Өнер • 08 Маусым, 2023

Арманын аялаған «Аққайың»

16443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылының «Аққайың» вокалды-аспапты ансамблінің құрылғанына жарты ғасырдың жүзі болды. Өнер көгінде жасындай жарқ етіп, ұзақ жылдар бойы ұлт рухын асқақтатқан ұжым құрамы бүгінде жас буынмен қайта жаңғырды.

Арманын аялаған «Аққайың»

«Аққайың» ансамблі ең алғаш өңірде мемлекет және қоғам қай­раткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт­тық құндылықтарды жинақтап, дүбірі кеңге жайылған аймақтық «Торғай әуендері» фестивалінің ашылуымен бірге дүниеге келген болатын. Жыл сайын ел ішінен небір дарындарды жарыққа әкелген өнер бәйгесі дүйім жұрттың көзқуанышына айналды.

апр

Ансамбль тарихы туралы айтқанда оның алғашқы қарлығаштары Сұлтанбек Молдахметов, Қабдырашит Ахмедин, Бекзада Өзтаев, Қасымбек Әбжанов, Бердеш Смағамбетұлы, Мақаш Әбдіғапаров, Төлеш Жиенбаев, Тәкен Құрманов, ағайынды Ахметшәріп, Молдашәріп Файзул­линдер, Толғанай Ибраева, Күләш Айтқожаева, Қаршыға Ашықбаева, Сағынай Баймұханова, Тиыштық Сығаева сынды өнер иелерінің орны бөлек. Таланттар шоғыры жыл өткен сайын тың есімдермен толығып жаңғыра берді. Ансамбльдің құрамында Әлиақаш Ғайнуллин, Сапабек Қоңқабаев, Нағима Мұсақызы, Сейіткен Есмағанбетов, Мәрия Әуезова, Шайжан Төлегенов, Ғабдеш Жақыпов, Мұхаметқали Ташаев, Мейрам Шәкіров, Әбдіхамит Ақашов, Бектас Қасымов, Қазбек Юпов, Сапаш Есмағанбетов, Нағима Мұсақызы, Ақзира Әбенова, белгілі журналист, пуб­лицист Жұмабек Кенжалин мен басқа да азаматтар болды.

«Аққайың» көркемөнерпаздар ұжымының құрамында ұлттық дәстүрлі халықаспаптар бөлімімен қатар заманауи эстрадалық жанрдың да қатар өркендеуі  табиғи заңдылыққа саяды. 1984 жылы ауылда Қайыңды музыка мектебі шаңырақ көтеген жылдары сол мектептің директоы болған Дәулеткерей Аблахатұлының ұйымдастыруымен жас өнерпаздар «Айнасаз» ұлтаспаптар ансамблі құрамында да тамаша өнер көрсетті. Сол жылдары әншілер Ғалия Жұмабаева, Бану Смағұлова, Маруа Ерғалиева, Әсел Мутлапова, Шынар Әбділдина, бишілерден Гүлсағат Ахмедина, Мүслима Сейітжағыпарқызы, Құралай Бижанова, Құралай Есмағанбетова мен басқа да өнерпаздар болса, синтезаторда өнерін сыйлаған Жанкелді Байкенов «Аққайың» ұжымын шырайландырғаны анық.

Арқалық жасөспірімдер театрында өткен «Аққайың» ансамблінің 50 жылдығына арналған концертке көрермен көптеп жиналды. Салтанатты іс-шарада мерейтой иелерін Amanat партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет құттықтап, мерейтойлық медальмен марапаттады.

Мерейтойлық концертке кезінде осы өнер ұжымының белді мүшелері болған, қазір еліміздің әр қалаларында тұратын Жұмағазы Кәкімжанов, Дәулеткерей Аблахатұлы, Алтыншаш Әбдібекова, Қилыбай Елубаев, Әлім Есмағанбетов, Қайырбек Молдахметов, Нұрила Омарова, Мәриям Қоң­қышева, Балтабек Құрманбаев, Айдар Есмағанбетов, Құрманай Бижанова, Сәуле Жүсіпбекова, Тоты Есмағанбетова тәрізді күміс көмей әншілері мен дәулескер күйшілері әуелете ән шырқап, күмбірлете күй тартып, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырды. Осы азаматтармен бірге кезінде Ақанай Едіресов, Қайрат Кикимов, Нағашыбай Шәкіров, Мейрамбек Молдахметов, Қазымбек Молдахметов, Сайлаубек Едіресов, Қарлығаш Фазылбекқызы, бишілер тобынан Залияш Кенжалина, Гауһар Алтынсарова, Жанат Мурзина, Айткүл Жангелдина, Майра Абдрахманова мен басқа да өнер иелері өнер көрсетті.

Ансамбльдің құрамынан түлеп ұшқан дарынды әнші-композиторлар, Жұмағазы Кәкімжанов, Дәулеткерей Аблахатұлы, Әлім Есмағанбетов сынды төл авторларының арқасында «Арқалығым менің», «Пай-пай, «Қайыңдым!», «Қайыңдының кештері», «Ауылдан келген ару» сынды сыршыл әндер дүниеге келді.

«Саз аспаптарының қат кезінде Ақаш сынды кісілер оны қолдан ойып, аталар ізін жалғастырған. Алыстағы ауылдың «Аққайың» ансамблі кезінде сонау Алматыға барып, республикалық деңгейдегі өнер жарысында жүлделі орын алған. Сол толқынның ұстанған бағытын үзбей, жанды дауыста өнерімізді дамытсақ дейміз. Ансамбльдің мерейтойын дәстүрге айналдырып, жыл сайын жүлдесін тігіп, жалғастырмақ ойымыз бар. Қазіргі қолданып жүрген заманауи саз аспаптарымызды Қайыңды ауылынан шыққан азаматтар демеушілік жасап алып берді», дейді жаңарған, жасарған ансамбльдің қазіргі жетекшісі, танымал әнші Нұрбол Әбдіғалымов.

Ансамбльдің бұрынғы мүшесі Балтабек Құрманбаев осы ансамбльдің құрамында екі жылдай ән салғанын айта келіп, «Бүгін осы ансамбліміздің мүшелері жан-жақтан жиналып, халықтың басын қосып, есеп беру концертін өткізіп жатыр. Сағым болған жастық шағымызды еске түсірдік», деді.

Қайыңды ауылының тумасы Мырзағали Досманов «Аққайың» ансамблінде бірнеше толқынның өнер көрсеткенін, мектеп бітірген жылдары сыныптастарының әскерден кейін ансамбльдің құра­мына қосылғанын еске салды.

Арқалық қаласының тұрғыны Тұрман Ашыбаев та бала кезінде «Аққайың» ансамблінің концертін жиі тамашалағанын атап өтті.

«Өмір заңы болғасын буын алмаспай тұрмайды. Ансамбльдің көп мүшесі қазір арамызда жоқ. Ағайынды Ахметшәріп, Молдашәріп Файзуллин деген ағаларымыз да шынайы өнердің туын тіккен хас таланттар болатын. Файзуллиндер ансамблімен де есімдері кеңге жайылды. Кейінгі құрамын жас азаматтар алмастырды. Бұл өте жақсы қадам. Ұзағынан сүйіндірсін дейміз», деді Т.Ашыбаев.

Қайыңды ауылының тумасы Масаты Жамақованың айтуынша, кезінде ансамбльде жақсы әншілер мен күйшілер көп болды. Мейрам Шәкіров, Әбдіхамит Ақашов, Бектас Қасымов, Шайжан Төлегенов пен басқалар ансамбль құрамында болып, өнер биігінен көрінді. Қазір «Аққайың» ансамблінің құрамы жастармен жаңарып жатыр. Келешегі нұрлы болсын!

Иә, жаңа құрам, жаңа леп. Аға буынның батасын алып, жастық жігермен жалындаған «Аққайың» ансамблі енді гастролдік сапармен ел ішін араламақ ниетте. Өнерлі өрендер алғашқы қадамдарын қасиетті Ұлытау өңірінен бастамақшы. Сәт-сапар болсын дейміз.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ, 

журналист

 

АРҚАЛЫҚ