Пікір • 08 Маусым, 2023

Рух пен сенім

275 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өткен жылдың аяғында «Жаңа адам­­дар» атты жастар қозғалысының бел­­сенді өкілдерімен жүздесті. Қа­зір­гі жастардың қоғам өміріне бел­сене араласып, өз ұстанымына берік бо­луы туралы сөз қозғады. Сонда Президент: «Біздің көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сене­мін» деген өлеңі бар. Шын мәнінде, мен де жас­тарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расын­да, біздің елімізге белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміз­дің болашағы жастардың қолында», деген еді.

Осы орайда «Мағжан сенген жас қандай?» деген сұрақ туады. Күнделікті өмірде Мағжан ақынның өзегін жарып шыққан «Мен жастарға сенемін» атты жалынды жыр-сөзін көп айтамыз. Бірақ осы шағын толғаудың астарында атан түйе тарта алмайтын ауыр да салмақты ой жатқанын аңғара бермейміз.

Аталған жырында ақын әуелі ел сенетін, халқымыздың баянды болашағына берік тұғыр болатын жастар қандай болуы керек дегенге терең тоқталады. Ең әуелі: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қай­ратты, Қырандай күштi қанатты, Мен жастарға сенемiн!» дейді.

Осы бір шумақты тәпсірлесек, елі сенетін, халқының бостандығын қорғайтын жастың бойында «арыстандай айбат, жолбарыстай қайрат, қырандай күштi қанат» болуы керек екен. Мұны қазақтың жалпақ тілімен «рух» деп түсіндіріп жүрміз. Марқұм елшіл тұл­ға Ақселеу Сейдімбек «Рухсыз халықты ал­тын­ға бөлеп қойсаң да, бәрібір рухы мықты қауым алдында еңкіш тартып тұрады», деуші еді.

Мағжан жырында «айбат», «қайрат», «күшті қанат» ұғымымен бейнеленген рух – көзге көрінбейтін, тек халықтың гендік биосферасында болатын үрейді жеңу қуаты. Дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін – отар­сыздану үдерісі. Қандай да бір қауымның рухани еркіндігі (тәуелсіздігі) халықтың бо­йындағы үрейдің аз-көптігімен өлшенеді. Рухы мықты халық ешқашан кем-қор болмайды. Неміс оқымыстысы В.Гумбольдт: «Ұлттың өзіне тән данышпан рухы болады. Халық сол рух ерекшелігін сақтай алса ғана өмір сүреді», деп тегін айтпаса керек.

Келесі кезекте Мағжан ақын: «Көздерiнде от ойнар, Сөздерiнде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемiн!» дейді. Осы орайда жарықтық Абай атамыздың: «Ішінде кімнің оты бар, Қар жауса да сөнер ме?» деп тап басып айтқаны Мағжан жырымен керемет көмкеріліп тұр. Яғни ішінде оты бар жастың лаулаған жалынын қар да, жаңбыр да сөндіре алмайды. Мағжанша айтсақ, ішінде оты бар жастың сөзінде жалын, бойында ары мен ұяты болады. Атам қазақ оны «ар-ұяты бар намысты жігіт» дейді.

Бабаларымыз өсіп келе жатқан бота тірсек бозбаланы сынағанда көзінде оты бар ма, жоқ па – соны қарайтын болған. Мысалы, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов өзінің естелігінде 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға барғанын, сонда емтихан тапсыру кезінде тәжірибелі мамандар «мына баланың көзінде оты бар екен» деп сынақсыз қабылдағанын жазады.

Сөзімізді әрі қарай жалғастырақ, Мағжан ақын: «Жұмсақ мiнез жiбектер, Сүттей таза жүректер, Қасиеттi тiлектер, Мен жастарға сенемiн!» депті. Мұндағы ақын айтқан «жұм­сақ мінез» дегені – шариғаттың тілімен айт­қанда, адам баласын екі дүниеде ұшпаққа шығаратын «көркем мінез».

Ислам әлемінің төртінші халифасы, атақты ғұлама Әли ибн Әбу Талиб: «Ең жақсы мирас – білім, ең жақсы жолазық – тақуалық, ең жақсы әдеп – көркем мінез, ең жақсы байлық – қанағат» десе, сахабалар дәуірінен кейінгі ілімгер буын өкілі табиғин Ахнаф ибн Қайыс: «Пендеге берілген ең жақсы нәрсе – таза ақыл және көркем мінез», депті. Ал «сүттей таза жүрек» ұғымына тоқталар болсақ, мұны Абай­дай дәл айтқан ешкім жоқ. Хакім: «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі», деп сүттей таза жүрекке хақтың сәулесі түсіп, ол пенде жүрегі тазарған тұлғаға айналатыны туралы баян еткен.

Сол сияқты Мағжанның «Қажу бар ма тұл­парға, Талу бар ма сұңқарға, Иман күштi олар­да, Мен жастарға сенемiн!» деген шумағы жас­тарды жанкештілікке шақырып тұр. Бұған көп мы­салдың қажеті жоқ, тек өткен ғасыр басын­дағы «Қазақ үшін жүрек майын шам қыл­ған» (Сұлтанмахмұт) Алаш арыстарының әрекеті жетіп жатыр. Жалпы, осы жыры арқы­лы Мағжан ақын өз замандастары Алаш арыс­тарының адами болмысын сомдап, солардың арман-мақсатын жырлап, болашақта халықты көгертетін жастардың сипатын айтып отыр. Сөзінің соңын: «Алаш атын аспанға, Шығарар олар бiр таңда, Мен жастарға сенемiн!» деп аяқтауы бүгінгі ұрпаққа қарата айтылған ­аманат екені даусыз.