Оның бір мысалы, қазіргі ішкі-сыртқы көші-қонды айтуға болатын шығар. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің отырысында ішкі-сыртқы көші-қонға баса көңіл бөлу қажеттігін айтып, Үкіметке еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін 70 АЕК-ке көбейтуді тапсырған еді.
Қаратаудың бауырынан көш келеді. Бұл – «Барады ауылым көшіп Қызылжарға...» деп әндетіп шыққан сән-салтанатты салқар көш. Бағыты – күнгейден теріскейге. «Көш байсалды болсын!» деп тіледік. Сонымен бұл көш-керуеннің жез бұйдасын жетектегендердің бірі Бурахан Дақанов деген азамат екен. Тура мағынасында көшті бастаған, қоғам белсендісі. Есім-сойының өзі көшке бейім, қаңтарда жараған бурадай жігерленіп тұр. Осынау үш-төрт жылдың бедерінде бұл азамат Талдықорғаннан Қызылжарға қоныс аударып, өзі орын тепкен соң: «Солтүстік өңір бос жатыр, жерді иен тастамайық, иеленейік» деп ұран тастаған еді. Әу баста көбіміз сенбеген секілдіміз. Алайда азамат алған бетінен қайтпады, былтыр нартәукел деп «Tauekel» қоғамдық ұйымын құрды. Ұраны «Солтүстік – бізге аманат!» Сөйтіп, ол мұның бәрі жай ғана ұран емес екенін көрсетті. Міне, нақты жұмысқа білекті сыбанып кірісіп кетті.
Оңтүстіктегі кездесу
Бурахан Дақановтың айтуынша, Түркістан өңірі – солтүстікке нағыз қазақи донор. Ол ақпарат беттерінде Түркістан облысына «Теріскейге көш» мәселесімен баратынын сүйіншілей хабарлаған еді.
– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында әкімдікпен бірлесіп, аудан-ауылдарды аралауды, кездесулерді бастаймыз. Адам саны 2,2 миллионнан асып, жылына кем дегенде 60 мыңнан астам сәби дүниеге келетін өсімтал өңір – солтүстікке нағыз «адами һәм қазақи» инвестор болмақ. Сол себепті бұл сапарда барымызды салып, қолдан келгенше көшуге ниетті адамдарды көптеп тартуымыз қажет. Дегенмен бұл алғашқы сапар – жер шолу, бажайлау мақсатында. Сол себепті қалай, қашан және кімді, қайда көшіру керек екенін өз көзіммен көріп, тәжірибе жинап қайтқымыз келеді. Қысқасы, облыс, аудан мәслихаты депутаттарымен, Түркістанның белді кәсіпкерлерімен жолығып, теріскейге көштің мәнін, маңыздылығын жеткізуге тырысамыз, деген еді.
Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша үй кезегінде 75 мың адам, жеке үй салуға жер телімін сұрап тізімде тұрғандар 410 мыңнан асқан. Демек, түсіндіру жұмысын мықтап қолға алса мына санның кем дегенде 10 пайызын солтүстікке қоныстандыруға әбден болады. Оның үстіне, биыл солтүстік өңірлерге көшетіндерге үшін 6 700 квота бөлінген.
Бураханның сөзінің жаны бар. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында, былтыр қоныс аударғандардың ішінде 3 652 еңбекке жарамды адамның 2 811-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Біржолғы субсидия бойынша 7 622 қатысушыға берілсе, ал 5 633 азаматқа тұрғын үй шығындары бойынша субсидия берілген екен.
– Шетелден көшіп келетін қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы 8 652 адамға жоспарланған. Оның 1,9 мыңы қандастар үшін ал 6,7 мыңы – ішкі қоныс аударушыларға бағытталған. Министрліктің 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды, оны іске асыру үшін жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарайды. Сонымен бірге тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің өкілдері.
Бұған қоса, Солтүстік Қазақстан облысы – жұмыс күші тапшы өңірлер қатарында. Сол себепті оңтүстік халқы бұл аймаққа мемлекеттің «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қоныс аудара алады. Осыған орай Түркістан облысына «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Әлфараби Мыңбай, ішкі көші-қон мәселесімен айналысатын «Tauekel» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов, Ақжар ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Бауыржан Баржанов арнайы барып, жиын өткізді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың нұсқауымен, әлгі арнайы барған азаматтар оңтүстіктегі ауыл-ауылды аралап, тұрғындарымен бейресми кездесу өткізіп, аталған бағдарламаның тиімділігін түсіндірген. Тек ақпараттандырып қана қоймай, теріскейдің тұрғыны ретінде көшуге ниетті азаматтардан жауапты өкілдердің тобын жасақтайды.
– «Tauekel» қоғамдық ұйымы – бүгінде солтүстікке көшіп келген азаматтарға қолдау көрсету мақсатында ашылған ел көлеміндегі жалғыз ұйым. Қазір осы бастаманы насихаттауға күш жұмсап жатырмыз. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірдің тұрғындарын қоныстандыруға үндеу тастап, жергілікті және орталық деңгейінде мәселе көтеріп, жұмыстарды ұйымдастыруға атсалысудамыз. Шындығына келсек, солтүстіктегі ауылдардың тағдыры оңтүстіктегі елге байланысты. Өйткені 300-400 орынға шақталып салынған кейбір мектептердегі бала саны 10-ға да жетпейді. Бұл – бір ғана мысал. Бізге медицина, білім, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларымен айналысатын мамандар ауадай қажет. Қолынан іс келетін әрбір тұрғынды қуана қарсы аламыз. Біздің аймақта жер проблемасы жоқ. Мемлекет бекіткен көмектен басқа да қолдауларды көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы, азаматтар нақты кәсіп таңдап, бәсекелестікті арттыруға ынталы болса жеткілікті. Олардың қоныс аударғаны ел-жер үшін маңызды, дейді Бурахан Дақанов.
Жергілікті тұрғындармен өткен жиынға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты әрі осы бағытты насихаттаушы Жаңабай Ағабеков, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары Нұржан Нұрашов қатысты. Депутат көшуге ниетті тұрғындар Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандармен танысуы үшін автобус қарастырып, жол шығынына демеушілік жасайтынын жеткізді. Өйткені ол біраз жыл бұрын бұл игі істі қолға алып, көшке өз үлесін қосып жүрген азамат болатын.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданында ішкі және сыртқы көші-қонды қалыптастыратын орталықтар ашу жоспарланған. Онда мамандар халыққа кеңес беріп, заңдылығын түсіндіріп, тәртібін үйретіп, бағдарламаларды таныстырады. Бұл орталықтың ерекшелігі – тек көші-қон саласымен ғана айналыспақ ниетте.
Айта кетейік, делегацияның 5 күнге жоспарланған жұмыс сапары Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам және Ордабасы аудандарында жалғасқан.
Солтүстікті бетке алды
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының кіреберісіне жеткен автобустың алдынан теріскейлік ағайындар мен жергілікті әкімдік өкілдері салтанатты түрде шашу шашып, ыстық ықыласымен күтіп алды.
– 50 шақты адамнан құралған (әрқайсысы бір әулетті, ауылды жауаптанған өкілдер) топ жер шолушыларды бастап, екі күн жол жүріп Қызылжарға жеттік. Өкілдер 5 топқа бөлініп, Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданын өз көзімен көріп, фото-видеоға түсіріп алады. Бұл қоныс аударудың ел үшін маңызы өте зор. Ең бірінші елдің ұлттық қауіпсіздігі бар, жалпы жан-жақты ауқымды мәселе. Бұл бастаманы жергілікті әкімдік те қолдап, қуаттап отырғаны байқалды, дейді қоғам белсендісі Қайрат Кәрібаев.
«Tauekel» қоғамдық ұйымының басшысы Бурахан Дақановтың айтуынша, осы уақытқа дейін солтүстікке Түркістаннан 12 мың адам қоныс аударған. Бұл жолғы жер көруге барғандар олармен де кездесіп, теріскейдің тыныс-тіршілігімен танысқан.
Қонақтарды қарсы алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиев өңірде не бар, не жоғын аз сөзге сыйғызып жақсы таныстырып өтті.
– Солтүстікке келген ағайынды үлде мен бүлдеге орай қоямыз деуге болмайды. Бұл жаққа өздеріңіз еңбек етіп, жағдайды жақсарту үшін келулеріңіз керек. Қазір өзімізде 13 мыңнан астам жұмыссыз адам бар екен. Оның үстіне 14 мың болып қосылудың керегі жоқ. Керісінше, сіздер жұмыс орындарын ашып, оларды да, өздеріңізді де жұмысты болғызсаңыздар құба-құп. Ал оған біздің өңірде мүмкіндік мол. Қазір облыста 4 мыңнан астам вакансия бос тұр. Бізде бір қызығы, жұмыссыздар да, бос жұмыс орындары да бар, деп ағынан жарылды облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар жер шолуға барған азаматтардың да пікірін сұрап көрдік. Мәселен, Олжас Әбдәлимовтің бұл сапарға айтар алғысы мол.
– Мен Түркістан облысы, Төлеби ауданы Леңгір қаласының тұрғынымын. Бұл жақта бұрын келіп қоныстанған жерлестерімізбен кездестік. Ондағы халықтың тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп, қоныстануға қолайлы жер шолып қайттық. Солтүстіктен әзірге ешқандай қиындық байқамадық. Көптеген салаға маман тапшы екенін, мектептерге балалардың қажет екенін көрдік. Келген 50 адамның барлығы да көшіп келуге ниетті. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері де бізге көмектесіп бақты. Жұрттың ылғи айтып жүретін климат мәселесі туралы да сұрап, білдік. Оның да анау айтқандай қиын ештеңесі жоқ тәрізді. Адам кез келген нәрсеге бейімделгіш қой. Тіпті біз түгілі алыс шетелден де ағайындар көшіп келіп, қоныстанып жатыр. Елден елге көшкеннен қарағанда, біз елдің ішіндеміз. Сөз соңында Түркістан халқын теріскейді әуелі өз көзімен келіп көруге шақырамыз. Сонымен қатар, осынау игі істің бастамашысы болып жүрген Бурахан Дақанов пен Жаңабай Ағабеков секілді азаматтарға алғыс айтамыз, дейді ол.
Шешуші сәт
Осылайша, 2015-2022 жылдар аралығында Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге 11 892 адам қоныс аударған болса, енді оның қарқыны күшеймек.
Сонымен сапарға шыққан 52 азаматтың 16-сы бірден құжаттарын өткізіп, квота алуға сұраныс беріп үлгерген. Нақты шешім қабылдап, өзінің көшетін орнын таңдап алғандар қуаныштарын жасырмады. Соның бірі – Мұхамеджан Алдияров.
– Мен Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында болып, Дәуіт, Ақжарқын, Қарашілік, Талшық деген төрт ауылды араладым. Оның орталығы (тірек ауыл) Талшық екен. Мен Қарашілік ауылын таңдадым. Маған ол ауылдың ең бірінші ұйымшыл халқы ұнады. Құжаттарымды тапсырып, квотаға өтініш жазып кеттім. Бұйырса, алдағы бір ай ішінде көшіп келмекпін, дейді ол.
Сондай-ақ саурандық Әділхан Жұмадулла Шал ақын ауданы Еңбек ауылын таңдапты. Оның айтуынша, Еңбек ауылы – еңбек етуге қолайлы, тұрғын үйдің бағасы қолжетімді екен. Ауылдың әлеуметтік жағдайы да көңілінен шыққан көрінеді.