Былтыр тілсіз жау Қостанай облысының 43 мың гектардан астам орманын жалмап, бірнеше ауылды отқа ораса, биыл Абай облысында басталған орман өрті одан да үлкен алқапқа жайылып, 60 мың гектардан астам жерді тып-типыл етті. Өрт әлі толық сөндірілген жоқ.
Қазақ жері онсыз да орманға бай емес еді. Таздың басына шыққан селдір шаштай сирек тоғайларымыз осылайша тілсіз жаудың құрбаны болып жатыр. Абай облысында тұтанған алапат өрт қайдан шықты? Біреу әдейі өртеді ме, әлде абайсызда болған жағдай ма? Алдыңғы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Бас прокурор Берік Асылов төтенше жағдай бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын баяндады. Бас прокурор орынбасарының басшылығымен құқық қорғау және арнаулы органдардың тәжірибелі қызметкерлерінен салааралық жедел-тергеу тобы құрылған. Тексеріс қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне құқықтық баға берілмек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы шұғыл әрекет ету штабының отырысында: «Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туысқандарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын» дей келе, тиісті органдар тарапынан өрескел қателікке жол берілуін «қылмыстық салғырттық» деп атады.
Сол күні Мемлекет басшысының өкімімен Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қызмет бабында қаза тапқан 14 адамды «Құрмет» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұдан бөлек, 10 маусымда жоғалып кеткен тракторшы Сергей Архиповтың денесі үш күн өткеннен кейін табылған болатын. Ол «Семей орманы» шаруашылығындағы өртті сөндіруге бара жатқан жолда жүрек талмасынан көз жұмған. Кешегі Сенат отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев тракторшының да төтенше жағдай кезінде қызмет бабында қайтыс болғандар қатарына жатқызылатынын айтты.
Елімізде екінші жыл қатарынан осынша кең ауқымдағы дала өрті тұтанып, азаматтарымыздың қаза болуына жол берілуі – ең біріншіден Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметіне үлкен сын. Президент айтқандай, еліміздің өртке қарсы қызмет құрылымдарында материалдық-техникалық жабдықтау жағы шын мәнінде кемшін екенін Төтенше жағдайлар министрлігі де ашық мойындап отыр. Ведомство бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, министрліктің техникалық жабдықталу деңгейі – 80 пайыз, алайда олардың біраз бөлігі қатты ескірген. «Қазіргі кезде 3200 техника бар. Әлі 430 техника керек. 470 техниканың мерзімі 20 жылдан асып кеткен», деді ол кешегі Сенат отырысында. Сонымен қатар елімізде қазіргі күні 426 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істеп тұрғанын, ал тілсіз жауға толыққанды тойтарыс беру үшін әлі 121 өрт сөндіру бөлімі керек екенін атап өтті.
Дегенмен, «Кім кінәлі?» және «Не себеп болды?» деген сұрақтардың жауабын анықтау – алдағы күндердің еншісінде. Бас прокурор Берік Асылов айтқандай, арнайы құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы төтенше жағдайлардың алдын алуға жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне баға бере жатар. Төтенше жағдайлар министрлігі де өртке қарсы жасақтарының техникалық жабдықталуын әлі де ойланар. Ал дәл бүгін күн тәртібінде тұрған міндет: қолда бар құралдардың көмегімен өрттің әрі қарай таралуына жол бермей, толыққанды өшіру.
Кеше ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов Абай облысындағы өрттің беті қайтқанын хабарлады. Бірақ бұл өрт толық сөндірілді деген сөз емес, тек оның таралуына жол бермейтіндей жан-жағынан қоршауға алынған.
– 14 маусым күні кешкі сағат 21:00-де Абай облысындағы орман өрті толық оқшауланып, бақылауға алынды. Қазіргі таңда барлық келген күштік құралар мен техникалар оқшауланған аумақтардағы өрттерді сөндіруге жұмылдырылды. Жақында күндері тілсіз жау ошақтарын толық өшіру үшін жұмыс істейміз, – деді ол.
Алдыңғы күні «Семей орманы» МОТР аумағына аэровизуалды тексеру жүргізіп, елді мекендердің өрттен қорғалу жағдайын бақылаған Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов табиғи апат аймағына жақын орналасқан ауылдарға ешқандай қауіп жоқ екенін мәлім еткен еді. Ол барлық күш пен құрал орман өрттерінің елді мекендерге өтуіне жол бермеу бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын атап өтті. Қазіргі күні өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 900-дан аса адам, 360-қа жуық техника жұмылдырылған. 13 маусымда өрт Семей қаласына қарай бағыт алғаны байқалған болатын. Алайда уақтылы қабылданған жедел іс-шаралардың арқасында өрт қаладан 30 км жерде тоқтатылды.
Өрт сөндірушілер мен көмекке келген өзге де күш құралдарының жанқиярлықпен жүргізіп жатқан жұмыстарына қарамастан, тілсіз жауды тез арада ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Оған ауа райы жағдайы да кері әсер етуде. «Мәселен, соңғы күндері өңірде жауын-шашын болған жоқ және солтүстіктен, солтүстік-батыстан секундына 14 метр жылдамдықпен жел соғып тұр. Кей уақытта оның жылдамдығы 20 метрге дейін жетіп жатыр. Бұл өрттің одан сайын өршелене түсуіне ықпал етеді», дейді мамандар. Оның үстіне жалын шарпыған жерлерде температура +270-тен +320-ға дейін жетеді. Бұл жағдай да өрт сөндірушілердің еркін іс-әрекет етуіне өз кедергісін келтіреді.
Сол себепті де қазіргі күні негізінен авиаторлардың еңбегі өз нәтижесін беріп келеді. Өртті сөндіруге 60-тан аса ТЖМ авиаторы жұмылдырылған, олардың ішінде ұшу қызметінің тәжірибелі мамандарының 11 экипажы, әуе кемелерінде техникалық қызмет көрсету және орындау жөніндегі инженерлік-авиациялық қызметтердің 33 қызметкері, материалдық-техникалық жарақтандыру және жабдықтау мамандары, өңірлік бөлімшелердің директорлары бар.
Күн сайын таңғы сағат 04:00-де көкке көтерілген тікұшақтар түнгі 23:00-ге дейін ұшақпен су тасып, оны орман өртінің үстінен бүркіп жатыр. Тілсіз жауға қарсы авиацияны қолданудың пайдалы тұсы – ұшаққа ілінген су төгетін құрылғылармен тікелей сөндірудің мүмкіндігі. Бұл құрылғылар 10-15 секунд ішінде 5 тоннаға дейін су алуға және 6 секунд ішінде өрт ошақтарына суды төгуге мүмкіндік береді. Ол әсіресе осындай кең ауқымдағы орман алқаптары өртенген кезде өте тиімді. Абай облысында өрт басталғалы бері авиаторлар 2 100 рет су тасып, 6 мың тоннадан аса суды өртке төккен.
Қазіргі уақытта тартылған күштер мен құралдар төрт учаскеде; Поднебесное, Жерновка ауылдарында, Шульбинск кентінде, Каштак орманшылығында өртті сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өртке қарсы арақашықтық пен минералдандырылған жолақтарды жасау, өрт ошақтары мен өрттің периметрі бойынша жиектерге су төгу, өрттің жиегін топырақпен жабу және толтыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Кеше Абай облысы әкімдігі өрт салдарынан қаза тапқан 14 адамның отбасына, сондай-ақ тракторшы С.Архиповтың отбасына Семей қаласы Қарағайлы шағын ауданындағы жаңа пәтерлердің кілттері табысталғанын хабарлады. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қайтыс болған Саят Нұржігітов пен Амангелді Дүйсембаевтың отбасыларына 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің кілттерін тапсырды.
«Өртте зардап шеккендердің отбасыларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда. Бүгін біз тапсыратын жаңа пәтерлер барлық қажетті жиһазбен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Біз қосымша көмек көрсетуді жалғастырамыз», деп атап өтті облыс әкімі. Қаза тапқандардың туыстары мемлекет тарапынан көрсетілген көмек пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.