Билік – уақытша, білім – мәңгілік
Біріншіден, бұл реформалардан мұғалімдер қауымы тыс қалды. Олардан елімізде жүргізіліп жатқан жоба-бағдарламалар туралы ақыл-кеңес сұрау былай тұрсын, мұғалімдердің реформа туралы айтқан қарапайым пікірін ешкім қаперге алған жоқ. Екіншіден, ғылыми тұрғыда зерттеліп, сарапталмаған реформаларды жүзеге асыруда технологиялық мүмкіндігімізді ешкім есептеп, сараламады. Үшіншіден, реформаны жүзеге асыратын ең басты тұлға – мұғалімнің де, оқушының да ұлттық менталитеті мен психологиялық ерекшеліктері ескерілмеді. Төртіншіден, жаңаның көзі саналатын реформалар оқушыға білім беру тұрғысынан келгенде қалыптасқан оқу жүйесінен әлдеқайда төмен еді.
Осыдан бір ғасыр бұрын қабылданған «Алаш» партиясының бағдарламалық тұғырнамасында: «...оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы, үкімет оқу ісіне кіріспеуі керек», деп тайға таңба басқандай жазылған. Өкінішке қарай, мұның түп мағынасын зерттеп, саралаған ешкім жоқ. Шындығында, білім-ғылымды басқару атқарушы биліктен тыс тұруға тиіс. Себебі кез келген атқарушы билік – уақытша. Ал ұлттың өркениетке жету жолы мен даму стратегиясын айқындайтын білім-ғылым – мәңгілік. Уақытша билік арқылы білім-ғылымның мәңгілік жолын басқару мүмкін емес. Сондықтан өркениетті елдердегідей білім-ғылымды дамытудың жан-жақты жетілген, тұрақты жүйесін қалыптастыруымыз керек. Өркениет биігіне жеткісі келген кез келген мемлекет білім-ғылымның өркендеуіне жағдай жасай отырып, өскелең жас ұрпақ санасына білім негізін қалауға міндетті. Ал білім негізі – мектепте қаланады.
Ал елімізде жасалған білім реформаларында бәрі керісінше болды. Бұл реформалар біздегі қалыптасқан оқу жүйесінің де, сол жүйе бойынша білім алып жатқан мектеп оқушыларының да білімге деген психологиялық көзқарасының тас-талқанын шығарды. Себебі батыстық оқу жүйесінен талғамсыз көшіріліп, еліміздің білім саласына күшпен енгізілген бұл реформалардың өзегінде жүйелі білім негізі жоқ еді. Мектеп оқушыларына өзін қоршаған сыртқы қоғамдық ортаны таныстыра отырып, өзіндік тұлғалық көзқарас қалыптастыру үшін берілетін білімде олардың жас ерекшелігі ескерілуі керек әрі үдеріс жүйелі негізде болуы керек. Реформалардың бірде-бірі осы қарапайым қағиданы ескермеді. Реформалар арқылы жүйесіз берілген білім салдарынан жеке тұлғалық көзқарасы қалыптаспаған, білімге деген құштарлығы төмен енжар ұрпақ өсіп-өнді.
«Бір мемлекетті басып алу үшін оған соғыс ашып, атом бомбасын тастап әуре болудың қажеті жоқ. Ол үшін сол елдің білім жүйесін тас-талқан етсең болды», деген ұстанымдағы шетелдік диверсиялық күштер бір адамға табынып, жемқорлық жайлаған біздің авторитарлық жүйедегі парақор шенеуніктерді парамен сатып алып, «Қараев технологиясы», «Кембридждік оқу әдісі», «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформалары арқылы еліміздің қалыптасқан білім жүйесін тас-талқан етіп, ұлт болашағын жойып, тәуелсізігіміздің тамырына балта шауып жатқандай болып көрінеді маған. Рас, «ұлт болашағы», «мемлекеттік мүдде» деген ұғымның не екенін білмейтін кейбір жемқор шенеуніктерден бәрін де күтуге болады. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың психологиялық тұрғыдағы жеке тұлға болып қалыптасуында жетекші күшке ие, ұлттық рух пен ұлттық кодымыздың негізі – «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ әдебиеті» пәнін жүйелеп, ғылыми негізде оқытпайтын, «Қазақ тілі» пәнінің грамматикасын жүйелі түрде тереңдете меңгертіп, бұл пәннен диктант жаздырмайтын, «дұрыс емес» деп оқушының қатесін түзеуге болмайтын, оқушыға ойын жазбаша түрде сауатты жеткізуге үйретпейтін «реформалар» жоғарыда айтқан ойымыздың анық айғағы емес пе!?
Анығына келсек, өзімізден де бар. Негізінде, біздің қоғам – авторитарлы жүйеге бейім. Оның негізгі себептерін мемлекеттік жүйемізді – жалғыз хан, ауылды – ақсақал, тоқсан түрлі түйінді бір-ақ ауыз сөзбен шешетін жалғыз би басқарған еліміздің сол кезеңдегі сот жүйесі мен барлық мәселені бір ғана партия шешкен кейінгі кеңестік жүйеден іздеу керек сияқты. Авторитарлық жүйе қанымызға сіңіп, етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен. Қалай десек те, бүгінгі қазақ қоғамы жалғыз адам басқаратын авторитарлы жүйеге бейім. Авторитарлы жүйеге бейімділіктің бір жақсы жері – жоғарыдан басталған кез келген реформаны жүзеге асыру оңай. Төмендегілердің өзі жоғарыдан үнемі реформалы жаңалық күтіп отырады. Сондықтан болу керек, жоғарыдан басталған білім реформалары қоғам тарапынан еш қарсылықсыз қабылданып жатты.
Осыдан 16-17 жыл бұрын басталған «Қараев технологиясы» атты «реформаның» алғашқы «тірі нәтижелері» – «жоғалған ұрпақ» атойлап алдымыздан шыға келгенде ғана: «Ойбай, мыналар қайдан пайда болды?», деп маңдайы тасқа тиген бекіре балықтай «ах» ұрдық. Міне, осы кезеңнен бастап елімізде білім реформаларына деген жаппай қоғамдық қарсылық пайда болды. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде білім саласын 14 министр басқарыпты. Орта есеппен алғанда әр министр жайлы «креслода» екі жылға жетер-жетпес уақыт отырыпты. Бір қызығы, министр болғандардың барлығы да еліміздің білім саласына өз реформаларын «сүйреп алып» келді. Оларға «Бұларың қалай?», деген бір адам болмады. Осыдан кейін «Ұлтымыздың білім саласына қара ниетті диверсиялық күштер жоспарлы түрде шабуыл жасап жатқан жоқ па?», деген ойға қалдық. Білім реформаларына да күдікпен қарай бастадық. Қазір бұл саланы Ғани Бейсембаев басқарады. Біздіңше, халықтың қазіргі министрден күтері көп. Бәрін уақыт көрсетеді, әрине.
Жоспар жазудағы жүйесіздік
Соңғы білім реформасы – «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқу жоспары «ұзақмерзімді жоспар» және «қысқамерзімді жоспар» болып екіге бөлінеді. Министрлік бекіткен оқу стандартына сай, ұзақмерзімді оқу жоспарын сағат санына ыңғайлап, мұғалімнің өзі түзгені – құптарлық іс. Ал мұғалімнің қысқамерзімді оқу жоспары педагогика ғылымы тарихында бұрын-соңды болмаған дүние. Айтып отырғаныңыз қысқамерзімді оқу жоспары болса, бұрын да сабақ жоспарын жазып жүрген мұғалімге оның несі қиын дерсіз. Қиындығы сол, бұл – белгілі формада өзіндік формуламен жазылатын оқу жоспары. Әуелі сабақтың мақсаты, одан әрі оқу мақсаты, белсенді оқыту әдістері, саралау әдістері мен критериалды бағалау түрлері және сабақтың ықпалды қорытындылары, қабілетіне қарай топқа бөлінген оқушылар тақырыптан не үйренді... Қысқасы, қандай қимыл жасап, не істедіңіз бәрін-бәрін хаттап жазып отыруға міндеттісіз. Әрі барлығы да өз кезегімен болуы керек. Тура бір кроссворд шешіп отырғандай боласыз. Осындай жағдайда жазылып, компьютерге басылған қысқамерзімді жоспар 3-4 парақ жазуға айналады. Әр сыныптың деңгейі әртүрлі. Сондықтан бірдей сынып болса да, әр сыныпқа жеке-жеке қысқамерзімді жоспар жазасыз. Ойланып, ақыл тезіне салып көріңізші. 16 сағаты бар мұғалім күніне 3-4 сағат сабақ беріп, әр сабаққа 3-4 парақ қысқамерзімді жоспар жазса, ол орта есеппен күніне 10 парақ, аптасына 50 парақ, айына 200 парақ, бір оқу жылына 1 600 парақ жазу жазады екен. 1 600 А4 парағын екіге бүктесек 3 200 бет шығады. 3 200 бетті 300 беттен кітап етіп түптесек, бір мұғалім бір жылда орта есеппен 300 бетті 10 том кітап жазады екен. Бұған әр оқушыдан алатын бөлімді жинақтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды қосыңыз. Мұның бәріне кететін қағаз бен оны компьютерден шығаруға жұмсалатын шығындарды мұғалім өз қалтасынан төлейді. Бұрынғы қағазбастылық деп жүргеніміз – қазіргі қағазбастылықтың қасында баланың ойыны болып қалды. Министрліктің «Мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқардық», деп жүргені – бос сөз. Анығында, бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есе өсті.
Айтудың өзі ұят, бірақ қазіргі таңда мұғалімдердің білім жетілдіру курстары ұстаздарға тек қана қысқамерзімді жоспар, ұзақмерзімді жоспар, бөлімді жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау жазуды ғана үйретеді. Қысқамерзімді жоспарды жазуға 1 сағаттай уақыт кетеді екен. Мұғалім күніне 3-4 сағат тек қана қысқамерзімді жоспар жазса, сонда ол қай кезде қосымша әдебиеттер оқып, кәсіби тұрғыдан өзін өзі жетілдіреді? Қазіргі мұғалімдерді кітап оқымайды деп кінәлаймыз. Олардың оған уақыты да жоқ. Мектеп әкімшілігі оқу стандартына сәйкес, мұғалімдерден қысқамерзімді жоспар, ұзақмерзімді жоспар, бөлімді жинынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау талап етеді. Заңды бұзуға болмайды. Алайда оны айналып өтуге әрқашан да мүмкіндік бар. Ол ептілігіңізге байланысты. Қазір мұғалімдер де қулыққа көшкен. Сағаттап отырып қысқамерзімді жоспар жазып әуре болғанша, интернеттегі дайын дүниеге тақырып қойып ала салады. Бір мектептегі пәленбай мұғалімнің, пәленбай беттік қысқамерзімді жоспарын оқып, тексеріп отыруға мектеп әкімшілігінің уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Сонымен сабақ бір жақта, сабақ жоспары бір жақта, мұғалім тіптен басқа жақта қалады. Сапасыз оқулық, қағазбастылықпен «тұншығып» жатқан мұғалім, жүйесіз оқу стандарты... Осындай жағдайда мектеп оқушыларынан қандай сапалы білім күтуге болады? Қазіргі мектепте тірлігі түзу, жүйкесі бүтін бір мұғалім жоқ. Қысқамерзімді жоспар жазу мұғалімдерді жүйке ауруына шалдықтырып, жынды ететін түрі бар. Қысқамерзімді жоспар – методикалық нұсқау. Ал методика ғылым емес, ол – әдіс! Қандай әдіс қолданса да, мұғалім оқу стандартына сәйкес тақырыбын шәкірттеріне меңгертсе болды емес пе?! Тек, қысқамерзімді жоспар жазып қана оқушыға сабақ тақырыбын меңгерт деп талап қою – мұғалімнің кәсіби һәм адами құқығын аяққа таптау! Меніңше, оқу стандартына сәйкес, тақырыпты оқушыға қалай меңгертемін десе де, ол мұғалімнің құзырындағы жеке шаруа болуға тиіс.
«Kundelik.kz» – күрделі мәселе
Ресей оқу жүйесінің «Дневнигінен» айна-қатесіз көшіріліп алынған деп сынала берген соң, затын емес, атын ғана өзгерткен бұрынғы «Kundelik.kz», қазіргі «Bilim Land» ел мұғалімдерінің бас ауруына айналғанына біраз болды. Мектепте интернет бар ма? Компьютермен қамтамасыз етілген бе? Мұнда ешкімнің шаруасы жоқ. «Батыс өркениетін қуып жетеміз, алға!», деген жаппай ұранмен ел мектептерінің «Kundelik.kz»-ке кіріп кеткеніне біраз уақыттың жүзі болды. Содан бері мұғалімдердің ішкені – ірің, жегені – желім.
«Kundelik.kz» – «Bilim Land» арқылы оқушы күнделігінің жойылып, сынып журналының электронды нұсқаға көшуі педагогика-психологиялық тұрғыдан өте қате шешім болды. Мектеп ең кемі 5G интернетпен, оқушылар 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілген жағдай болса, әңгіме бөлек. Өкінішке қарай, мұндай жағдай дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін қиял-ғажайып дүние болып тұр. Не интернеті, не жеткілікті компьютері жоқ дәл біздің жағдай «штансыз бұтқа – қайыс бау» дейтіндей, өте күлкілі әрі аянышты. Себебі бізде мұғалімдердің де, оқушылардың да компьютермен һәм интернетпен қамтамасыз етілуі өте төмен деңгейде. Орта есеппен 1 мың бала оқитын мектепте 170-250 оқушы ғана компьютермен қамтамасыз етілген. Ал интернет болса нашар немесе мүлдем жоқ. Осындай жағдайда «Kundelik.kz» – «Bilim Land» арқылы баланың білім деңгейін анықтау қаншалықты ақылға қонымды? Бұл бір.
Екіншіден, сыныпта журналдың болуы, сол журналдың соңғы парақтарындағы оқушы туралы толық мәлімет және оқушыға күнделікті баға қою мұғалімге оқушыларды психологиялық тұрғыдан толық зерттеп білуіне мүмкіндік тудыратын еді. Қазіргі мұғалім өз оқушыларын тұлға ретінде жеке зерттеуі былай тұрсын, оларды толық танып білмейді де. Оған мүмкіндігі де жоқ. Оқушыларды толық зерттеп білмеген соң, біртүрлі өтірік сабақ беріп жүрген секілді күй кешесің. Сыныпта журнал болса, оқушы журналға қойылған бағаны көзімен көріп, сабаққа қарай бет бұрар еді. Журнал қолымызда тұрғанда тоқсан соңында оқушыдан ауызша не жазбаша сынақ алып, «егер «4»-ке не «5»-ке шыққың келсе, мына тақырыпты оқып кел», деп тапсырма беретінбіз. Бұл әдіс баланың білімге деген ынтасына әсер ететін. Қазір ол жоқ. Бүкіл мектепте интернеттің 2-3 нүктесі ғана бар. Ол жердегі мұғалімдер арасындағы кезектің өзін айтпағанда, мектептегі интернет нүктелерінің өзі күндіз нашар, тек түнге қарай жақсы жұмыс істейді. Сонда мұғалім «Kundelik.kz»-ті тек түнде ғана толтыруы керек пе? «Kundelik.kz» мұғалім мен оқушысы компьютермен толық қамтамасыз етілген, интернеті мүлтіксіз жұмыс істейтін елдерге қолайлы шығар. Ал біздің жағдайда бұл мұғалім психологиясына әсер етіп жатыр. Себебі мұғалім еңбекақысы «Kundelik.kz» арқылы толтырылған журнал бойынша есептеледі.
«Kundelik.kz»-тің тағы бір ерекшелігі – мұнда оқушыға «2» деген баға қоюға болмайды. Егер мұндай баға қойсаңыз, «Kundelik.kz» базасындағы тұтас аудан, қала берді облыстың білім деңгейінің көрсеткіші түсіп кетеді екен. Орталық база арқылы «жоғарыдағыларға» бәрі көрініп тұр. Бұл бір. Екіншіден, оқушыға қойған «2» деген баға үшін пән мұғалімінен бастап, мектеп әкімшілігі түгел «жоғарыдағылардың» алдында жауап береді. Мектеп әкімшілігінің бізге түсіндіруі солай. Үшіншіден, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқушыға «2» қою мұғалімнің нашарлығы болып есептеледі. Ал ешкімнің «нашар» мұғалім атанғысы келмейтіні белгілі. «2» қоймайтынына сеніп алған оқушы мұғалімнен аяғын тартып, дайындалып, сабақ оқиын деп алға ұмтылмайды. Оның үстіне «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқушыға «2» қою былай тұрсын, «сенікі қате», «дұрыс емес» деп те айтуға рұқсат жоқ. Оқушы жауабы дұрыс болмаған жағдайда «Сенікі дұрыс, бірақ...», деген сөзден бастап қатесін түзетуге болады. Ең қиыны, оқушының дұрыс емес, қате жері «сенікі дұрыс» деп айтылып қалған соң, одан кейінгі айтылар «бірақ...»-тан соңғы мұғалім ойына оқушы жеткілікті көңіл бөліп, көп жағдайда дұрыс қорытынды шығара бермейді. Себебі оқушы өзіне керекті мұғалімнің «дұрыс» деген сөзін естіді, арғы жағы маңызды емес. Мұндай жағдайды біз, практик-мұғалімдер күнде көріп жүрміз.
Қазіргі таңда мұғалімдердің жүйкесін жұқартып отырған тағы бір мәселе – кәсіби біліктілігін анықтау мақсатында олардан алынатын тест-сынағы. Анығын айтқанда, мұғалімнің шын білім дәрежесін тест-сынақтары анықтап бере алмайды. Меніңше, қай заманда да мұғалімнің білім деңгейі оқытқан оқушыларының білім көрсеткіштерімен анықталған. Сондықтан мұғалімнің деңгейін оқытқан оқушыларының білім көрсеткішімен есептеу керек. Ол үшін мұғалімнің 2-3 жыл сабақ берген сыныбынан жазбаша және ауызша сынақ алып, оның орташа балын шығара отырып, сынып оқушыларының білімінің сапалық деңгейін анықтау керек. Міне, осындай тәсіл арқылы мұғалімдердің кәсіби деңгейі анықталса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Әрине, мұғалімнің өз жеке басының кәсіби шеберлігі үшін жеткен жетістігінің марапаты мен ол оқытқан оқушылардың пәндік олимпиадалардан алған жетістіктері есепке алынуы керек.
Қазіргі мектептің ішкі жай-күйін соншалық тәптіштеп жазып отыруымның негізгі себебі біреу-ақ. Ол – тәуелсіздік алған отыз жылдан бері білім саласында үздіксіз жасалған түрлі реформалар, еліміздің білім саласын қайраңға отырғызып, тығырыққа тіреді. Бұдан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол – білім жүйесін жетік білетін ғалымдар мен тәжірибелі мектеп мұғалімдерін қатыстыра отырып, кең көлемдегі халықтық талқылау арқылы білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» қабылдау. Содан соң ғана осы тұжырымдамаға негізделген мектеп оқулықтарын жазған дұрыс. Әрине, бұл оқулықтарды жазуға да білікті мамандар, ғалымдар мен тәжірибелі мектеп мұғалімдері кеңінен тартылуға тиіс. «Білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» әзірлеуіміз керек» дегенді «EDECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры кезінде Ғани Бейсембаев та айтқан еді. Көптің көкейіндегі сөзді айтқан Ғани Бектайұлы – қазір Оқу-ағарту министрі. Енді ұлтқа ауадай қажет тұжырымдаманы қабылдауға не кедергі? Әлде, «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзып тұр» ма?..
Нұрғали МАХАН,
жоғары санатты
шебер-педагог
Түркістан облысы,
Созақ ауданы