Ата-аналардың назарын отбасылық құндылықтарға аудару, балалар мүддесін, олардың таңдауы мен тілектерін құрметтеуге шақыруды мақсат тұтқан қойылымның негізгі өзегі – отбасындағы ахуал баланың жан-жақты қалыптасуына әсер ететінін, табиғатпен үйлесімде болуы көкжиегін кеңейтетінін көрсету.
Ертегінің басты кейіпкері – Қарагөз есімді қыз. Оның болашақты болжай алатын қасиеті бар. Ерекше қыздың айрықша қабілетін қабылдай алмаған айналасы одан безінеді. Тіпті қаршадай қыз туған ауылынан қуылады. Отбасынан алшақтап, ауыл тұрғындарынан зәбір көрген Қарагөз енді кек алуға бел буады. Осылайша, ол қаһарлы сиқыршыға айналады. Алайда махаббат пен ізгілік Қарагөзді ғана емес, ауылдағы барлық баланы қасаң қағидалар қамытынан құтқарады. Қазақ мифологиясының өзегінен нәр алған қойылымның жас жеткіншектер ғана емес, олардың ата-анасына да айтары көп.
«Педагогика саласында 25 жылдан аса тәжірибем болса да, бұл қойылымды дайындау оңай болған жоқ. Балалар кәсіби актер болмағаннан кейін сахналық әр детальмен тәтпіштей жұмыс істеуге тура келді. Түрлі тәжірибеге бардық. Нәтижесінде, ізденісіміз балаларға ұнады. Көздерінде жанған жалын, сахналық өнерге деген құштарлық алдымыздан кездескен барлық қиындықты еңсеруге көмектесті. Тамаша шабыт сыйлады. Жалпы, біз бұл шығарманы бекер алған жоқпыз. «Алтын өлке аңызы» ертегісі арқылы ең әуелі ата-аналарға ой салғымыз келді. Балаларымен қарым-қатынаста жіберіп жататын көптеген қателік пен кемшілікті түзеуге сеп болсын дедік. Өздеріңіз куә болғандай, қойылымдағы Қарагөз есімді қыздың ерекше қабілетін, өзгелерден ерекше мінезін айналасы қабылдаған жоқ. Соның салдарынан Қарагөз ауылдан қуылады. Бұл оны ашындырады да, қайырымды Қарагөз жауыз Жезтырнаққа айналады. Оны қатыгездіктен құтқарған туған халқының әні. Әннен қуат алған Қарагөз баяғы қалпына оралады. Міне, осы оқиға арқылы біз кез келген баланың ерекше қабілеті, мінезі болатынын көреміз. Соны әр ата-ана сол қалпында қабылдай білуге тиіс. Өзінің таным-түсінігіне икемдеуге тырысу, көппен бірдей ойлауға баулу баланың балғын санасында қарсылық тудырады. Ондай қарсылық тіпті кейде қатыгездікке да ауысуы мүмкін. Сол себепті де баланың табиғатын, болмысын өзгертуге ұмтылмай, керісінше сол қалпында қабылдай білген жөн. Осы жағына абай болу керек дегенді айтқымыз келді. Сол негізде ой салуға ұмтылдық», дейді қойылым режиссері Ләззат Сүлейменова.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен көрерменге жол тартқан ертегіні сахналауға «Замандас» отбасылық аула клубының 80-ге жуық тәрбиеленушісі, оның ішінде жас актерлер, домбырашылар мен бишілер қатысты.
«Бүгін біз әдемі аңызға қанығып, керемет ертегіні тамашаладық. Сонымен қатар сахнаның сәніне айналған балаларымыздың жұлдызы жанғанына куә болдық. Біздің балаларымыз талантты әрі шынайы өнер көрсетті. Оларға болашақта табыс, денсаулық, сондай-ақ армандарының жүзеге асуын тілеймін», деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Әлфия Әдиева.
12 жыл бойы елордалық «Замандас» отбасылық аула клубы әлеуметтік осал санаттағы балаларға түрлі шығармашылық, спорттық және білім беру секциялары мен үйірмелерде тегін оқуға мүмкіндік беріп келеді. Қоғамдық қор директоры Ләззат Алшынованың айтуынша, 2023 жылы клубқа 3000-нан астам бала мен ата-ана мүше болған.
«Біздің тәрбиеленушілер бос уақытында клубқа барып қана қоймай, өз мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылады. Республикалық чемпионаттарда жеңіпмаз атанып, кандидаттар мен спорт шеберлері болады, шығармашылық конкурстар мен жарыстарда топ жарады. «Алтын өлке аңызы» қойылымы – бірнеше ай бойы еңбек еткен ұйымдастырушылардың, оқытушылар мен балалардың ұжымдық жұмысының тағы бір жетістігі», деп атап өтті «Замандас 21» қоғамдық қорының директоры Ләззат Алшынова.
Иә, «Замандас» отбасылық аула клубының театр студиясындағы балалар мен оқытушылардың шығармашылығы – шын мәнінде сүйсінуге тұрарлық қажырлы еңбектің жемісі. Соның бірі – бүгінгі біз тамашалаған «Алтын өлке аңызы» ертегісі. Қойылымға қатысқан әр бала өз кейіпкерімен өмір сүріп, сахнаның сәнін кіргізді. Әсіресе басты рөлдегі Жезтырнақ, Айша, Данай, Жаназар бейнелері көпшіліктің қошеметіне бөленді. Эпизодтық рөл болса да Қосаяқ бейнесіндегі балдырғанның ойыны жан-жақты ізденісімен риза қылды. Сондай-ақ «Алтын өлке аңызы» спектаклінің премьерасында ерекше есте қалғаны домбырашылардың сахнада тудырған қызықты музыкалық шешімдері десек, артық айтқандығымыз емес. Талғаммен таңдалған музыка көпшілікті тәнті етті. Ал көрермендердің шынайы ықыласы мен қошеметі жас әртістерге қанат бітірді.
«Менің аты-жөнім – Үміт Дүйсенбек. Актриса болсам деген арманымды жүзеге асыруға көмектескен, сахна өнеріне баулыған ұстазым, бүгінгі қойылымның режиссері Ләззат Сүлейменоваға ерекше алғыс білдіргім келеді. Сахнадағы іс-қимылымды, сөйлеу мәнерін – барлығын маған сол кісі үйретті. Мен ойнаған Жезтырнақ – негізгі кейіпкердің бірі. Бұл рөл арқылы адам мінезінің сан қырлылығын, адам қанша қатыгез болса да, бәрібір мейірімге, қолдауға, қамқорлыққа зәру екендігін айтқым келді. Әрине, бұған дейін де бірнеше рөлде ойнадым. Алайда бүгінгі ертегінің орны ерекше. Ерекшелігі сол – қойылымымыз көрерменді ойлантып қана қоймайды, адам жанына тереңнен бойлауға үйретеді», деген жас өнерпаздың сөзін қойылымда жас батыр Жаназар бейнесінде көрінген дарынды оқушы Архат Жолдыбай былай сабақтады: «Атым Архат, жасым 15-те. Бұл – менің сахналық өнердегі алғашқы жұмысым. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы сәтті бақытты сәт деп айтар едім. Шынымен, қойылымға дайындалған кез біздің әрқайсымызға ұмытылмас естеліктер сыйлады. Жаңа достар таптық. Ең бастысы, мен бұған дейін тіпті өзім байқамай келген бойымдағы актерлік қабілеттің барын білдім. Қатты ұнады. Болашақта да осы жұмысты жалғастырып, сахнада қызықты образдар тудырғым келеді. Киноға түссем деген арманым да бар», деді Архат ағынан ақтарылып.
Жас дарындардың сахнадағы жұлдызын жағып қана қоймай, олардың тәрбиесі мен өмірлік ұстанымдарының айқындалуына, тұлға ретінде өздерін жан-жақты дамытуына септесіп, өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан «Замандас» қоғамдық қорының шын мәнінде замандастарына ұсынар тәлімі мен тағылымы мол. Оны, әсіресе, сахнада жалын атып өнер көрсеткен жеткіншектердің отты жанары мен баласының өнерін мақтан тұтқан әр ата-ананың толассыз соғылған шапалақ үнінен айқын сезгендей болдық. Ал Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын оқиға өзегіне айналдырған қойылымның кішкентай көрермендер ғана емес, ересектерге де айтары мол.