Аймақтар • 13 Маусым, 2023

Сәбиге – ойыншық, тұрғынға – пәтер

209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісулықтар жаңа өңірмен бірге жанданып, жасарып келеді. Біржылдық мерекеге орай облыс орталығына жиналған халықтың қуанышында шек болған жоқ. Сол күні сәбилер ойыншық алып, үй кезегінде тұрғандар қоныстойын тойлады.

Сәбиге – ойыншық, тұрғынға – пәтер

Көптен бері пәтерін күтіп жүрген жандардың жүзіндегі қуаныш көңіл тербейді. Себебі тұрғын үйге ие болғандардың басым бөлігі жетім және ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған балалар, І-ІІ топ мү­ге­дектері, толық емес және көпба­лалы отбасылар, басқа да әлеу­­меттік әлжуаз топтың өкіл­дері. Осы ретте өңір басшысы Бей­біт Исабаев жиналған қауым­ға тілегін арнап, жаңа үйдің кілтін табыс етті.

«Бүгін екі бірдей қуаныш қатар келіп отыр. Жетісу облысының құрылғанына бір жыл толды және 8-шағын ауданда жаңа үйді пайдалануға беріп отырмыз. Талдықорғанда қазір 15 мыңдай адам кезекте тұр. Азаматтардың 15-20 жылдап кезекте тұруы – әділетсіздік. Мұндай жағдайдың қалыптасуына жергілікті атқа­рушы органдардың да кінәсі бар. Сондықтан әділдікпен, кезек­тің ретін ашық сақтай отырып, алдағы 3-4 жылда кезектің санын екі есе қысқарту үшін құрылыс қарқынын жылдамдатып, тұрғын үй салу көлемін арттыруды қолға алдық. Бұл ретте кезекте тұрған халықтың әлеуметтік әл­жуаз топтарына баса көңіл бө­лінетін болады. Келесі аптада тағы бір үй беріледі. Шілдеде 3 көппәтерлі үй, тамызда 4 үй пай­далануға беріледі. Жыл соңына дейін жалпы қаламызда 51 көп­пәтерлі тұрғын үй тапсырылады. Осылайша, екі мыңға жуық тұрғын баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл – рекордтық көлем деп айтуға болады. Осы үй­дің құ­рылысын жүргізген жер­гілікті компания «Шымыр» серік­тес­тігіне алғыс айтамын. Жаңа үйлеріңізде шаттық пен қуаныш мол болсын!», деді Б.Исабаев.

Бүгін жаңа пәтерге ие бол­ғандар қатарында «Айна­лайын» балалар үйінің 12 тәрбие­ленушісі де бар. «Қырық жылдан бері тәрбиеші болып еңбек етіп ке­лемін. Бүгін өзім бастауыш сы­ныптан бастап тәрбиелеген балаларым үйлі болып жатыр. Олардың ішінде отбасын құрып үлгергендері де бар. Ана ретінде, ұстаз ретінде қуанышым шексіз. Енді балаларымыз үшін алаңдамайтын болдық, себебі олардың өз баспаналары бар», деді М.Бейісбекова.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл 72 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйді «Шымыр» ЖШС салды. Бүгін соның 36 пәтерлік 1-блогы пай­да­лануға берілді. 2-блогы келесі аптада іске қосылады. Бұл үйдің құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Үйдің жалпы алаңы – 4731,38 м2. Құрылыстың құны – 769,6 млн теңге.

Жалпы, облыстың құрыл­ғанына 1 жыл толуына орай ау­дан-қа­лалардың бәрінде түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Мәсе­лен, Текелі қаласында 40 отбасы қоныстойын тойлады. Көп­пәтерлі бұл үйге бюджет қара­жатынан 546 млн теңге жұм­сал­ды. Сол сияқты өткен жылы облыс құрылған 8 маусымда өмірге келген бүгінгі 1 жасар 42 сәбиге облыс әкімінің құттықтау хаты мен велосипед-коляска сый­ға тартылды.

І.Жансүгіров атындағы Же­тісу университетінің стадион­ында футболдан жолдастық кездесулер өткізілді. Ал кешкілік «Жастар» саябағында облыс кү­­ніне арналған мерекелік іс-шаралар, концерттік бағдар­ламалар жалғасып, онда бірқатар жеті­сулық азаматқа өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше номинация бойынша арнайы сыйлық тапсырылды.

 

Жетісу облысы