдан былай жабық өтеді. Прокуратура өкілі түсіндіргендей, сот шешімі шыққан соң істің бүге-шігесі ресми түрде хабарланады. Ал халықтың күткені – әділ шешім.
Өскемен