Қоғам • 08 Маусым, 2023

Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері 250 көлікті заңсыз тіркеген

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Оңтүстік Кореядан әкелінген көліктерді заңсыз тіркеу деректері анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері 250 көлікті заңсыз тіркеген

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл тізбекте «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ-ға қарасты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан көлік алып келуді жолға қойған К. есімді азамат күдікті деп танылды.

«К. есімді азамат мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен қылмыстық келісімге келіп, Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын тіркеуге негіз болатын құжаттарға жалған мәліметтер енгізгені белгілі болды. Осы заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде күдікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген алымдар, яғни 340 млн теңгеден астам сомманы төлеуден жалтарған. Тергеудің осы кезеңінде 250 көлік заңсыз әкелініп, тіркелгені анықталды», деді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.

Оның айтуынша, бұл іс ҚР ҚК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша тіркелген. Қозғалған қылмыстық істі Алматы қалалық ПД анықтау басқармасын тергеп жатыр.