«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев жүргізген конференцияға танымал қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар, студент жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. «Қожаберген Толыбайұлы – ақын-жырау ғана емес, ел қорғаған батыр, қол бастаған сардар, мемлекеттік істерге араласқан қайраткер, шаршы топта сөз бастаған шешен. Қожаберген мен «Елім-ай» дастаны – өрліктің, ерліктің арқауы. Шежірелі жырда халқымыздың өткен тарихындағы тұтас бір дәуір мен қасіретті кезең қамтылған. Бізбен жауласқан жоңғар хандығының дәуірлеп, күшею себептері, олардың бізге қарсы соғысқанда Ресей империясы мен Қытайға арқа сүйеуі, басымызға күн туған шақта түрікпен, Қоқан, Хиуа мен Бұқардың сырт айналуы айтылған. Тәуке ханға дейінгі қазақ хандығындағы текетірес пен бақталастық, берекесіздігі де сыналған», деді Бекет Тұрғараев. Сондай-ақ ол «Елім-айдың» ән ғана емес, үлкен тарихи дастан екенін, тарихи тұлғаның «Күлдірмамай», «Қойлыбай көреген», «Қарасары Болат керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Жеті жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр», т.б. ондаған құнды әдеби шығармасымен үндесетінін мәлім етті.
Халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен Қожаберген жыраудың туған жеріндегі қорымда оған арналып күмбез орнатылған. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш-бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Ал Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен «Қожаберген жырау», «Елім-ай», «Баба тілі», «Өнерпаздар әулеті» деген кітаптар басылып шықты. «Қожаберген сынды тарихи тұлғаны тану мен ұлықтау ісі жалғасады. Жыраудың айбынды ескерткіші Петропавл қаласының кіреберіс қақпасына орнатылуы ұлт қаһармандығын айғақтайды. Петропавлдағы әскери институтқа Қожаберген Толыбайұлының есімін беру – халық тілегі», деді Бекет Тұрғараев.
Жиында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев конференцияға арнайы келген қонақтарға алғыс білдірді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда «Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген болатын. Бүгінгі басқосу сол кезеңдегі оқиғалардың қазіргі кездегі зерттелуіне, тарихи бағасын алуына және осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуына мұрындық болады деп сенемін», деді Б.Тәжібаев. Конференция барысында терең ізденістер мен тың мәліметтерден тұратын баяндамалар жасалды. Сондай-ақ жарыссөзге шығушылар ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бабалар есімін жаңғырту, ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы іс-шара қонақтары тереңнен ой қозғап, көпшілік тың мәліметтерге қанық болды. Мысалы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, белгілі әдебиеттанушы Серік Негимов Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастанында геостратегиялық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталғанын атап өтті. «Қожаберген жырау – мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына араласқан атақты жорықшы жырау, оның болмысына, маңдайына, тағдырына Жаратқан Ие алуан-алуан озық та озат өлшеусіз қабілеттер дарытқан. Ол – Әз Тәукенің кеңесшісі, әскербасы, тайпа көсемі, саясаткер, баһадүр, би, соғыс өнерінің майталманы. Жастайынан Самарқанд пен Бұхарада мұсылманша терең білім алған, араб-парсы, шағатай тілдерін жақсы білген білімдар, сұңғыла саясаткер, шежіреші, күйші, қобызшы екен.
Әнет баба мен Әз Тәукеден бата алған Қожаберген жырау замананың «қағынғанын», қызылкөздердің «жолбарыстай» шабынғанын, ұлы жұртымыздың қансырап абдырағанын, тоздырғанын, албастылардың, қанқұмарлардың, нақұрыс әзәзілдердің ойрандағанын, Ресейдің қамал-бекіністер салып «масайрағанын», Сыр бойы, Қаратау, Сайрам, Тараз, Созақ (көне аты Аяз қала), Түркістан, Еділ-Жайық жері астан-кестен, быт-шыт болғанын, Ресей, Қытай, Жоңғария Ұлы даланы бөліп алғысы келгенін, «қорғасын оқты бұршақша жаудырғанын», «Зерафшанға ел кеткенін, естілерден ес кеткенін», бытырап үріккенін, күңіренгенін, ылаң салғанын, зауал төндіргенін зарлатып-сарнатып толғайды. «Елім-ай!» дастанының бастапқы жолында: «Жаратқан алсын өзі панасына, Дұшпанның қол жеткізсін жағасына» делінген. Дауылпаз дабысты жыршы Ұлы даласын тұтастай оятып, сілкіндіріп, жалпы халқына, қайратты сардарларына, дегдарларына, сарбаздарына, маңғаздарына, сырбаздарына, дария қария-даналарына, аймақ билеушісі шораларына, би-бектеріне, көшелі көсемдеріне сөзін арнап, ел қорғау жолына қамшылап, қолдап-демеп, тұлпар мініп, «бөрілі жасыл байрақ» ту ұстап, жаудан қорғану керектігін мәлімдейді», деді Серік Негимов. Сондай-ақ конференцияда М.Әуезов университетінің ректоры, академик Дария Қожамжарова, республикалық Ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, тарихшы-профессор, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университеті гуманитарлық зерттеу орталығының жетекшісі, академик Хангелді Әбжанов, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, Шымкент педагогикалық университетінің ректоры, профессор Гүлжан Сүгірбаева, т.б. тұлға болмысын жан-жақты ашты. Сондай-ақ конференцияны құттықтаған ҰҒА басқарма президенті Күнсұлу Закарья, Германия қазақтары одағының басшысы Седие Сүрердің хаттары оқылды.
Ғылыми-практикалық конференция қарарына қадау-қадау ұсыныс енгізілді. Солардың бірінде Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне Қожаберген Толыбайұлының шығармашылығына қатысты сериялық кітаптар шығару, спектакль қою, көркем фильм түсіру және Түркістан қаласында «Елім-ай» дастанының тарихи маңызы ескеріліп, ескерткіш белгі орнату туралы өтініш жасау жөнінде айтылған. Осы айтулы іс-шара аясында «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоры «Елім-ай» жыры және Қожаберген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы» атты республикалық жыр мүшәйрасын ұйымдастырды. Қазылар алқасының шешімімен Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) бас жүлде иегері (1 000 000 теңге) атанды. Ал Көкбөрі Мүбәрак І орынды еншілесе (500 000 мың теңге), Үмітбек Бағдат ІІ орынды (300 000 мың теңге), Нұрбек Кеңесбай мен Әлібек Азамат ІІІ орынды (200 000 мың теңге) иеленді. Ынталандыру сыйлығымен Дәурен Тілеухан (150 000 мың теңге) марапатталды. Конференция қатысушыларына «Елім-ай» кітабы мен арнайы төсбелгі тапсырылды.
Сондай-ақ айтулы іс-шара аясында «Елім-ай» жырының 300 жылдығына орай Шолаққорған – Шаян бағытындағы тас жолдың Қаратау асуында Қожаберген Толыбайұлының өсиетін айшықтаған тұғыртастың ашылу рәсімі өтті. Ескерткіш-белгінің лентасын зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қиып, жастарға ұлт басына түскен нәубетті ұмытпауды аманаттады.
ТҮРКІСТАН