Ал іскерлік әлемінде адам денсаулығына зиянды азық-түліктер, өндірістік майлар, түрлі қоспалар, вейптер, темекі-шылым өндіретін компаниялардың барлығы «этикаға жатпайтын» бизнес өкілдері деп есептелінеді. Өкінішке қарай, қайдан шыққаны белгісіз шылымдар: электронды темекі мен темекі қоспаларының зияны орасан бола тұра, оны жарнамалауға заңмен тыйым салынса-дағы, саудасы жүріп жатыр. Жасырын жарнаманың сырын әбден меңгеріп алған әккі компаниялар мұны қалай жасау керектігін де жақсы біледі.
Ал мамандар электронды темекі мен темекі қоспаларының құрамында тұтатқан кезде адамға қауіп тудыратын зиянды заттар түзетін сұйықтық болатынын, есірткі заттарының жаңа түрлері – шылым қоспалары немесе жасырын зертханаларда алынған синтетикалық есірткілер тәуелділік пен ағзаға келтіретін зияны жағынан героиннен асып түскенін айтудай-ақ айтып жүр.
«Қазіргі темекі қоспаларының қайдан шыққаны шынымен белгісіз. Біреулер мұндай қоспалардың рецептурасы АҚШ зертханаларында жасалған десе, енді біреулер мұның таралуына Нидерланд пен Ұлыбританияны кінәлайды, қалғандары осындай улы заттарды жаппай жеткізіп отырған Қытай деп есептейді. Есірткіні тұтынушылардың негізгі бөлігі – жастар мен жеткіншектер. Темекі қоспалары немесе спайстар жастар арасында жылдам тарап кетті», дейді Психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры Сапар Рахменшеев.
Керісінше, вейп шығаратын компаниялар өз өнімдерін денеге мүлдем зиянсыз хош иісті зат ретінде дәріптеп отырған жоқ па? Бірақ мамандар түгілі темекі қоспаларының барлығында есірткілік (еліткіш) қасиеті бар екенін, ол физикалық және психологиялық тәуелділік тудыратын жасанды жолмен, психоактивті заттардан жасалғанын бәріміздің де ішіміз сезеді.
«Темекі қоспалары синтетикалық каннабиноидтер негізінде жасалады. Темекі қоспалары миға кәдімгі каннабис (анаша) сияқты әсер етеді, тек он есе күшті. Оны шегетін адам шынайы өмірмен байланысын жоғалтып, өзін-өзі сақтау түйсігі жиі өшіріледі, қозғалысын басқаруы қиындайды, мағынасыз сөйлеп, басқалар өзін түсінбейді деген желеумен тез ашуланады. Психозға жиі шалдығады», дейді С.Рахменшеев.
Осы мәселемен күнделікті бетпе-бет келіп отырған маман оның жастар арасында кең тараған есірткі түрлерін – JWH темекі қоспаларын атады. Жастардың тілмен айтқанда, бұл жоспар, дживик, спайс, микс, шөп, көк шөп, кітап, журнал, бошки, палыч, қатты, жұмсақ, химия, пластик, жабысқақ, шие, шоколад, түтін деп шұбырып кете береді.
Мұндай заттарды қолданғаннан кейін энергия, эйфория, ұйқысыздық пенгаллюцинация пайда болуы мүмкін. Есірткінің әсері тоқтағанда адамның дегбірі қашып, қатты үрей, өлім сияқты түрлі қорқыныш пайда болады.
«Химиялық препараттар орталық жүйке жүйесінің жасушаларын тез бұзады, интеллектіге, ойлауға, зейінге, есте сақтауға кері әсер етеді», дейді дәрігер.
Сондықтан да мамандар үйдегі баланың тыйым салынған нәрсенің дәмін татып жүргенін тану соншалықты қиын емес, ең бастысы мұқият болу керектігін ескертеді.
Егер адамның өз қимылын басқаруы қиындап, көз қарашығының үлкеюі, сөзінің түсініксіз болуы, эмоционалды тұрғыда шамадан тыс қозу, терінің қызаруы немесе керісінше, қатты бозаруы сияқты белгілер пайда болса, онда ата-ананың алаңдауға негізі бар. Мұндай пациенттер көбінесе бас ауруына, бір нәрседен екінші нәрсеге күрт ауысу, есте сақтау қабілетінің құрығанына шағымданады. Мұның бәрі – үлкен дерттің басы ғана.
Егер бұл аз десеңіз, өткен жылы темекі патшаларының лоббиіне қатысты дабыл қаққан «ҚазАлкоТемекі» нарықта контрафактілік темекілер пайда болып, шылымқорлар өздерін белгісіз нәрсемен уландырып жүргенін мәлімдегенін еске сала кетуге болады.
Ал бізге қалғаны – вейптер мен қыздырылатын темекісі бар түтінсіз бұйымдар (ҚТБ), тағы басқасының айырмашылығын, зияндылық деңгейлерін зерттеп, жастардың санасына құя беру.
АЛМАТЫ