Жұмыс • 14 Маусым, 2023

Елуден асса да еңбекке қабілетті

432 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Кадр бәрін шешеді» дейтін тәмсіл бұрыннан бар. Осы қағиданы ұстанатын қазіргі жұмыс берушілер алдымен маманның біліктілігіне назар аударады. Әсіресе мұнай-газ өнеркәсібі кең қанат жайған Атырау облысындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасу оңай емес. Сол себептен өңірде мамандарды тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу қолға алынған.

Елуден асса да еңбекке қабілетті

Облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, пилоттық жобаны «Еділ-Орал.kz» серіктестігі іске асы­рады. Осы мақсатта биыл­ғы ақпанда тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері, Атырау облысының әкімдігі мен «Еділ-Орал.kz» ЖШС арасында ынтымақтастық пен өз­ара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Осыған орай атал­ған серіктестік өкілдері 16 ма­мандықты сертификаттауды ұсы­нып отыр. Қазір мамандар­дың білік­тілігін арттыратын оқу орын­дары анықталып, серіктес болатын жұмыс берушілер бел­гіленді.

– Кадрларды тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізумен қатар, «Білім беру жүйесінде кә­сіптік стандарттарды қолдану» жобасы да қанатқақты режімде іске асады. Осыған орай бір­лес­кен жұмыс тобы құрылып отыр. Ал қанатқақты жоба іс­ке қосылғаннан кейін «Еділ-Орал» серіктестігіне өндірістік меке­мелердің жұмысшылары мен кәсіптік білімі бар жұмыссыздар өтінім бере алады. Өтінім бергендер сертификаттау бойын­ша қосымша білім алады. Осы­дан кейін олардың, кәсіби дағ­дысы нақтыланып, тәуелсіз сер­тификатқа ие болады. Бұл өңір­де жоғары санаттағы жұмысшы­­лар қа­тары артып, халықаралық дең­гейдегі сертификатты иеле­нуіне ық­пал етеді, – дейді Азамат Мәмбетов.

Мұнайлы өңірде жұмыс­сыз­дар қатарын азайтуға ықпал ететін тағы бір жоба іске асырылып жатыр. Бұл – «Күміс жас» жобасы. Жыл соңына дейін аталған жобамен 600 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

– Биылға дейін «Күміс жас» жобасына 58 жастан асқан­дар ғана қатысатын еді. Енді сала­лық министрлік тұрғындар ара­сындағы жұмыссыздық дең­гейін сараптап, жобаға қаты­сушылардың шекті мөлшерін 50 жасқа дейін төмендетті. Бұл әртүрлі себеппен жұмысынан босап, табыссыз қалған жандар үшін тиімді болып отыр. Бағдарламаның жұмысқа орналасушы үшін де, жұмыс беруші үшін де тиімділігі бар. Өйткені осы бағдарламаға қатысушының жалақысын мемлекет субсидия­лайды, – деп түсіндірді Азамат Мәмбетов.

Оның айтуынша, «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Жалақы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құ­райды. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқандар үшін субсидия мөлшері де әртүрлі болып белгіленген. Мәселен, жұмысшының алғашқы 12 айда­ғы жалақы мөлшерлемесінің субсидиясы – 70%. Ал 13-24 айға дейінгі аралықта 65%, соңғы 12 айда 60% мөлшерінде субсидия беріледі.

– Атырау облысында «Күміс жас» жобасымен 343 адам жұ­мысқа қабылданды. Әсіресе, Жы­лы­ой және Индер ауданының шаруагерлері аталған жобаны тиімді пайдаланып отыр. Қазір Атырау қаласында 112, Жылы­ой мен Индер ауданында 46, Құрманғазыда – 18, Қызылқоғада – 38, Мақатта – 25, Махамбет ауданында 29 адам «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасты. Оларға зейнетақы төлемі аударылады, – деп мәлім етті басқарма басшысы.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар