Қоғам • 12 Маусым, 2023

Баж салығы төленбейтін көлік

2364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Электромобильді дәуір есігімізді қағып тұрғаны анық. Қазірдің өзінде еліміздің бас қаласы мен Алматы секілді ірі қала көшелерінен электромобильді көліктердің жүйткіп жүргенін көзіміз көріп жүр. Таяуда «Sony» компаниясы «Afeela» деген электромобиль шығарып, өнімін жұртшылыққа таныстырғанда, сарапшылар «Қазіргі заманның шекарасы жоқ, себебі көлік жасаушылар гаджет, ал гаджет жасаушылар көлік шығара беретін дәуірде өмір сүріп жатырмыз», деген еді.

Баж салығы төленбейтін көлік

Ендігі мәселе электромобильді кедендік бажсыз ресімдеу тәртібіне қатысты болып тұр. Өйткені қазіргі уақытта әлемнің дамыған елдерінің бәрінде экологиялық стандарттарға ерекше көңіл бөлініп, болашақта көлік қозғалысының электромобильдік түріне көшу мәселесіне байланыс­ты кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Осы орайда Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары Бекен Нұрахметов Қазақстан Республикасының азаматына жә­не Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын тұлғаға кедендік са­лықтар мен төлемдерден босатыла отырып, 1 электромобиль әке­луге рұқсат етілгенін атап өтті. Оның мәлім­деуінше, бұл іс-әрекет Қаржы минис­трлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, Еуразиялық экономикалық комиссиясы Алқасының 2017 жылғы 20 желтоқсандағы «Жеке пайда­лану­ға арналған тауарларға байланыс­ты кейбір мәселелер туралы» №107 шешімі 3-қосымшасының 9-тар­мағы­на сәйкес қолға алынып отыр.

Ал кедендік рәсімдерден өту үшін қандай құжаттар керек деген сұраққа келер болсақ, Бекен Нұрахметовтің хабарлауынша, Қа­зақстан Республи­касы азаматының жеке басын куәландыратын құжат, иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын құжаттар, сондай-ақ тауарға ілеспе құжаттар (CMR, ТТН, инвойс, тех.төлқұжат) және өз қолымен тол­тырылған кедендік декларация­сын жолау­шы кеден бекетінің инспекторына ұсыну қажет. «Бұл ретте, декларация бланкісі, оны тол­тыр­ғаны және декларация­ны тапсыру үшін ешқандай ақша төлен­бей­ді. Сонымен қатар электро­мо­биль­ді рәсімдеген азаматқа Ресей Фе­дерациясының азаматтығы бар және Ресей Федерациясында тұрақты тұра­тын тұлғаларға кедендік тазартудан өткеннен кейін 3 жыл бойы иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығына шектеу қойы­латынын ескертіп өткеніміз артық болмас», дейді «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары.

Ел тұрғындары арасында электр қуатымен жүретін мұндай көлікке сұраныс күннен-күнге артып келеді. Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын Қазақстанда 19 электр көлігі тіркелсе, өткен жылы олардың саны 900-ге жуықтаған. Бұл көліктердің жартысына жуығы Алматы көшелерінде жүр.

Жалпы, Қазақстанда қазір 4,5 млн көлік тіркелгенін ескерсек, электромобиль нарықта барлық «темір тұлпардың» 0,02 пайызын құрайды екен. Электрлі көліктер ішінде «VW ID» 4,5,6 дегендері, сондай-ақ «Zeekr 001» маркісі де үлкен сұранысқа ие болып жүр. Алайда Мәжіліс депутаты Ерлан Жаңбыршин «Қазақстанда электромобильдерді пайдалану үшін дамыған инфрақұрылымның болмауы, сондай-ақ олардың құнының қымбаттығынан электр қозғалтқышы бар автомобильдердің үлесі әлі де төмен», дейді.

«Мысалы, Қазақстанда бар болғаны 100-ден аса электрмен қуаттайтын станса бар. Ал Германияда мұндай 7 мыңнан астам станса жұмыс істейді. Франция 2030 жылға дейін электрмен қуаттайтын стансалардың санын 7 млн-ға жеткізуді көздеп отыр. Сол себепті елімізде электромобильдерді дамытуға қатысты дайындаған заң жобалары электромобильдердің инфрақұрылымын дамытуға бағыт­талған. Заң жобаларында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құры­лысы және құрылыс қызметі туралы», «Автомобиль жолдары тура­лы», «Автомобиль көлігі туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар туралы», «Жол жүрісі туралы» заңдарына түзетулер енгізу көздел­ген», дейді депутат.