Қоғам • 08 Маусым, 2023

Жаңа облыстағы ілкімді істер

328 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ашылған үш жаңа облыстың бірі – Абай облысының өз алдына отау тіккеніне жыл толды. Әрине, көп уақыт емес. Дегенмен даму бағытын айқындаған өңірдегі халықтың болашаққа сенімін ұялататын істер баршылық. Оны Абай облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен БАҚ өкілдерінің арнайы баспасөз-турында айқын аңғардық.

Жаңа облыстағы ілкімді істер

Өндірісі қуатты кәсіпорын

Жексенбі күнгі облыс орталығы Семей қаласын аралағандағы сапарымыз Шығыс кентіндегі күнбағыс өнімдерін шығаратын «Qazaq аstyg groyp» майды экстрациялау зауытының тыныс-тіршілігімен танысудан басталды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Семей қаласындағы нысандар жұмысы­мен танысуы кезінде осы өндіріс орнында да болған еді.

исм

Мұнда қазір күнбағыс майын өңдеу, іріктеу, экспорттау жұмыстары қарқын­ды жүргізілуде. 2018 жылы «Qazaq astyg groyp» ЖШС болып құрылған алып зауыттың түрлі бағыттағы жұ­мыс цехтары кезең-кезеңімен іске қосы­лып жатыр. Орны бөлек отандық кәсіп­орынның жобасы бастапқыда үш кезеңге жоспарланған еді.

Журналистермен кездескен зауыт басшысы Н.Ушаковтың айтуынша, бірінші кезең – май экстракция зауытын салу жайы 2019 жылдың маусымынан баста­лып, 2021 жылдың шілдесіне дейін то­лық­тай орындалған. Тәулігіне 1 200 тонна күнбағыс өңдеуді жолға қойған «Qazaq astyq group» қазіргі күнде еліміздегі ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, са­ла көшбасшысы ретінде мойындалып отыр.

Нақты дерекпен айтар болсақ, жы­лына шығарылатын өнім көлемі: 151 200 тонна өсімдік майы, 129 600 тон­на жоғары ақуызды шрот, 453 тонна фос­фатид концентраты өз жемісін беріп жатыр. «Qazaq astyq group» майды экстракциялау зауытын дамытудың екінші кезеңі – тазарту цехын, бөтелкедегі майды құю және буып-түю желісін салу. Өндірістің жобалық қуаты – тәулігіне 200 тонна шамасында. Жоспарда 111 жұмыс орнын құру көзделген.

– Бүгінгі күні екінші кезең бойын­ша жобалау ұйымдарымен шарттар жасалды, – деді «Qazaq astyq group» май экстракциялау зауытының бас директоры Николай Ушаков. – Биылғы қаржыландыруы басталып, жұмыстар жалғасады. Ал іске қосу мерзімін келесі жылдың соңына қарай жоспарлап отырған жайымыз бар.

«Qazaq astyq group» өнімдері бұл күнде еліміздің ішкі нарығында, Қытай, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Латвияға да саудалануды жолға қойғанын да айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта компанияда 346 адам еңбек етеді.

Естеріңізге сала кетейік, Әлихан Смайылов Семей қаласына келген сапарында әкімдік мұндай қайта өңдеу кәсіпорындарын белсенді түрде қол­дауы қажеттігін айтқан болатын. Себебі отандық ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етумен қатар экспорттағы қосылған құнның үлесін арттырады.

 

Алаштың оқу ордасы

Семейдегі М.Әуезов атындағы педа­гогикалық колледждің қала ғана емес, жалпы Алаш тарихында алатын орны теңдессіз деуге әбден болады. Биыл ашылғанына 120 жыл толатын оқу ордасының босағасынан енген сәттен ұлттық рухтың қайнары қайдан бастау алатынын айқын сезіндік. Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Қаныш Сәтбаев, Бияхмет Сәрсенов, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов тағы да басқа ұлы тұлғалардың қазақтың ой-танымын оятудағы қызметін мақсат етіп, осы оқу ордасынан қанаттанғанының өзі оқу ордасының тарихи мазмұны тереңде жатқандығын аңғартса керек.

Сол себептен де өткен жылды ен­шілеген Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық тойында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының туған же­ріне сапары барысында осы колледжге арнайы соғып, үлкен ризашылықпен аттанғанын да айта кеткен жөн.

Ұлт тарихын осы колледжбен байланыстыра әңгімелегенде бірінен-бірі өтетін деректерді майын тамыза айтатын оқу орнының басшысы Шағангүл Жанаеваның жанкешті еңбегін, ұстаздық қызметін бағалаған Президент оны «Құрмет» орденімен марапаттағаны да бекер емес.

– Қазір колледжіміздің 120 жылдығын атап өтуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 1903 жылы ашылған сәттен күні бүгінге дейін тұрған колледж ғима­ратының тарихи келбетін сақтауға әрқашанда көңіл бөлеміз. Қазақтың алғашқы білім ордасының ғасырдан астам тарихы жайлы сыр шертетін кітап та әзірлену үстінде. Халықаралық деңгейде ғылыми конференция өткізу жоспарланып отыр. Өйткені Алаш идея­сын ұлт болашағымен байланыстырған қаншама тұлғаларымыз осы жерден түледі. Дәл осындай шерлі де шежірелі тарихы бар оқу ордасы елімізде тек осы колледж ғана десем, артық айтқандығым емес, дейді М.Әуезов атындағы педаго­гикалық колледждің директоры Ш.Жанаева.

Дәл осы тұста назар аударатын екі жайт­ты да тілге тиек еткен жөн. Колледж күні бүгінге дейін Семейдің орталықтандырылған жылу жүйесіне қосыла алмай, өз қазандығынан күл шығарып қиналып келген екен.

– Ұлтымыз үшін бай тарихы бар білім ордасы қаншама жыл осы мәселенің зардабын тартты. Енді міне, ол күндер де артта қалды. Ашылғанына бір жыл ғана болған облысымыздың әкімі Нұрлан Тельманұлы күн тәртібінен түспеген қиындықтың түйінін тарқатып берді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға пәрмен бергені біз үшін ерекше атап айтатын үлкен сый болып отыр, – дейді Шағангүл Алдамжарқызы.

Қазіргі күнде 1 500 студент білім алып жатқан педагогикалық колледж туралы бұдан да басқа жайтты көптеп айтуға болады. Оған алдағы уақытта  кеңінен тоқталатын боламыз.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері Семей қаласындағы заманауи медициналық INVITRO+ емханасының және ашылуы алдағы уақытқа жоспарланып отырған Абай облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды абилитациялау және реабилитациялау орталығында болды. Аталған екі нысанның да халық денсаулығын нығайту мақсатындағы қызметтерінің маңызы зор.

Сапарымыздың соңы Семейден 70 шақырым жерде орналасқан Шүлбі су электр стансасының жұмысымен танысу жайымен түйінделді. Бұл нысан облыс­ты жарықпен қамтудағы стратегиялық ерекшелігі өз алдына, Қазақстандағы ең қуаттылығы зор ГЭС болып саналады. Шүлбі ГЭС-і қазіргі уақытта сағатына 56,1 млрд кВт электр энергиясын өндіреді. Қазір мұнда 176 адам еңбек етеді.

 

Абай облысы