Дәстүр • 11 Маусым, 2023

Салт аттылар сапары

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Мәде­ниет және спорт министр­лігіне қарасты «Бо­зоқ» мемлекеттік та­ри­хи-мәдени музей-қо­рығының ұйымдас­ты­руымен «Сары­ар­қаның көне жолдары» республикалық этнографиялық іс-шара аясында елорда іргесіндегі Бозоқ қалашығынан салт аттылар экспедициясы жолға шықты.

Салт аттылар сапары

Ұйымдастырушы тарап­тың мұндағы мақсаты – қа­зақ жеріндегі далалық қала мәдениетінің ерен үлгісі һәм қазіргі астанамыздың «атасы» Бозоқ қалашығының зерттеле бастауының 25 жылдық датасына орай, оның тарихи-  мәдени маңызын насихаттау және халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мының құрылғанына 30 жыл толу құрметіне тарту екен.

Бозоқ қалашығы хроно­логиялық тұрғыдан: ежелгі түрік ғибадатханасы, ортаға­сырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, ста­ционарлық тұрғын үй­лер, өндіріс орындары, қазақ­тардың қыстауы және суару жүйесінен тұрады. Со­ны­мен қатар қалашық материалдары төрт ортаға­сырлық мемлекеттік құры­лым­дардың тарихын көрсе­теді: Түрік қағанаты, Қыпшақ хан­дығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қала­шық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағының ислам­данған элитасының рухани орталығына айналып, діни-ме­мориалдық кешен қалып­тасыпты. XVIII-XIX ғасыр­ларда мұнда қазақтың шаруа­шылық нысандары (қыс­таулар) орналасқан көрінеді.          

Алда атап өтілуге тиіс Ас­тана қаласының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйым­дастырылып отырған бұл шараны «Аt-travel» ат клубының шабандоздары қолға алыпты. Осылай Бозоқтан басталған сапар Ұлытау жерінде, нақ­тырақ айтқанда Ұлық ұлыс­­тың негізін қалаушы Жо­­шы ханның кесенесі аума­ғында тізгін тартпақ.

Яғни салт аттылар елорда іргесіндегі ежелгі қоныс Бозоқтан аттанып, Ұлы дала тарихының кіндігі Ұлытауға дейінгі сапарын бір аптаға жоспарлап отырған көрінеді. Аталған экспедицияның бел­ді мүшесі әрі журналист Ер­жан Жаубаймен хабар­лас­қанымызда, «Сапарға жарамды арқалы аттарды таңдап мініп, сегіз шабандоз елордадан жолға шықтық, бізге қосылу үшін тағы бір төрт салт атты Ұлытаудан аттан­ды. Бұйырса, қос тарап Ал­ғабас ауылында түйісіп, әрі ­қарай Жошы кесенесіне бірге жол тартамыз. Жолай халқымыздың тарихына қатысы бар нысандарға ат басын бұрып, оны насихаттау шараларын қарастырамыз»,  деді.