Форум • 09 Маусым, 2023

Алматы мен Ыстықкөл арасын жаңа жол жалғайды

614 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекетаралық және өңір­­­лік экономикалық бай­­ла­­ныс­тар­дың нығая түсуі трансше­каралық инфра­құ­рылымның дамуы­на да оң ықпал етіп жатыр. Әсіресе бұл біз секілді теңіз­ге тіке шы­ғар мүмкіндігі жоқ елдер үшін тиімді. Әдет­те транс­шекаралық инфрақұ­ры­лым­дық жобаларды екі немесе одан да көп мемлекет жеке инвесторларды тарта отырып іске асырады және оны сәтті орындаудың оңтайлы тетігі – мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі (МЖӘ) бол­мақ. Жаһан тәжірибесіне қа­райтын болсақ, транспорт, су-энергетика кешені және телекоммуникация сала­ларында МЖӘ қағи­да­ты­на сүйене отырып онда­ған трансшекаралық инфра­құры­лым жобасы жү­зеге асқан. Бұл тетік Еуразия аумағында әлі іске қосыла қоймады. Бі­рақ қолға алуға тиісті алғы­шарт бар.

Алматы мен Ыстықкөл арасын жаңа жол жалғайды

Сочиде Еуразия даму бан­кінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Еура­зиялық конгрес’23» барысында МЖӘ көмегімен жүзеге асырылатын трансшекаралық жобалар мәселесі қозғалды. ЕАДБ бас экономисі Евгений Винокуровтың айтуынша, әлемде жалпы 18 МЖӘ жобасы жүзеге асырылған. Оның 14-і көлік жобалары: теміржол, газ құбырлары, автожолдар мен көпір­лер. Үшеуі – энергетикалық жобалар: барлығы су электр стансалары. Бі­реуі – телекоммуникация саласында.

«Трансшекаралық МЖӘ-нің бас­ты үш критерийі бар, олар – транс­шекаралық инфрақұрылым, екі немесе одан да көп мемлекеттің қатысуы, мәселенің заңдық қырын рет­теп отыратын үкіметаралық келі­сімнің болуы. Амур өзенін кесіп өтетін, Ресейдің Благовещенск жә­не Қытайдың Хэйхэ қалаларын жал­ғайтын автомобиль көпірі салынып, іске қосылды. Одан өзге Еуразия аумағында трансшекаралық МЖӘ тәжірибесі пайдаланылған жоқ», дейді бас экономист.

«Трансшекаралық және ел­аралық МЖӘ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру механизмі ретінде» деп аталатын сессияға «Қазақстандық мемлекет-жекемен­шік әріптестігі орталығы» АҚ бас­қарма төрағасы Самат Сағындықов қатысты. Оның айтуынша, Қазақ­станда МЖӘ-нің белсенді дамуы тиісті заң күшіне енген 2015 жылдан басталды.

«Әлемдегі жаһандану және турбуленттілік жағдайында одақ елдері экономикалық жүйесінің интеграциясы ерекше маңызға ие болмақ. Макроэкономикалық тұрақ­тылықты сақтау, экономикалық өсім қарқынын және өзара сауда көле­мін ұлғайту – соның дәлелі. Деген­мен елдің инвестициялық әлеуе­тін дамыту, тікелей инвестиция тарту және механизм ретінде мем­ле­кет-жекеменшік әріптестігі бұл бағыттағы өзінің айрықша рөлін көрсетті.

Елімізде бүгінге дейін жалпы құны 5 млрд долларға жуықтайтын мыңнан астам МЖӘ келісімі жасалды. Республикадағы ең ірі жоба­лардың бірі ретінде Үлкен Алматы айналма автожолын айта аламыз. Биыл оның құрылысы аяқталды. Жобаға ЕАДБ, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі қаржы бөлген болатын. Сарапшылардың болжамынша, жолды 40 мың автомобиль пайдаланады. Жоба аясында мониторинг жүргізудің интеллектуалды жүйесі енгізілді. Ол тәулік бойы жұмыс істейді және көліктердің бағытын, жылдамдығын, салмағын автоматты түрде анықтайды. Биыл «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық су ресурстарын пайдалану проблемасын көтеріп, суды үнемдеу және суару мәселесі бойынша тиімді цифрлық шешімді енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар су шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу бағдарламасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды», деді С.Сағындықов.

Сондай-ақ Алматы мен Ыстық­көл арасын жалғайтын жаңа жол құрылысы туралы да мәлімдеді.

«Қазір Қазақстан мен Қырғызстан Алматы мен Ыстықкөл арасында балама жол салу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Азия Даму банкінің консультанттары жобаға заңдық, техникалық және қаржылық скрининг жасады. Егер жоба жүзеге асатын болса, Алматыдан Ыстықкөл өзеніне дейінгі жол 85 км-ге жуық қашықтықты құрайды. Қазіргі қашықтық – 460 км. Шамамен жоба құны 160 млн доллардан асып отыр. Ал туннель салу шығынын қоса есептесе, 600 млн доллардан асып кетеді. Бірнеше елдің ресурсын біріктіре отырып трансшекаралық МЖӘ жобаларын жүзеге асыру жаңа өсім нүктесін табуға ынталандырады», дейді ол.

Оның айтуынша, жобаның арқа­сында біздің ел тұрғындары үш нәр­седен ұтады, олар – жанар-жағармай үнемдеу, уақыт үнем­деу және жол төсемі жоғары дең­гей­де жасала­тындықтан, көлік құрыл­ғысына за­қым­ның аз келуі.

Жаңа бағыттағы бір сапардың бағасы 2500 теңге деп белгіленген. Бірақ жолдың құны көлік құрыл­ғысының типіне байланысты өзгер­мек. Жолдың негізгі бөлігіндегі жыл­дамдық сағатына 150 км болса, тау­лы аймақтарда сағатына 30 км-ден аспауға тиіс.

Ол МЖӘ механизмі бойынша өзекті трансшекаралық жоба­лар келесі бағыттарда жүзеге асуға тиіс деп есептейді: көлік, ха­лық­аралық сауда-саттық үшін транс­шекаралық хаб, шекара арқылы өтетін көпір, туннель құрылысы, халықаралық логистикалық орта­лық­тарды дамыту, энергетика, су үнемдеу және IT саласы.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында істелуге тиіс болжамды трансшекаралық жобалар баршылық. Соның ішінде ЕАЭО елдері арасындағы көліктік байланысты күшейтуге, ауыл ша­руа­шылық тауарлары ағынын басқарудың ашық интеграцияланған жүйесін құруға, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесін дамытуға бағытталған жобалар назарға ілігеді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп дамытуға жол ашады, екіншіден, ЕАЭО мемлекеттерінің ЕАДБ-мен, жеке және инсти­ту­ционалдық инвесторлармен, даму институттарымен осындай жобаларды қаржыландыру үшін көп­жақты әріптестігіне негіз­делген ынтымақтастық моделін қалып­тастырады.

Сарапшылардың айтуынша, трансшекаралық жобалар елдерді байланыстырады және сауда ағы­нын ұлғайтып, экономикалық қаты­настарды нығайтуға елеулі ықпал етеді. ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузовтің айтуынша, трансшекаралық жобалардың ауқымы жоғары болатыны сонша­лық, түрлі халықаралық даму банк­тері күш біріктірмесе, жобаның табысқа жетуі екіталай.

«Бірде-бір қаржы ұйымы, тіпті аса ірі ұйым болса да, құны 5 млрд доллардан асатын гидроэлектр стансасын немесе құны 3 млрд долларды құрайтын көлік дәлізін жалғыз өзі қаржыландырмайды. Сондықтан даму институттары мұндай жобалар үшін қаржы ресурстарын бірлесе бағыттауға тиіс», дейді ол.

ЕАДБ-ның МЖӘ жобалар бойынша директоры Светлана Маслованың сөзінше, трансшекаралық МЖӘ-ні құрылымдау өте ұзаққа созылады. Трансшекаралық МЖӘ-нің бір қиындығы – бір ел тарапынан жұмыстың дұрыс атқарылмай, жобаның орта жолда тоқтап қалуы. Бұл түйткілді тарқатуға ЕАДБ мен барлық қатысушы елдің МЖӘ орталықтары арасында қол қойылған меморандум көмектесуге тиіс. Атал­ған меморандумға қол қою ар­қылы тараптар трансшекаралық МЖӘ жобаларды жоспарлауды бірлесе жүзеге асыруға, дайындық үшін инс­титуционалдық тетік құруға ниетті. Келісім транс­шекаралық жоба­ларды жүзеге асыру үдерісін оңтай­ландыра түседі деген сенім бар.