Қоғам • 16 Маусым, 2023

Қазақстандықтардың көлік салығы бойынша қарызы 22,4 млрд теңгені құрады

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалпы республика бойынша 2023 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша берешегі 496,7 мың салық төлеуші бойынша 22,4 млрд теңгені құрады, оның ішінде негізгі қарызы – 17,5 млрд теңге, өсімпұл – 4,9 млрд теңге, деп хабарлайды Egemen.kz Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандықтардың көлік салығы бойынша қарызы 22,4 млрд теңгені құрады

Олардың ішінде көлік құралдары салығы бойынша салық міндеттемелерінен жалтарған автокөлік иелерінің ең көп санын назарларыңызға ұсынамыз:

Алматы облысы – 57,7 мың адамның қарызы 3,0 млрд теңге;

​Алматы қаласы – 53,6 мың адамның қарызы 4,9 млрд теңге;

Түркістан облысы – 53,6 мың адамның қарызы 1,2 млрд теңге;

Шымкент қаласы – 39,9 мың адамның қарызы 1,5 млрд теңге;

Астана қаласы – 37,0 мың адамның қарызы 2,5 млрд теңге.

Еске сала кетейік, 2022 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталған. 

2023 жылғы 19 мамырдан бастап салық сомасын уақтылы төлемеген тұлғаларға 1 АЕК-тен жоғары берешек сомалары бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтарын жолдау басталды.

Берешек төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мәжбүрлеп орындатуға жіберіледі. Өз кезегінде, жеке сот орындаушылары «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы. Оның ішінде 40 АЕК-тен асатын қарыз болса, азаматқа ел аумағынан шығуға тыйым салынуы ықтимал.

Бұдан басқа, мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдармен бірлесіп (Полиция департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы) ағымдағы жылдың басынан бастап көлік құралдары салығы бойынша берешегі бар жеке тұлғаларға қатысты күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр.

2023 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 10 152 рейд жүргізіліп, 413 автокөлік құралы айыппұл тұрағына қойылды. Нәтижесінде 963,7 млн теңге мемлекеттік бюджеттің қазынасына түсті.

Сондай-ақ Қазақстаннан шығуға тыйым салу туралы ақпаратты сілтеме арқылы білуге болады https://aisoip.adilet.gov.kz/debtors.

Жазғы демалыстарда және еңбек демалысы кезеңдерінде жағымсыз салдарларды болдырмау үшін Комитет салық берешегі болған жағдайда уақтылы төлем жүргізуді ұсынады. Салық бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында: Электронды сервистер→Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу арқылы қадағалауға болады.

«E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.gov.kgd.android немесе https://apps.apple.com/kz/app/e-salyq-azamat/id1107556666 сілтемелері арқылы орнатуға болады.