Спорт • 11 Маусым, 2023

Арман – «Атырау барысы»

665 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда да қазақ күресіне бет бұрған балуандар қатары көбейді. Бұл Астана күні қарсаңында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңінде байқалды.

Арман –  «Атырау барысы»

Сайыс басталмас бұрын 15 балуан қарсыласын жеребе арқылы таңдады. Оның ішінде 7 ауданнан 13, Атырау қаласынан 2 балуан бар. Ба­луандар 92 кг-дан жоғары салмақта бақ сынады.

«Қазақ күресінде ептілер мен күштілердің ғана бағы жанады. Алайда ұпай санымен алда тұрған балуанның бір се­кундта ұтылып қалатын сәті жиі кездеседі. Өйткені төл спортымыздың осындай ерек­шелігі бар», дейді аға жат­тықтырушы Айбек Серғазиев.

Сынға түскен балуанның бәрі аталған күрестің әдіс-тәсілін жетік біледі. Мәселен, Бек­бол Мұқашев спорттың бұл түрін бала кезінен серік етіп келеді.

«Қазақ күресімен 6 жасымнан бері шұғылданамын. Маған жекпе-жек спортының бәрі ұнайды. Бірақ көңілім қазақ күресіне ауды», дейді Б.Мұқашев.

Бұл сайысқа бірнеше рет қатысып, тәжірибе жинаған балуандар да бар. Соның бірі 27 жастағы Арман Қалиев би­ыл­ғы іріктеу жарысына төр­тінші рет қатысты. Әсіресе дзюдодан спорт шебері Әділет Сапарғалиевпен белдесуі тартысты өтті.

«Спорттық сайыстың бәрі де тартысты өтеді. Ал қазақ кү­ре­сіндегі белдесудің жөні бөлек. Жартылай финалдағы бел­десу оңай болмады. Әді­лет – қазақ күресін мықты мең­герген балуан. Бұрын дзю­­додан Қазақстанның чемпионы атанған. Бұл күресте самбошылар, дзюдошылар,  бас­қа да жекпе-жек түр­лерінің өкіл­дері бақ сынап жүр. Бірақ же­ңілмеу үшін намысқа тырыс­тым», дейді А.Қалиев.

Қарсыласының бәрінен басымдығын танытқан А.Қа­лиев «Атырау барысы» атанды. Оған үздік балуан дипломымен бірге 500 мың тең­ге­нің сертификаты берілді. Ал екінші орынның жүлдесі – 300 мың теңгені Қызылқоға ауда­нының балуаны Бекбол Мұқашев жеңіп алды. Үшінші орын мен 200 мың теңгеге Жылыой ауданынан қатысқан Б.Шағатаев ие болды.

 

Атырау облысы