Қоғам • 12 Маусым, 2023

Ел қамын жеген ерікті

333 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміздегі еріктілердің жұмысы 1991 жылдан бастап БҰҰ Еріктілер қозғалысының бағдарламасы пайда болғаннан кейін дами бастады. Ал 1997 жы­лдың қараша айында Қазақстан жүзге жуық мемлекетпен қатар «A/RES/52/17» қарарына қол қойып, 2001 жылды «Халықаралық еріктілер жылы» деп атады. Сондай-ақ еліміз Индонезия, Лаос, Маврикия мен Нигерия мемлекеттерімен бірігіп, 2002 жылдың желтоқсан айында «A/RES/57/106» қарарына демеуші болды.

Ел қамын жеген ерікті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Күні кеше Абай облысында болған өрт зардаптарын жоюға қатысты да волонтерлер бейжай қарап отырмады. 80-ге жуық ерікті орман өртіне қарсы күреске белсенді қатысып, жалынмен алысып жатқан мамандарға ыстық тамақ жеткізсе, енді бірі зардап шеккен аудандардың тұрғындары мен құтқарушыларға гуманитарлық көмек көрсету үшін аймақтағы елді мекендерге барды. Қазақстан студенттер Альянсы өңірдегі өрттерді жоюмен күресіп жатқан азаматтарға қол созу үшін қаражат жинауды да бастап кетті. Сондай-ақ Успен, Озерка, Талица және Бородулиха ауылдарында 300 адамға арналған түскі ас ұйымдастырылды.

Сол аймақта жағдайды жіті ба­қы­ла­ған­­ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағатта өрт сөндіруге жұ­мыл­­дырылған құт­қа­рушылармен жә­не­ еріктілермен кез­де­сіп, алғысын жет­кіз­ді.

– Баршаңызға алғыс айтамын. Ерік­тілер, сіздерге де ризамын. Жарай­сыз­дар. Сіздердің сіңірген еңбектеріңіз мем­ле­кет тарапынан елеусіз қалмайды. Үлкен апат болды. 14 адам қаза тапты. Жаңа ғана азаматтармен кездестім. Өте ауыр жағдай. Сондықтан осындай қасіретті апат кезінде бәріміз бір халық, бір ұлт болып бірге жұмыс істеуіміз керек. Төтенше жағдай барлық елде болады. Ең бастысы, біз осы төтенше жағдайды, әсіресе өртті адам шығынына жол бермей, уақтылы, тез ауыздықтай білуіміз керек, – деді Президент.

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев мұн­­дай сәтте, арнайы оқытылған, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген,­ сақтандыру іс-шаралары қарас­ты­рыл­­ған еріктілер жасақтарын тарту тә­жі­ри­­бесін кеңінен пайдалану керегін айт­ты.

Бүгінде республикада во­лонтерлік ұйымдардың саны 673-ке жет­ті. Олардың қатарында «Медицина жас­тары» респуб­ли­калық қоғамдық бір­лестігі де бар.

– Ұйым 2019 жылы Қазақстандағы барша медицина университеттерінің жас көшбасшыларымен бірігіп құ­рыл­ды. Біздің басты мақсатымыз – Қазақ­стандағы медицина жастарының күші мен білімін бір арнаға біріктіріп, еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуы­на өз үлесімізді қосу, респуб­ли­ка көлемінде медициналық волон­тер­лікті дамыту. Арыс қаласындағы төтенше жағдай кезінде 110 ерікті дәрігер халық жиналатын орындарда алғашқы медициналық көмек көрсетті. COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде біздің еріктілер дәрігерлермен бірге уақытша ауруханаларда жұмыс істеді. 2020 жылы еліміздің 14 аймағында медициналық еріктілер мектептерін ашып, бүкіл ел бойынша 2 мыңға жуық волонтерді оқыттық. Қазіргі уақытта республика бойынша Медициналық жастардың филиалдары жұмыс істейді және оның қатарында 2 мыңға тарта медициналық волонтер бар. Ұйым ашылған сәттен бастап 16 мыңға жуық адамға волонтер-медиктердің көмегі көрсетілді. Сондай-ақ 355 әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылды. 2021-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының демеуімен денсаулық сақтау саласына волон­тер­лер­ді тарту, науқастарды күтуге, оның ішінде хоспистерде, онкологиялық дис­пансерлерде көмек көрсету бойынша­ «Birgemiz:Saulyq» жалпыұлттық жо­ба­сы іске асырылды. Жоба аясында 17 аймақтық фронт-офисте 2 мыңнан аса волонтер қызмет етеді. Волонтерлер он­ко­диспансерлер, хос­пис пен меди­ци­­налық ұйымдардағы мыңға жуық нау­қасқа көмек көрсетті. Әлеуметтік ма­ңызы бар ауруларды алдын алуға арналған 9 акция ұйымдастырылды. Шағын гранттар арқы­лы волонтерлік бастамашыл топтар мен­ үкіметтік емес ұйымдар меди­ци­на­лық­ волонтерлік бойынша өз жобаларын жүзеге асырды. 300 мың теңгеден жал­пы саны 30 грант еліміздің барлық ай­ма­ғындағы волонтерлерге бөлінді, – де­ді ұйым төрағасы Абылайхан Әбді­рәш­.

Мейірім сәулесін шашып жүрген қа­йы­рымды жандардың қатары бү­гін­де 200 мыңнан асты. Жұртқа жәр­дем беру, көпке көмек көрсету жас таң­дамайды. Қазір еріктілердің сапын түзе­гендердің 65 пайызы – 29 бен 54 жас аралығындағы азаматтар. Бұл волон­тер­лік тек жастардың ісі деген таптау­рын түсінікті ығыс­ты­рып шығарды. Соның бірі БҰҰ-да­ғы­ Қазақстаннан шық­қан алғашқы халық­аралық волонтер – Телжан Жүнісбеков. Қайырымды жан Бурун­ди­, Руанда, Конго елінде көп жыл жалпы­ тәжірибелік дәрігер және хи­рург­ болып жұмыс істепті.

– Африка елдерінде қызмет етіп жүріп, белі ауырып тұра алмай қалған БҰҰ өкілін емдеп шықтым. Өзі Сенегалдан екен. «Ерікті боласыз ба?» дегенде бірден келістім. Алғашқы жұмысымды сол Бурундиден бастадым. 1986 жылдың 7 шілдесінде кетіп, елге 2015 жылдың мамырында оралдым. Ерікті болу адамның сана-сезімін кеңейтеді, адам көпшіл, жанашыр болады. Менің миссиям – көмекке мұқтаж жандарға қызмет ету, – дейді ол.

2016 жылы 22 жел­­­тоқсанда Сенат отырысында «Ерік­т­­ілер қызметі туралы» жаңа заң қабы­л­данды. Құжатта еріктілер жеке тұлғаларға, кәсіпорын-компанияларға, әлеу­меттік осал топтарға көмек көр­­сету, қоршаған ортаны қорғау, аза­мат­тық қоғам қалыптастыру, әлеуметтік жауап­кершілік, өзара көмек көрсету және қайырымдылық жасайтын жан­­­дар ретінде көрсетілген. Араға үш жыл салып 2020 жылды «Ерік­ті­­лер жылы» деп жариялауды ұсынды. Осы жылы ерік­тілердің игі бастамалары мен жо­б­а­­ларын үйлестіріп, қоғамдық мони­торинг жасап, оқыту, насихаттау жұмысын жүргізетін «Birgemiz» атты республикалық волонтерлер фронт-офисі ашылды. Орталықтың ашылуын­да сөз сөйлеген Мемлекет басшысы волонтерлікпен айналысу қазақ халқының қанында бар асыл қасиет екенін айтты.

«Игі іспен айналысу, адамдарға жақ­­сылық жасау – халқымыздың көне­ за­маннан келе жатқан дәстүрі. Біз осы­ дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қолұшын созып, қол­дау­ көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Хал­қымызда осындай береке-бірлікке ша­қыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ға­сырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк же­ңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қыз­меттің басты мақсаты да – бірге жұ­мылып, халыққа қызмет ету», деді Президент.

Бұл тұтқиылдан келіп, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирустың кеңінен тараған уақыты еді. Еңбегін бұлдамай қарекет қылатын отандас­тарымыз «Біз біргеміз» ұранымен адам­дарға қолұшын созды, енді бірі әлеу­меттік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік арқалап жеткізді. Ал меди­­циналық білімі барлар, ақ халат­ты­лар­дың қатарында тосыннан келген­ індеттің бетін бірлесе қайтарды. «Қо­ғам­ға пайдамды тигізсем» деп алғаш бо­лып сапқа қосылғандардың бірі – аты­раулық ерікті Арман Қасымов.

– Әжем маған ылғи адал болып, көп жұмыс істеу туралы айтатын. Мектептен кейін Астрахандағы мемлекеттік медицина академиясына оқуға түстім. Кейін оқу ақысын төлеу отбасыма қиынға соққандықтан, елге қайтып келдім. Кейін Мәскеу университетіне қаржы мамандығына түстім. Тағы да қайтып келдім. Өйткені отбасымыздың жалғыз асыраушысы, мұнайшы-бұрғылаушы болып еңбек ететін әкем қатты ауырып, қасына келуім керек болды. Бірақ оқуды тастамадым, сыртқы бөлімге ауысып, Қашағанға қоймашы болып жұмысқа орналастым. Бір күні әжемнің қан қысымы көтерілді. Жедел жәрдем шақырдым. Бригада көп уақыттан кейін ғана келді. Егер сала мамандары уақытында келгенде, қайғылы жағдайдың алдын алуға да болар ма еді. Неге бұлай болғанын анықтау үшін келесі күні стансаға бардым. Мән-жайды анықтағаннан кейін өз еркіммен санитарлық жұмысқа сұранып, тегін жұмыс істей бастадым. Алғашында жедел жәрдем көліктерін жудым. Дәрі-дәрмек қобдишаларын толтырып, зембілдерді көтерістім. Вахталық жұмыстан келген соң Жедел жәрдеммен шақыруларға барып жүрдім. Карантин кезінде мені мидағы қан айналымының бұзылуының асқынған түрі деген қауіппен ауру­ха­на­ға алып келді. Сол кезде медбике қыз­дардың бесеуі жабылып ауа баллондарын көтеріп жүргенін көрдім. Жазылып шыққан соң әлеуметтік желі­ге «қызыл аймақта» жұмыс істей­тін ерікті-сани­тар­лар керек деп, жазба қалдырған едім. Бірінші болып екі жігіт пен бір қыз хабар­ласты. Мен оларға егер «қызыл аймаққа» кірсек, ауру жұқтыруымыз мүмкін екенін, сондықтан үйге жақында келмейтінімізді де ескерттім. Олар келісті, ал дәрігерлердің біздің көмекті қабылдамауға шарасы қалмады. «Қатар­да­ғы Райанды құтқару» фильмі есіңізде ме? Сол жерде одақтастар Нормандияға түс­­кен жерде қарсы жақ пулеметпен оқ жау­дырып, бәрінің өлетіні туралы көрі­ніс бар. Пандемия шарықтау шегіне жеткен кезде ауруханада да соған ұқсас болды. «Үшінші палатаға баллон», деп айғайлайды. Жүгіріп жеткіземіз. Кейде үлгермейміз. Басқа палатадан «Жыл­дам баллон» деп айғайлайды. Ол жаққа жүгі­реміз. Осындай қарбалас әрі ауыр режім­де жұмыс істедік. Қорғаныш киім­дерімен жұмыс істеу қиын, кейде тіпті мүмкін емес еді. Сондықтан дәрі­гер­лер өте қиын кезде науқасты құт­қа­рып­­ қалу үшін қауіпке бас тігеді, – деді волон­тер.

Арман 15 жылдан бері жедел­ меди­­­циналық көмек көрсету қыз­мет­кер­леріне қол созып келеді. Қа­сына бір­қа­тар­ еріктіні де жинады. Елімізде тұңғыш рет мектеп оқушыларынан құрал­ған ал­ғашқы көмек көрсетуші ерік­тілер то­бы­ның­ құрылуына белсене атсалысты. Сол жылы волонтерлер атқарған іс-шаралар Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған жоқ. Жыл қорытындысы бо­йынша Президент Жарлығымен көптеген волонтер «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Жалпы, биыл Қазақстан қайы­рым­дылық жасау көрсеткіші бойынша­ ­әле­м­нің 50 елінің қатарына еркін еніп, 119 елдің арасынан қара үзіп, 40-орынға тұрақтады. Мұндай деректі аме­ри­калық «Тhe World Giving Index» мони­торингтік индексі жариялады. Бұл адамдардың бо­йында мейірімнің артқа­нын білдіреді. Әрі ел ішіндегі қайы­рымдылық қағидатына иек арт­қан ортаның қалыптасуы біздің әлем­ алдындағы абыройымызды да арттыра түспек.