Инфографика • 08 Маусым, 2023

Ауыз судың азабы

1266 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда және ауылдық жерлерді тұрақты дамытуға арналған «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске қосылғаны бар. Аталған жобада жаңа жұмыс орындарын ашып, балабақша, мектеп, аурухана, жол, газ, су сынды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қамтылуы, сонымен қатар орта және шағын бизнесті дамыту үшін бірқатар басымды бағыт белгіленді. Соның ішінде әрдайым өзектілігін жоғалтпаған су мәселесі ел тұрғындарының күн тәртібінен түспеген басты талабы екенін айтуға тиіспіз.

Ауыз судың азабы

Индустрия және инфра­құ­ры­лым­дық даму министрлігі 2025 жылға дейін халықты толық сумен қамтамасыз етуі керек. Бұл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясындағы міндет. Десек те, межедегі бесжылдық жос­пардың аяқталу кезеңі де таяп келеді. Бүгінгі күннің басты наза­рындағы ауыз су жағдайы толық­қанды шешімін та­­уып жатыр ма?

Мәселе сонда...

 Қабылданған бағдарлама аясында бүгінгі күнге дейін елімізде 1,5 мыңнан астам ауыл ауыз суға қол жеткізіп, 3 мың ауылдың 1,5 млн тұрғыны барлық қажетті санитарлық-эпидемиялық және гигиеналық нормаға сай сумен жабдықтау мәселесі шешілген. Қаражатты тиімді пайдалану мақсатында 200-ден аз тұрғыны бар 2 мыңға жуық шағын ауылға суды тазартудың жергілікті жүйесі орнатылып, қалған ауылдарда «Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылы – 224, 2024 жылы – 235 және 2025 жылы – 230 су тазартудың жергілікті жүйесі қойылатын болды. Аталған мәліметтерге қарағанда, қай өңірді алсақ та даму қарқындылығы бар, ал шалғай ауылдағы тұрғындар осы дамудың нәтижесін көріп отырмағаны анық. Олар әлі де болса, су тапшылығын тартып келеді.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі елді мекендерге су құбыры желілерін тарту жұмыстарын жалғастыруда. Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау қызметтеріне 100 па­йыз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 498 млрд теңге бөлінген.

Сонымен елімізде орталықтан­ды­рылған сумен қамту деңгейі өткен жылдың қорытындысына сәйкес 96,8%-ды құраса, қалған 3,2% іске аспаған. Былай қарағанда пайыздық көрсеткіш аз болғанымен, бұл 600 мыңға жуық адамды сумен қамтамасыз ету жағы өте төмен деңгейде деген сөз. Ал тартылып жатқан су құбырына қосыла қоймаған ауылдағылар суды тасып ішуге мәжбүр.

 Стратегиялық жоспарлау­ және ре­фор­малар агенттігі Ұлт­тық статистика бюросының соң­ғы бес жылда халықты сумен қам­ту деңгейі қалада 2017 жылы 90%-дан 2022 жылы 98,4%-ға де­йін, ауылдық елді мекендерде­ 55%-дан 94,5%-ға артқанын мә­лім­дейді. Цифрландырудың, крип­то­индустрияның және Big Data-ның қазіргі дамыған кезеңінде суды тасып ішетін ауыл­ды толық қамтимыз дегені көңілге қонымсыздау. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпарында, өткен жылы 6,3 мың ауылдың 4,9 мыңында ғана аталған мәселе толық шешімін тауып отыр дегені, ол тек 77,8%-ы­­ ғана. Осыған қарағанда, 2025 жыл­ға­ қарай елімізді толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің ауқымды жоспарының жүзеге асуы неғайбіл. Белгіленген мерзім де таяп қалды, ал сусыз отырған ауылдардың саны – шамамен 1,4 мың. Осы жылы су құбыры мен кәріз жүйесін салу әрі қалпына келтіруге бюджеттен 280 млрд теңгенің 59,6%-ы қала жобасына, қалғаны ауылдық жерлерді сумен қамтуға бөлінген. Еліміздегі 89 қаланың 64-і толық сумен қамтылса, 25 қала бір жүйеге келмеген. Бұл шағын моноқалаларға ғана емес, мегаполистерге де қатысты. Үш ірі мегаполистің ешқайсысында халық орталық сумен 100%-ға қамтылмаған. Шымкентте бұл көрсеткіш 98,5%, Алматыда 99%, Астанада 98,9%-ды құрайды. Елордада қазірдің өзінде қала маңындағы салынып жатқан шағын аудандардағы жеке үйлердің иелері ғана емес, көпқабатты үйлердің тұрғындары да су тапшылығын тартып отыр. Бұл қалаға қоныс аударушылар­ са­нының артқанына байланыс­ты сорғы стансаларының жо­ба­лық қуаты жетіс­пегендіктен тұр­ғын­­дарға су беру тәртібі де енгізілген. Астананың су тап­шы­лығы тек же­лі­лер мен сорғы станса­­­ларындағы жоба­лық­ қуатты­лықтың жеткілік­сіз­дігінен ғана емес, тікелей су тапшылығы мен суды қамтамасыз етуде балама көзінің жоқтығын әрі жалғыз Астана су қоймасынан басқаның болмауымен байланыстырады.

 Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта мәселені шешу үшін су қоймасын толықтыруда құрылыстар салу, су құбырын тарту және Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан сорғы стансасына су өткізу, сондай-ақ жерасты көздерінің бірі Нұра су қабылдағышты пайдалану қарастырылған. Су құбыры желілерінің жоғынан ауылдарда өркениетті кәріз жүйелерін дамытуға мүмкіндік болмай тұр. Ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарының 6,3%-ы ғана орталықтандырылған кәрізбен қамтылған. Қалғандары үй жанын­дағы септиктерді қолданса, көбі сырттағы дәретханаларды пайдаланады.

«Елімізде сумен қамту секторы жерасты көздерін барлау мен магистралдық су құбырларын салудан бастап есептегіштерді орнатуға әрі желілердің тозуына байланысты бірнеше шығынды кезеңді қамтитын көпсатылы жүйе бол­ғанымен, атал­ған­ жайттардың қазіргі уақытта өз мә­селесі туындап отырғаны бар», дейді сала мамандары.

 Стратегиялық жоспарлау­ және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мамандары жүргізген еліміздегі үй шаруашылықтарының іріктемелік зерттеулеріне сүйенсек, қалаларда тұратын отбасылардың 98,3%-ы сумен қамтылған. Бірақ ауылдарда бұл көрсеткіштер әлдеқайда аз, үй шаруашылықтарының 57,9%-ы ғана орталық сумен қамтылған. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, отбасылардың 29,1%-ы арбамен су сорғыларына баруға мәжбүр, 4,2%-ы сырттан әкелінетін суды пайдаланса, 0,2%-ы бұлақтардан немесе өзендерден тасиды.

 Су кодексінің жобасын қо­ғамдық талқылауға ұсынылған кезеңінде сарапшылар әртүрлі деңгейдегі бірнеше мемлекеттік орган арасында сумен қам­ту бойынша міндеттер мен жауапкершіліктерді бөлуде негізгі бюрократиялық мәселе еке­­­­нін атап өтті. Мәселен, Эко­логия және та­би­ғи ресурс­тар министрлігінің Гео­логия комитеті геологиялық барлауға жауапты, осы министрлікке қарасты Су ресурстары комитеті магистралдық су құбырлары негізгі инфрақұрылымының жай-күйіне жауапты, бірақ қалалар мен ауылдардағы желілерді жобалау және салуда жергілікті атқарушы орган­дардың жауапкершілігіне жүк­телгенімен осы жұмысты әр өңір кідіріссіз атқара бер­мейді. Бұл туралы Үкімет отыры­сында Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Марат Қарабаев атап өткен болатын.

 Сарапшылар еліміздегі су мәсе­лесіне қатысты іргелес елдерден суға зәруліктен арылып, ауыз судан тарықпайтын жүйелі жоспар құрғаны жөн деген пікірде. Бүгінгі күні халықты сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жер»­ бағдарламасы төңірегінде Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға қарай мемлекет халықты сумен жабдықтау қызметтері 100%-ға қамтамасыз етілуге тиіс.

Бұл жөнінде эколог Арай Сапарқызы: «Осы күнге дейін еліміздегі Су кодексіне 70-тен астам өзгеріс енген екен. Аталған салаға жауапты министрлер жиі ауысады, соның салдарынан аталған бағыттағы бағдарламалар тұралап қалатын кездер көп. Бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажет», десе, «Таза-Су» компаниясының басшысы Мақсат Темірланұлы: «Елі­мізде су жеткілікті.Тек суды тасымалдайтын инфра­құры­лым­­­­­дардың тозығы жеткен, су құры­лысы саласына жаңашыл идеялар жетіңкіремейді. Оның үстіне, тұрғындардың тарапынан суды ұқыпты қолданатын этика қалыптаса қойған жоқ. Су бағасы арзан, судың қадірін түсінбей отыр», дейді.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыр­шин осы саланың майталман маманы ре­тінде зерттеу жүргізіп, бұл салада өз ісін жетік білетін кадрлардың тапшылығын айтқан еді.Мәселен, 90-жылдардың басында су саласында 40 мыңға жуық маман еңбек етсе, бүгінгі таңда олардың саны 7-8 есе қысқарған.

«Осы күнге дейін ауыз су мәсе­лесін шешуге бағытталған бірнеше бағдарлама әзірленді. Қазіргі күні «Нұрлы жер» бағдарламасынан үміттіміз. Бүгінде шамамен 1 500-ге жуық ауыл сапалы ауыз суға қолы жеткізе алмай отыр», дейді Е.Терекбайұлы.

Еліміздегі су саласының мамандары 2035-2040 жылға қарай елімізде суға сұраныс 45 пайызға артып, ал су жетіспеушілігі жылына 12 текше шақырымды құрайтын болады деген пікірде.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыз суға қолжетімділік қалаларда 98,4 пайыз және ауылдарда 94,5 пайызға жеткен. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ауыз су мәселесін шешудегі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы аясында жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Министр биыл сумен жаб­дықтау, су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде қалаларда 135 жобаны (27 қалада сумен жабдықтау, 23 қалада су бұру) іске асыруға 167 млрд теңге (оның ішінде су бұру жобалары бо­йынша 56,6 млрд теңге) және ауылдарда 267 жобаны (270 ауыл)
113 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.