Президент • 17 Маусым, 2023

Үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес - Тоқаев

2287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды үлгі көрсету арқылы дәріптеуі қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес - Тоқаев

«Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді», деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды үлгі көрсету арқылы жастарға дәріптеу керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйрету керек. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алу керек.

«Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті, бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине, қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес», деді Қ.Тоқаев.