Технология • 14 Маусым, 2023

Моңғолия технопаркімен ынтымақтастық

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Astana Hub» халықаралық тех­нопаркі Моңғолияның Ұлттық ақ­параттық технологиялар паркі­мен байланыс орнауға бейілді. Алғаш­қы қадам да жасалды. Ұланбатыр­да өткен «ICT Expo Mindgolia 2023» ақ­па­раттық технологиялар мен байланыс саласындағы ірі іс-ша­­рада «Astana Hub» бас дирек­­торы Мағжан Мәдиев пен Моң­ғо­лия ұлттық технопаркінің дирек­торы Жаргалсайханы Золзая өзара ынты­мақтастық туралы мемо­рандумға қол қойды.

Моңғолия технопаркімен ынтымақтастық

Келісім стартап экожүйесін дамыту, инновациялық бағдарламаларды құру және қамтамасыз ету, инвестиция тарту және біліктілікті арттыруды көздейді.

– Біз өзара ынтымақтасып, екі елдің экожүйесін дамыту бағытында бірлесе жұмыс істейміз. Моңғолиядан «Fibo.cloud», «Metaver», «Cody» сияқты бірнеше әлеуетті стартап «Astana Hub», «Google for Startups» және «Draper University»-нің «Silkway Accelerator» және «Hero Training» бірлескен бағдарламалары­­ның қатысушылары екенін атап өткім келе­ді. Серіктестігіміздің нәтижесінде екі ел арасындағы технологиялық кәсіпкерлік интеграциясы одан әрі нығая түсетіні анық, – деді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.

Еске сала кетейік, моңғолиялық «Fibo.cloud» стартапы – «Astana Hub» және «Draper University» бірлескен акселерация бағдарламасының нәтижелері бойынша таңдалған 20 стартаптың бірі. Әрі қазір АҚШ-тағы Кремний алқабында оқудан өтіп жатыр. Өткен жылы «Fibo.cloud» «Silkway Accelerator» («Astana Hub» пен «Google for Startups»-тың бірлескен бағдарламасы) барысында Моңғолия үкіметімен қоғамдық «бұлттық» қыз­меттерге келісімшарт жасасу және Қазақстандағы телекоммуникациялық компаниямен келісімге қол қою арқылы ай сайынғы кірісін 22 есе арттырды.

Моңғолиядан келген тағы бір қаты­сушы «Metaver» микрооқыту платформасы да «Silkway Accelerator» кезінде жақ­сы көрсеткішке қол жеткізіп, Үндістан нарығына шықты. «Cody» әмбебап көп арналы сауда платформасының командасы қазір «Silkway Accelerator»-дың үшінші легіне қатысып жатыр. Оқу бір айдан кейін аяқталады.

Осы жылдың 9-11 маусымында Моң­ғолия астанасы Ұланбатырда өткен «ICT Expo Mindgolia 2023» көрмесіне ІТ-саланың 100-ден астам жетекші ұйым­дары, сондай-ақ ірі халықаралық тех­нологиялық компаниялар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шара экологиялық тұрғыдан ерекше болды. «Біз үлестірмелі материалдар мен баспа жарнамаларын пайдаланбай-ақ, цифрлық тақталар, шағын қолданбалар және QR-код арқылы қағазсыз көрме өткіздік», дейді олар. Үш күнге созылған шара барысында ресми кездесулер мен келісімдерге қол қоюмен қатар, лазерлік шоу, голограммалары бар сахна және жарық шоуы, киберспорт, скутер жарыстары, косплей шоуы, вакансиялар жәрмеңкесі, стартап презентациясы өтті.