Қазір қорғаныс ведомствосының барлық әскери бөлімінде жауынгерлік дайындық сабақтары өтіп жатыр. Оған Қарулы Күштердің жеке құрамы толық тартылып отыр. Негізгі мақсат – жауынгерлік әзірліктің түрлі деңгейін енгізу кезінде әрбір әскери қызметшінің іс-қимыл тәртібін пысықтауға арналған.
Әскерлердің тұрақты орналасу пункттерінде, полигондарда, әуе айлақтарында, бастапқы позицияларда және теңізде жүктелген жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындық мәселелері іс жүзінде пысықталып жатыр. Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерінің ықтимал қауіп-қатерлерге ден қою дайындығын тексеру мақсатымен әскери-көліктік авиация ұшақтарымен белгіленген ауданға жеткізу жүзеге асырылды.
Барлық іс-шара жергілікті атқарушы органдармен, аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен, басқа да әскерлер және әскери құралымдармен өзара тығыз іс-қимылда өткізіліп жатқанын айта кету керек. Сабақтар жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде әрбір әскери қызметшінің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған.