Мектепте 8 сыныпта оқып жүргенде елордада өтетін «Жас Астана жас жеткіншектер көзімен» халықаралық фестиваліне шақыру алып, төбеміз көкке жетердей қуандық. Ауылдан ұзап шығып көрмеген біздің бала қиялымыз жаңа астанаға ойша жүз барып, жүз шарлап қайтатын. Сөйтіп, арман болған Астанаға ғасырлар тоғысында, 2000 жылғы 10 маусымда келу бұйырды.
Елордада мыңжылдықтар мерекесі «Миллениум-пати-Астана» салтанатты шарасы дүркіреп өтіп жатқан кез еді. Ерке есілдің жағасында, көрген жұрт аузын ашып, көзін жұмып тамсанған ғаламат концерт өтті. Сол кездегі (2000 жыл) Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбайұлымен кездесіп, ол кісінің қолынан алғыс хат алғанымыз бала кезіміздегі естен кетпес, ғажап оқиға болғаны анық.
Осы сапар туралы күнделігіме былай деп жазыппын: «Астанадай қаланы, Алтынбектей ағаны көрген бізде не арман бар? Қазақтың жерінде, елорда төрінде тұрып, бойымызды қуаныш кернеді. Бір арманым – жаңа астананы көру еді, орындалды, ендігі тілегім – келешекте осы қалада тұрып, қызмет істеп, ұрпақ өрбітіп, тамырымды тереңге жайсам деймін. Ия, жаратқан, өзің жар болып, тілегімізді қабыл ет!»..
Араға он жыл салып, Астанаға отбасымызбен көшіп келдік. Қаламы жүйрік кіл мықты журналистің басы құралып, «Халық сөзі» атты республикалық газетті жарыққа шығардық. Басылым бетінде елорда мен оның тұрғындарының қордаланған көп мәселесіне қозғау салып, шешімін табуына газет арқылы ықпал еткеніміз рас. Әсіресе астананың қазақылануына қазақ баспасөзінің сіңірген еңбегі көп.
Сол кезде елордада әрбір жаңа туған сәбидің құрметіне бір түп ағаш егу дәстүрге айналған еді. Шүкір, бұл күнде еккен ағашымыз жайқалып өсіп, төккен теріміз текке кетпеді. Қазақ мұндайда «Маңдайыңның бағы бес елі екен» деп жатушы еді, бес бірдей ұрпақ сүйіп, көп балалы отбасы атандық. Ата-анамыз да елордаға қоныс аударып, ортамызды толтырып, отбасымызды байытып отыр. Тәубе!
Осылайша бала кезгі арманымыз ақиқатқа айналып, арқа төсінде өрісіміз кеңейіп, ырысымыз молайып, тамырымызды тереңге жайып келеміз.
Астанамыздың ширек ғасырлық тойы құтты болсын!