Қазір жеміс-көкөніс өнімдері қысы-жазы дастарқаннан үзілмейді. Маусымдық тағам болып саналатын қияр, қызанақ, алма, алмұрт, лимон, апельсин, т.б. кезінде атын естігеніміз болмаса, қыс мезгілінде түсімізге де кірмейтін. Ал қазір ананас, банан, киви, манго сынды сирек, тропикалық өнімдердің өзі жыл он екі ай бойы азық-түлік дүңгіршектері мен супермаркеттер, сауда алаңдарында саудаланып жатады. Көздің жауын алып, сауда сөрелерінде тұрады. Өрік, мейіз, құрма, жаңғақ дегендеріңіздің санынан, түр-түсінен жаңылысасыз. Күнделікті ас-дәмге үнемі қолданылатын картоп, пияздың молшылығы екі бастан. Сондай-ақ осы өнімдерден шығарылатын түрлі сусын-шырындар, тосаптар, тәтті тағамдар, ас дәмдеуіштер, қысқы жабындылар да жетіп артылады. Бүгінгі барыс-келіс, қарым-қатынас мүмкіндігі кеңінен дамыған заманда қалалы жерлермен қоса, алыс аудан, ауылдар да жеміс-көкөніс өнімдерінен таршылық көріп отырған жоқ.
«Басқа түссе, баспақшыл». Адам басына қиыншылық түссе, оның істемейтін ісі, айналыспайтын тірлігі болмайды. Айталық, ауыл адамдары бүгінде ата тағамымыз қымыздың қасиетін терең сезініп қана қоймай, оны пайда көзіне де айналдырып алды емес пе?! Жаз бойы қорлап, қысқа молынан жауып, өздері де ішіп шығады, қала халқын да жыл бойы қамтамасыз етеді. Сол ретте, қауын, қарбыз тәрізді маусымдық өнімдерді қоспағанда, басқа жеміс-көкөністерден ауыл балаларының аузы бір босамайтын болды. Тіпті таңдап, талғап жеп-ішетін дәрежеге жетті. Бұл – әрине, қуанышты құбылыс.
Ғалымдардың айтуынша, көкөніс пен жеміс-жидекті көп жейтін адамдарға сырқат, дерт жуымайды. Жеміс-жидек пен көкөніс қанды дәрумен, микроэлементтермен байытып, жүрек ауруларының алдын алады. Биологиялық қартаюды баяулатып, иммунитетті күшейтеді, ұйқыны жақсартады. Міне, осының бәрі айналып келгенде салауатты ұлт, саналы ұрпақ қалыптастыруға игі әсерін тигізеді.
Еліміздегі жеміс-көкөніс нарығының қазіргі жай-күйін, дамуын және проблемалық мәселелерін саралау, байыптау бұл салада көңіл көншітерлік ахуал қалыптасқанын байқатады. Дегенмен өнім өндіру, олардың сапасын жақсарту, тұтынушыларға жеткізу, бағасын тұрақтандыру тұрғысында қайта қарайтын, жетілдіретін тұстары да бар.
Қазіргі уақытта Қазақстан өз өндірісінің жеміс-көкөніс өнімдерімен 100%-ға жуық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар осы тауарлар алыс-жақын шет елдерге экспортталады және импортталады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан 242,3 мың тонна картоп, 178,6 мың тонна пияз, 17,5 мың тонна қызанақ, 9,0 мың тонна қырыққабат экспорттады. Бұл орайда импорт 48,7 мың тонна картоп, 196,4 мың тонна пияз, 118,3 мың тонна қырыққабат және 68,3 мың тонна қызанақты құрады.
Жеке көкөністерге импорттың төмендеу тенденциясын атап өткен жөн. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанға картоп импорты 50%-ға азайды, ал керісінше экспорт 19%-ға өсті.
Ішкі нарықта ауылшаруашылық өнімдері тапшылығы туындамас үшін Қазақстанға өнімдерді өзге елдерден де импорттауға тура келіп отыр. Қазақстан жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін негізінен көрші мемлекеттерден: Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан тасымалдайды. Жалпы, Орта Азия елдерінен жеміс-жидек өнімдерінің негізгі импорты маусымаралық кезеңде жүреді. Мұның себебі бізде әлі күнге дейін жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау, тасымалдау және өңдеу инфрақұрылымы ойдағыдай дамымай отыр. Ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілері тек өз қажеттіліктері үшін қоймалар салады, ал шағын шаруашылықтар өз өнімдерін тікелей егіс алқаптарынан, арзан бағаға сатуға мәжбүр. Сондықтан заманауи қоймалар салу бірінші кезектегі міндет болуы керек.
Мұның жарқын бір мысалы еліміздегі жекелеген алма өндірушілер бола алады. Олар алма сақтаудың заманауи технологияларын және маусымаралық кезеңдегі жеткізілім тізбегін ұтымды қолдана отырып, өнімді ішкі нарықта қолайлы бағамен сатуға қол жеткізді. Ал өнімді қайта өңдеудің дұрыс жолға қойылуы оларға өндіріс үшін қосымша тиімділік, рентабельділік береді. Нәтижесінде, азық-түлік себетіндегі алма өнімдері соңғы жылдарғы азық-түлік инфляциясына қатысты ең жоғары төзімділікті көрсетіп отыр.
Жеміс-көкөніс нарығында суармалы жерлер, суару мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Елімізде суармалы жерлер егіс алқабының 7%-ын ғана алып жатыр, бұл жерлерде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 40%-дан астамы өндіріледі.
Қазақстанның барлық су ресурстарының 40%-дан артығы шектес мемлекеттерден келеді. Аталған елдерде соңғы жылдары өнеркәсіптің даму қарқыны жоғары және халқының саны едәуір өскен. Ал су шаруашылығы инфрақұрылымын су беру үшін қайта қалпына келтіру қарқынының төмендігі, сондай-ақ мелиоративтік жүйелер мен гидротехникалық құрылыстардың жоғары деңгейдегі тозуы сияқты ішкі факторлар суармалы егіншіліктің дамуын тежейді. Судың тапшылығы мен қымбаттауы, сондай-ақ ескірген суару жүйелеріне қатысты кең көлемді шығындар дақылдардың өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгінгі таңда суармалы алқаптардың тек 20%-ында ғана пайдаланылатын ылғал ресурстарын үнемдейтін технологияларды енгізудің қолжетімділігін арттыру аса маңызды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Б.Ахметаевтың айтуынша, соңғы жылдары ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру және азық-түлік тауарларына ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Үкіметінің қолға алып, атқарып жатқан шараларының бірі саудада шектеу шараларын белгілеу – тауарларды Қазақстаннан тыс жерлерге әкетуге тыйым салу немесе сандық шектеулер (квоталар) қою болып отыр. Үкіметтің ауыл шаруашылығы тауарларының сыртқы саудасындағы реттеуші саясаты бизнес үшін теріс салдарға әкеп соғуы мүмкін. Мәселен, кәсіпкерлер арасында алдын ала жасалған келісімшарттар бұзылады, сақтау қоймаларының жұмысы тоқырайды, өнім бүлінеді, өндіріс тоқтайды. Айта кету керек, кейде шектеулер бойынша шешімдер асығыс, тиісті есептеулер мен тәуекелдерді болжаусыз қабылданады. Бұған шектеулер енгізіліп, артынша шұғыл түрде жойылған фактілер дәлел бола алады. 2020 жылы пияз, қырыққабат, 2021 жылы сәбізге қатысты осындай шешімдер орын алды.
«Қазақстанда бірқатар себептермен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен қозғалысын нақтылы есепке алу әлі жоқ екенін мойындауымыз керек. Нарықтық сауда қатынастарына негізсіз араласу және экспортты шектеу өндірушілерді, сұраныстың төмендеуіне байланысты, осындай өнімді өндіруді ұлғайтуға итермелейді және сайып келгенде, инвестициялардың ауыл шаруашылығына ауып кетуіне алып келеді. Ал агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың тапшылығын ескерсек, жеке инвестициялар саланы дамытуда аса маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар реттеушіліктің орнына, ықпал етудің ынталандыру шараларын пайдалана отырып, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру әдістерін қайта қарауы қажет деп санаймыз», дейді Бауыржан Нұртайұлы.
Қалың бұқараны қашанда қатты алаңдататын мәселе – барлық азық-түлік өнімдері сияқты, жеміс, көкөніске де бағаның тұрақсыздығы, қымбатшылығы. Бұрынғыдай емес, халықтың әл ауқаты анағұрлым артты. Баяғы, Қалтай Мұхамеджанов ағамыздан қалған, «Бір келі алмаға бір келі ақша сұрап отыр» дейтін сөздің бүгінде беті ары қараған. Дегенмен күнделікті қажетті азық-түлік болмаса, тәтті, дәмді, құнды, құнарлы жеміс-жидектерді үнемі сатып ала беруді кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Әлбетте, бұл мәселе де Үкіметтің ұдайы бақылауында, мониторинг тұрақты жүргізіліп отырады. Қазіргі уақытта орташа есеппен алғанда картоп 200-250 теңгеден, қияр, қызанақ 420-550 теңгеден, банан – 650-850 теңгеден, алма – 500-750 теңгеден саудалануда. Жеміс-жидек, көкөністер ішінде маусымдық, шие, бүлдірген, құлпынай, қарақат, қаражидек, субтропиктік құрма, інжір, алхоры сынды сирек жемістерге, сондай-ақ цитрустық лимон, апельсин, шабдалы, абрикос, айва, анар, өрік, мейіздің барлық түрлеріне баға қашанда жоғары. Бір қызығы, базар, супермаркеттерді басып жатқанына қарамастан, аталған жеміс-көкөністердің бағасы ешқашан түсіп көрген емес. Бұл оларға деген сұраныстың, тұтынудың жоғарылығын білдірсе керек.
Жеміс, көкөністердің бағасын тұрақтандыру, мүмкіндігінше түсіру тиісті мемлекеттік мекеме-кәсіпорындардың үнемі назарында. Айталық, жыл басында «Astana» ӘКК АҚ мен «Тәжікагропром» компаниясы арасында 1 200 тонна пияз жеткізу бойынша келісім-шарт жасалған болатын. Мамыр айында 500 тонна өнім жеткізілді, маусым айында тағы 500 тонна және шілде айында 200 тонна болады деп күтілуде. Міне, осындай шаралардың нәтижесінде пияз – 10%, сәбіз – 5%, картоп – 5%, қырыққабат-2%-ға арзандаған.
Жауапты мекеме кәсіпорын басшыларының мәліметтері бойынша, өңірлердегі жеміс-жидек бағасы тұрақты. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма, бөлімдері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып базарлар мен сауда нүктелеріндегі халыққа алғашқы қажетті азық-түлік өнімдері, жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасын ұдайы бақылауда ұстап отырады. Бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылады. Онда азық-түлік өнімдері және жеміс-жидек пен көкөністер 10-20 пайызға төмен бағамен сатылады. Көптеген өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері аумақты тұтастай көкөніс және картоп өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы екендіктерін танытып отыр.
Сондай-ақ көкөніс, жеміс-жидек бағаларының жоғарылығы отандастарымыздың өз беттерінше бау-бақша шаруашылығымен шұғылдануына елеулі ықпал етуде. Жалпы, елімізде жидек пен көкөністің барлық түрін өсіруге, ішкі, сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік мол. Мәселен, құмды жерлерде цитрус дақылдары жақсы өнім берсе, құнарланған сазды топырақ жүзім өсіруге қолайлы екен.
Қайсыбір жылы Абай еліне сапарлап барғанымызда, аудан орталығы Қарауыл кентіндегі Абай мектебінің қосалқы шаруашылығында банан өсетінін естіп-біліп, соның жай-жапсарын сұрағанымызда мектеп директоры Роллан Тілеуханов: «Иә, банан өсіріп отырғанымыз рас. Бұл жақтың табиғаты қатал, тропикалық жеміс-көкөністер өнім бермейді деген бос сөз. Шындап шұғылданса, кез келген өсімдіктің жемісін татуға болады. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды алдағы уақытта да жалғастырамыз. Тек жеміс ағаштары емес, түрлі гүлдердің дәнін, тұқымын тауып ексек пе деген ойымыз бар», деп жауап берген еді.
Бұл тараптағы жұмыстарды жемісті етудің ең тиімді жолы жеміс-көкөніс өндіретін заманауи жылыжайларды көбейту қажет. Ауылдық жерлерге бағытталған жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы саласын дамыту стратегиясы бар. Оның аясындағы «Жылыжай шаруашылықтарының желісін құру және қолданыстағыларын дамыту» инвестициялық бағдарламасы кәсіпкерлерді несиелендірумен айналысады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы жылдары жылыжай салу үшін субсидия тұрақты түрде бөлініп келеді. Демек кәсіпкерлерге жылыжай салу үшін мемлекеттік қолдау да, нарықтық мүмкіндік те бар. Ауа райы қолайлы Түркістан өңірінің кәсіпкерлері шағын жылыжайлар шаруашылығына қызығушылық танытып, көкөністің түр-түрін өсіріп отыр.
Қазіргі таңда ішкі нарықта қыс, көктем айларындағы көкөністерге, гүлдерге сұраныс өте жоғары. Сол ретте маусымдық кезеңде шетелден әкелінетін өнімдерге тәуелдіміз. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қысқы маусымда тұтынатын жеміс-көкөніс өнімдерінің тек ширегі ғана өзімізде өндіріледі екен. Қалғаны сырттан тасымалданады. Бұдан шығатын қорытынды, жылыжай шаруашылығы – табысты кәсіпкерлікпен айналысудың әрі отандық нарықты қымбат импорттан арылтудың ең ұтымды жолы.
Жалпы, еліміздегі жеміс-көкөніс саласын дамытудың өзекті мәселелері мен тежеуші факторларды атап айтар болсақ: көкөніс қоймалары көлемінің болмауы және жеткіліксіздігі, өндірісті дамытуға және кеңейтуге субсидия алу мәселелері, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, қайта өңдеудің төмен үлесі, өндірістің жоғары шығындары және баға мен сапа бойынша жеміс-көкөніс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі. Сондай-ақ, маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуі инфляцияға кері әсер етеді және жеміс-көкөністердің жекелеген санаттары бойынша импорт үлесінің ұлғаюына алып келеді. Міне, осы мәселелер күн тәртібінен түспей, сатылап болсын шешіле берсе, еліміз жеміс-көкөніс өнімдерінен тапшылық көрмейтініне толық негіз бар.