Оның айтуынша, алғашқы «бауыр басқан» жыланын Джаванна деп атаған екен. Алайда ол төрт жыл бұрын өліп қалған. Ал екінші жыланды Малайзиядан 1 млн теңгеге сатып алған.
– Үш жылдан бері өсіріп отырмын. Аты – Графиня. Қазір 5 жастағы жыланның ұзындығы 3 метрге, салмағы 30 килоға жетті. Жылан да жөтеледі, түрлі аурумен ауырады. Оны уақытында емдеу қажет. Бұл – қолға тез үйренетін тіршілік иесі. Бірақ ашуландырса, шағып алуы ғажап емес, – дейді Салтанат Өмірбайқызы.
Ол жыланды үйіндегі арнайы торда ұстайды. Күн сайын шомылдырып, ерекше күтім жасайды. Зоодүкеннен алған тағаммен аптасына екі рет тамақтандырады. Суды күн сайын береді.
– Жыланның айына бір рет жалқаулығы ұстайды. Көзін ашып ұйықтайды. Достарым түрлі басқосуға билеуге шақырып тұрады. Сондай басқосудың бірінде құсып қойып, ұятқа қалдырды. Тағы бірде мені тұншықтырып, есімнен танып қалдым. Өйткені құйрығы еденге тиіп тұрса, осындай өрескел әрекетке барады. Мұның бәрі шаршағанынан болған ғой, – дейді ол.
Салтанат Өмірбайқызының екі хоббиі бар. Бірі – жылыжайда түрлі жеміс өсіру, ал екіншісі – жыланмен билеу. Өйткені бала кезінен би үйірмесіне қатысқан.
Атырау облысы