Жобаны жүзеге асыру тетіктері
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Құжат жөнінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ баяндама жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленген жобаның мақсаты – Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінен балаларға ақшалай жинақ түрінде мемлекеттен алғашқы көмек беру. Кәмелеттік жасқа толғанда балаларға тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім алу мүмкіндігін беру.
«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңде тап болған экономикалық қиындықтарды еңсерген тұста – 2000 жылы тамыз айында болашақ ұрпақ игілігіне арналған Ұлттық қор құрылғанын білесіздер. Ұлттық қордың мақсаты – еліміздің табиғи байлығы, минералды ресурстар есебінен болашақ ұрпақ игілігіне арналған қаражатты жинақтау. Әділетті Қазақстан қоғамын құру кезеңіндегі ең негізгі келелі мәселелердің бірі – ұлттық байлықтың теңдей бөлінуі. Осы мақсатта Президент Қ.Тоқаев «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды» деп атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді», деді Ү.Шапақ.
Депутаттың айтуынша, заң жобасында Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылған. Бірінші, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алуға беріледі. Бұл мақсаттағы қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі.
«Екінші – білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, кәмелетке жаңа толған отандастарымыздың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Яғни жас ұрпақтың дүние дидарын кеңінен тануына жол ашылады. Тиісінше, Қазақстан азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады», деді Ү.Шапақ.
Заңдарға енгізілетін түзетулер
Құжаттың бірқатар ерекшелігі бар. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың ықтимал теріс мәнін болдырмау мақсатында 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде айқындалмақ. Заң жобасы шеңберінде 6 кодекс пен 10 заң толықтырылып, өзгерістер енгізіледі.
«Түзетулер мынадай мәселелерді қамтиды. Бірінші, жоба шеңберінде Ұлттық қор қаражатын балаларға есеп жүргізу мен төлемдерге пайдалану тетігі енгізіледі. Екінші – өндіріп алуға және осы соманы басқа да ықтимал шектеулерге жол бермеу. Үшінші – мемлекеттік органдардың құзыреттері, төртінші – қаражатты мақсатты пайдалану. Бесінші – баланың жасына байланысты қаражатқа қол жеткізуі. Түзетулерді үш негізгі блокқа бөліп қарастыра аламыз. Азаматтық, қылмыстық-құқықтық заңнамаға, Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдерге уақытша шектеу қоюға тыйым салу бөлігінде. Әлеуметтік заңнамаға, Ұлттық қордан қаражатты төлеу және пайдалану тетігін айқындауда ескеріледі. Қаржы заңнамасына, Ұлттық қордан балаларға осы төлемдерге шектеу қоюға уақытша тыйым салу бөлігіне түзету енгізіледі», деді Ү.Шапақ.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Құжатты негізгі тәсілдері «Балалардың құқықтары туралы» заңда және Бюджет кодексінде айқындалған.
«Сондай-ақ ұсынылған түзетулер шеңберінде қаражаттың қолды болуына, қаражатты өндіріп алуға, қаражат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға, клиенттің келісімінсіз ақша алуға, банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол берілмейді. Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленеді және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіледі. Қазақстан Ұлттық банкі орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді. БЖЗҚ нысаналы талаптарға қатысушылардың саны мен тізімін қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан балалар бойынша қажетті ақпаратты алады. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық Банктен ұсынған ақпарат негізінде қатысушыға есеп жүргізеді. Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ. Есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады. Есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді. Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған», деді Ү.Шапақ.
Жоба операторының жауапкершілігі
Сонымен қатар жоба операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ны белгілеу жоспарланып отыр. Мекеменің әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибесі, мемлекеттік дерекқорлармен жедел ықпалдасу мүмкіндігі ескерілген.
БЖЗҚ ақпараттық жүйеде нысаналы талаптарға қатысушылардың талаптарын есепке алады. Нысаналы жинақтарды алушыларға жинақтау шоттарын ашады және есепке алады. Нысаналы жинақтарды төлейді. Жеке тұлғалардың дербес деректерін Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен Дербес деректер субъектілерінің келісімінсіз жинайды және өңдейді. БЖЗҚ интернет-ресурсы және электрондық үкімет веб-порталының жеке кабинеті арқылы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтардың сомасы туралы мәліметтерді ұсыну функцияларына ие болады.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Дәулет Мұқаев бір отбасы балаларының қаражатын біріктіру мүмкіндігіне қатысты сауал қойған еді. «Үйде ағайынды балалар болады. Үлкені 17 жаста делік. 3 500 долларды 18 жылға есептегенде, ол бір жылға 200 доллар ғана алады. Бұл қаражат білім алуға да, үй алуға да жетпейді. Оның артынан еріп келе жатқан бауыр-қарындастарына ақшасын аудару мүмкіндігі бар ма?» деді Д.Мұқаев.
Сауалға жауап берген Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ: «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында бір отбасы балаларының бәрі 18 жасқа толғанда ғана олардың қаражаттарын біріктіруге мүмкіндік бар.
«Бір отбасының балаларының бәрі 1 жылда 18 жасқа толмайды. Сондықтан соңынан ерген бауырларының жасы 18-ге толған сәтте ғана қаражаттары біріктіріледі. Осыған дейін қолданылып келген зейнетақы қорынан ақша алу тетігімен бірдей болады. Бұл заңда көзделген», деді.
Депутат Жигули Дайрабаев баланың шотына жыл сайын 100-200 доллар аудару тым аз екеніне назар аударды. Оның айтуынша, қаражатты қайта есептеу керек. Осыған байланысты депутат сауал жолдады.
«Бүгінгі таңдағы барлық есептеу – 2000 жылдан бастап, Ұлттық қор құрылған кезден бергі цифрлар. Алдымызда тұрған мақсат – қор көлемін 100 млрд долларға жеткізу. Бұл цифрлардың көлемі артады деген сеніміміз бар. Ұлттық банк, Үкімет оның көлемін арттыру үшін жұмыс істейді. Сондай міндет алдымызда тұр», деді Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.
Сондай-ақ вице-министр балалар жинақталған қаражатын доллармен алатынын атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, заң жобасында инфляция мәселесі қарастырылған. «Ең бастысы, қаражат доллармен жинақталады. Бала 18 жасқа толған кезде ақшаны доллармен алады. Сондықтан қандай да бір инфляциялық ауыртпалық болмайды», деді Д.Темірбеков.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да Ұлттық қор қаражаты доллармен сақталатынын айтады. «Әрине, АҚШ долларының инфляциясы Қазақстан инфляциясынан төмендеу. Доллар инфляциясы 2-4 пайыз аралығында болады. Сондықтан Ұлттық қордың кірістілігін доллармен есептейміз», деді ол.
Заңсыз шығарылған активтер қашан қайтарылады?
Сондай-ақ кәсіптік біліктілік туралы заң жобасы екінші оқылымда қабылданып, Сенаттың қарауына жолданды. Құжат Ұлттық біліктілік жүйесінің элементтерін және кәсіби біліктілікті тану арқылы еңбек саласындағы қатынастарды реттеу тетіктерін жүйелейді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тану орталықтарын аккредиттеу аттестатын беретін және күшін жоятын түзетулер енгізілді. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алған адамдарға қатысты шағымдар расталған жағдайда ғана құжаттың күші жойылады. Мұндай сертификаттар туралы ақпарат Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер қабылданып, Сенатқа жолданды. Құжаттың міндеті – әлеуметтік желіде болатын буллинг, азаматтарды қорлау секілді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан азаматтарды қорғай отырып, саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу.
Сондай-ақ жалған ақпаратты таратқаны және орналастырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартуға қатысты өзгерістер енгізілді. Жалған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн-платформаларды пайдаланушылар үшін – 20 АЕК, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Жоба бойынша онлайн-платформаның иесі немесе оның заңды өкілі балаға қарсы кибербуллинг ақпаратты және мемлекетке қарсы контентті тартқан аккаунттарды тоқтатуға міндетті.
Сонымен қатар «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Құжат қайтарылған активтерді жинақтау және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құруды көздейді.
Заң жобасында сондай-ақ заңсыз алынған және шығарылған активтерді қайтарудың, оның ішінде оларды мемлекет меншігіне өз еркімен берудің жаңа тәсілдері енгізілген. «Негізсіз байлық (пайда болуы түсініксіз активтер)», «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам», «үстеме кіріс» ұғымдары нақтыланып, «әкімшілік-билік ресурстары» жаңа ұғымы енгізілді. Мәжіліс аталған заңды ілеспе түзетулерімен бірге екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Заң жобасын талқылап болғаннан кейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов құжатқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – әлеуметтік әділдікті орнату.
«Бұл жұмыс елдегі ауқымды реформалар аясында Президенттің пәрменімен іске асып жатыр. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да аталған мәселеге басымдық берілді. Біз бүгін осы заңды қабылдау арқылы үлкен қадам жасадық. Бір нәрсе айқын – заңсыз әрекет жасағаны үшін ешкім де жауапкершіліктен құтыла алмайды. Шетел асқан активтерді елге қайтару үшін бұл заң қажетті тетік пен мүмкіндікті қарастырып отыр», деді Е.Қошанов.
Жалпы отырыста Палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар – орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзету, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының 2002 жылғы 7 қазандағы Жарғысына өзгерістер енгізу туралы Төртінші хаттама ратификациялық заң жобасы.
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына сауалдарын жолдады.