Қоғам • 09 Маусым, 2023

Нұржан Әлтаев қамауға алынды

538 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұржан Әлтаевтың аса ірі көлемде пара алғаны расталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұржан Әлтаев қамауға алынды

7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Н.Б. Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстаған болатын.

Н.Б. Әлтаев «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовке «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесу үшін 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алды деген күдікке ілінген.

Айыпталушы 2020 жылға дейін аса ірі көлемде, жалпы сомасы 135 000 АҚШ долларын қалтасына басқан.

Антикор қылмыс жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, тиісті құжаттармен, заттай дәлелдемелермен, барлық қатысы бар адамдардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен расталғанын мәлімдеді.

Жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, прокуратура органдарының келісімі бойынша Әлтаевтың әрекеттері ҚР ҚК 366-бабы 4-бөлігі бойынша сараланып, Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын айтты.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.