Елорда • 13 Маусым, 2023

Астананы жылыту жайы алаңдатады

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы Астана қаласында салынып жатқан «ЖЭО-3» құрылысына арнайы барып, партиялық бақылау жүргізді. Оның құрамына Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратураның, Астана әкімдігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері кірді.

Астананы жылыту жайы алаңдатады

Құрылысы жүріп жатқаны­на он бес жылдай болған жылу-электр орталығының пай­да­лануға беру мерзімі бір­неше рет кейінге шегеріл­ген. Де­генмен жоба мерд­і­гері «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ-ның ақпараты бойынша, ал­ғашқы екі қазандық биыл қазан айында іске қосылып, ал ЖЭО-ның өзі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бүгінде нысанда 17 қосалқы мердігерлік ұйымнан 600-ден астам адам екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Техникалық аудит дерек­теріне сәйкес, нысан­да­ғы жұмыстың 83%-ы біткен. Атап айтқанда, су жылыту қазандықтарын, қыз­дырғыштар мен желілік су құбырларын монтаждау жұмысы аяқталды. Сондай-ақ Индус­триалды парктен «ЖЭО-3»-ке дейін техникалық су құбыры салынған. Бірақ жылу-электр стансасын іске қосу үшін әлі де атқаратын шаруа шашетектен. Газ тарату желілерін жүргізу, су жылыту қазандығының желдету және ауаны баптау жүйесін жолға қою, сыртқы және ішкі инженерлік желілер жұмысы күтіп тұр. Бүгінде құбырларды оқшаулау, сондай-ақ нысанды басқару жабдықтарын орнату және суды сығымдау жұмысы жалғасып жатыр.

Инспекция барысында партия өкілдері елордада ЖЭО құрылысы белгіленген мер­зімде аталмаса, қыста жылу тапшылығы туындауы мүм­кін екенін атап өтті. Тағы бір мәселе, соңғы 15 жыл ішін­де бұрын сатып алынған жаб­дық­тың бір бөлігі ескіріп, қол­дануға жарамсыз болып қалған.

«Мердігерлер нысанның 83%-ы дайын екенін айтады. Барлық қазандық әзір, құбырлар қаланың негізгі магистраліне қосылған деп отыр. Алайда біз жұмыстардың 83%-ы ат­қарылмағанын көріп отырмыз, өйткені әлі де жасалынуға тиіс іс көп. Сондықтан біз ай сайын бақы­лау жүргізіп, жұмыс­тың қалай жүріп жатқанын тексе­ре­міз. Бұл мәселені әкімдік және министрліктердің өкіл­дерімен талқылап, жан-жақты бақы­лау жасаймыз. Егер нысан уақытында салынып бітпесе, елордада жылу энергиясы тап­шы­лығы туындауы мүмкін», деді Ерлан Саиров.