Пікір • 11 Маусым, 2023

Хакерлер Джобсты неге жек көреді?

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Apple» корпорациясының негізін қалаған Стив Джобс 10 жыл бұрын өмірден өтсе де, оның адамзат игілігі үшін ашқан жаңалығы өнертап­қыштың есімін тарих бетінде мәңгілікке қалдырғаны даусыз. Десе де ел аузында жүрген әйгілі адамды ұнатпайтындар да бар екен. Олар кімдер дейсіз бе? Хакерлер!

Хакерлер Джобсты неге жек көреді?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Стив Джобс 21 жасында досы Стив Возняковпен өз компаниясының ірге­тасын қалағаны баршаға мәлім. Ал оған дейін Стив колледжде оқыған. Бірақ аяқтай алмаған. Оны колледж­ден шығарып жіберген. Тіпті болашақ кәсіпкер есірткі қолданып, Үндістанда 7 ай тұрып, рухани азық алып, емделген екен.

Джобс Орегон штатындағы Рид колледжінде білім алған. Алғашқы курста миллионердің есінде қал­ғаны – каллиграфия. Қазақша тәпсір­лесек, каллиграфия – құсни хат, яғни әдемі жазу өнері. Міне, болашақ миллионердің кәсібінің алғашқы қа­дамы да дәл осы өнерден басталған. Стив каллиграфияға бар ынтасымен берілген. Дәл сол уақытта өнертапқыш адамдарға мини­малистік әрі функционалды дизайннің керек екенін түсінеді. Оның 2011 жылы екінші айпадты «өнер және жаңа тех­ноло­гиялар қиылысы» деген жаз­ба­мен көпшілікке таныстыруы да сон­дықтан. Джобс әлгі іс-шарада «Apple»-дің ДНК-сына бір ғана техноло­гия жеткіліксіз. Технология мен өнер­ді, гуманитарлық ғылымдарды бі­рік­тіріп, оның нәтижесін көргенде ғана жүрегіміздің қағысы жиілейтіні анық», деген екен.

Ал енді мақаланың тақырыбындағы сұраққа келейік. Иә, хакерлер «Apple» мен Стив Джобсты ұнатпайды. Себебі өнертапқыш жабық жүйелерді ойлап тапқан. Ол бөгде адамдар кіріп, өзгер­тулер мен түзетулер енгізе ал­­майтын мінсіз құрылғыны жасап шығарды. Ал мұндай жағдайда ха­керлердің қара терге түсетіні айтпаса да түсінікті. Әуелде Джобс ұялы байланыс құралына «Apple»-дің арнайы қосымшаларын ғана орнатуды көздеген. Кейін оны қыз­меткерлері райынан қайтарыпты.

Джобс өмірден өтіп кетсе де, ком­па­ниясының жұмысы табысты жалғасып жататын адамдарға тәнті болған екен. «Apple»-дің де өзі­нен кейінгі ғұмыры осылай болса екен деп армандапты. Оның асқақ арманы орындалғанына сіз бен біз куәміз. Сатылым бойынша «Apple» рекорд жаңартудан алдына қара салар емес. Бұл компания әуелі әлем бойынша алғаш рет 1 млрд долларға тең сатылым жасады. Кейін бұл рекорды жаңартып, 2 млрд доллар қаражат жинады. 2021 жылдың қаңтар айында белсенді «Apple» қолданушыларының саны 1 миллиард адамға жеткенін де қаперіңізге сала кетейік.

Айтпақшы, тірісінде Джобстың үс­тінен қара жейдені тастамайтынын көр­ген шығарсыз. Бұл оны өзгелерден ерек­шелейтін образ. Оны жапондық ди­зайнер Иссэй Миякэ Стивке арнап 10 да­насын тіккен. Джобстың бұл жейдеге көңіл аударуы да тектен-тек емес. Ол 1980 жылы Жапонияда «Sony» компа­ниясы қызметкерлерінің жұмысқа арналған арнайы формасын көріпті. Бұ­л өнертапқыштың кө­ңілінен шыққан әрі форманы «Apple» қызметкерлеріне ұсынған. Алайда жұмысшылар мен Джобс­тың талғамы сәйкес келмей олар қара жейдеден бірден бас тартыпты. Бірақ мил­лио­нер қара жейдесін тастаған емес. Кейін бұл образ жалпыхалықтық сипат алды.