– Камалжан Талғатұлы, медицина мамандарын даярлау ісіндегі өзгерістер жайында тарқатып айтып берсеңіз.
– Келер жылы университет өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Күні бүгінге дейін осы оқу орнында ғұмырын медицинаға арнаған білімді, білікті оқытушылар, ғалымдар еңбек етті. Олардың әрқайсысы озат шәкірт тәрбиелеп, білім сапасын арттыруға үлес қосты. Қазір университетте 10,5 мың студент оқиды, оның екі мыңнан астамы – шетелдіктер. Түлектеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шет елдерде жемісті еңбек етіп жүр. Біз осыған қуанамыз. Өйткені, университет – өзінің бәсекеге қабілетті түлектерімен мақтанады. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн», деді. Сондықтан біз бәсекелестікті нығайтуға бағытталған жұмыстан қол үзгеміз жоқ. Осыған байланысты жұмыс барысында кездесетін кедергілерге, өзге де түйінді мәселелерге егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Нәтижесінде, біз 2026 жылға дейінгі жоба-жоспарымызды түзіп, даму стратегиямызды әзірлеп, бекіттік. Стратегиялық дамудың негізгі басым бағыты ретінде салалық кадрлар даярлау, жоғары оқу орнының зерттеу университетіне трансформациялау, оны интеграцияланған академиялық медициналық орталық ретінде дамыту, кадрлық әлеуетті күшейту, инфрақұрылымды, материалдық-техникалық базаны, басқару және қаржыландыру жүйесін нығайту бағыттары айқындалды.
Университет алдында тұрған мәселелердің, оның ішінде материалдық-техникалық базаның ескіруі, алаңдардың тапшылығын, білім беру гранты құнының төмендігіне байланысты табыс деңгейінің төмендігі сияқты мәселелерді жою мақсатында біз жобалық басқару жүйесін енгіздік.
– Оқу орны өзінің бәсекеге қабілетті түлектерімен мақтанады дедіңіз. Олай болса, студенттердің алаңсыз білім алуына қандай жағдай жасалған?
– Иә, бұл мәселе де университеттің стратегиялық жоспарында қамтылған. Мұнда ең алдымен студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге көңіл бөліп отырмыз. Елорда әкімдігінің қолдауымен университеттің оқу ғимараттарын, жатақханаларын салуға қолайлы жер телімі бөлінді. Сол маңда келешекте университеттің клиникасы бой көтермек. Қазірдің өзінде «Қаржы орталығы» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, оның шеңберінде құрылысты субсидиялау жолға қойылды. Жалпы ауданы 33,9 мың шаршы метрді құрайтын бұрынғы «Ramada Plaza» қонақ үйінің 22 қабатты ғимаратын университетіміздің балансына беру біз үшін маңызды шешім саналады. Себебі онда студенттердің тұруына жайлы жағдай жасалады. Бұл мәселені шешуде Денсаулық сақтау министрлігі және қала әкімдігі көптен-көп қолдау көрсеткенін айта кету керек.
– Медицинада оқып, білікті дәрігер болсам дейтін озық ойлы оқушылар көп-ақ. Сіздіңше, осындай талабы таудай балаларды мамандыққа баулуда неге басымдық берген дұрыс?
– Біз маман даярлауда жастардың біліктілігін арттырып, кәсіби маман болып қалыптасуына, медицинадағы жаңашылдықтарды мейлінше меңгеруге баулимыз. Қуантарлығы, білім беру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жұмыстың нәтижесі жоғары. Мұны Астана медицина университетіне оқуға түсуге ниетті жастардың шоғырына қарап білуге болады. Мысалы, кейінгі екі жылда мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен түлектердің саны 654-тен 998-ге дейін көбейді. Нәтижесінде, кейінгі үш жылда ғана университетте студенттер контингенті 19%-ға өсті. Бұл осы оқу жылында бөлінген білім беру гранттарының жалпы көлемінің 45%-ын құрайды. Осы тұста университетте грант бағасының төмендігін айтқым келеді. Мысалы, салыстырмалы түрде айтар болсақ, шет елдерде дәрігердің оқуы біздегі бағамен салыстырғанда 5-7 есе қымбат. Бұл мәселеге жіті назар аудару керек. Университет 59 білім беру бағдарламасын іске асырады. Оның ішінде 8 бакалавриат, 6 магистратура, 5 докторантура және 2 интернатура, резидентура бағдарламалары қамтылған. Сондай-ақ 56 медициналық мамандық бойынша қосымша білім беру бағдарламасы бар.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы IT мамандар мен заңгерлерді даярлау бағдарламалары әзірленіп жатыр. Университеттің барлық білім беру бағдарламалары Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясы тарапынан халықаралық агенттіктерде аккредиттеуден өткенін айта кету керек. Біздің ойымызша, университеттің ашық және алқалы басқару қағидаттарын, оқу нәтижелерін объективті бағалау тетіктерін енгізіп, студенттер мен оқытушылардың барлық жазбаша жұмыстарында заңсыздық (плагиат) фактілерін болдырмау бойынша міндеттемелерді қабылдай отырып, Академиялық адалдық лигасына қосылуы өте маңызды.
Университетте маман даярлау сапасының жоғары екеніне тағы бір дәлел, «Атамекен» ҰКП рейтингінде (іс жүзінде университеттердің барлық рейтингтерінің ішіндегі ең объективтісі саналады) біздің білім беру бағдарламамыздың жетекші орынға ие болуы десек артық айтқандық болмас.
– Университетте сапалы білім алумен қатар, ғылыммен айналысып, медицинаның өркендеуіне үлес қосамын дейтін жастар көп пе?
– Иә, баршылық. Ең алдымен оқытушылардың ғылыми қызметпен айналысуға ынтасын оятып, осы саладағы құзыретін нығайту арқылы кадрлық әлеуетті күшейтуге баса назар аудардық. Ғылым қоры құрылды. Оның бюджеті былтыр 100 миллион теңгеден асты. Бұл қаражат ғылыми белсенділікті ынталандыру және қолдау үшін жұмсалады. Жұмысымыздың тағы бір бағыты оқытушылар мен студенттердің алаңсыз ғылыммен айналысуына инфрақұрылым қалыптастыруға негізделді. Университетте үш сынақ зертханасымен қоса Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институты, елорданың 90-нан астам жетекші клиникасының базасында орналасқан 64 кафедрасы бар. Ғылыми қызмет үшін мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында университет кафедраларында қалыптасқан ғылыми мектепті ғылыми институттарға трансформациялау бойынша жүйелі жұмысты бастадық. Осы жылдың сәуір айында салтанатты түрде академик Е.Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институт превентивті медицина, ауруларды диагностикалау және аурудың алдын алу саласындағы зерттеулермен және әзірлемелермен айналысады. Қазір академик Ж.Хамзабаев атындағы радиология ғылыми-зерттеу институтын ашу жұмысы жүріп жатыр. Енді мұндағы мамандар сәулелік диагностика, сәулелік терапия және ядролық медицина саласында жаңа технологияларды әзірлейді, ғылыми негіздемелерді қолданысқа енгізуді қамтамасыз етеді. Бүгінде Kazakh National H-index Ranking 2023 тәуелсіз рейтингісінің деректері бойынша университетіміз ғылыми әлеуеті жоғары ұйымдардың қатарында.
– Студенттердің теориялық білімін жетілдіретін әдістемелерден бөлек, практикалық машықтарды меңгергені абзал. Осы бағытта нендей жұмыстар іске асты?
– Теория мен практика бір ағаштың екі бұтағы секілді. Сондықтан жетекші әлемдік университеттердің тәжірибесі бойынша біз модернизацияланған симуляциялық орталықта практикалық дағдыларды пысықтау арқылы теориялық білімді нығайтуға мүмкіндік жасадық. Симуляциялық орталықты жаңғыртуға кіріспес бұрын біз Израиль, Сингапур, Түркия, Ресей сияқты елдердің тәжірибесін зерттедік. Әлемдік стандарттарға сәйкес озық технологиялар бойынша симуляциялық орталықты жабдықтадық. Қазір ол заманауи фантомдардың, тренажерлер мен симуляторлардың, жабдықтар мен медициналық бұйымдардың кең арсеналымен қамтылған. Дағдыларды пысықтауға және кез келген клиникалық жағдайды модельдеуге қажетті 500-ден астам жаңа техника сатып алынды. Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, қимыл-қозғалыс функциясы бұзылған пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында консорциум құрылғанын атап өткім келеді. Консорциум аясында университет Mbıonıcs компаниясымен бірлесіп жарақат салдарынан қимыл-қозғалыс функциясы, тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе нерв жүйесі ауруларына шалдыққан пациенттерді оңалтуға арналған «Экзоскелет» жабдығын әзірледі.
– Медицина мамандарын даярлау ісінде жаңашылдық көп екенінен хабардар болдық. Биылғы жоба-жоспарларыңыз қандай?
– Біз жоғары оқу орнында зерттеу жұмыстарына басымдық бере отырып, білім, ғылым мен практиканың үштұғырлығы негізінде жұмыс істейтін интеграцияланған академиялық медициналық орталық ретінде жұмысымызды үйлесімді жалғастырамыз. Үкіметтің, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен университеттің 800 төсек-орындық клиникасын салу жайы пысықталып жатыр. Ол жерде ТМД елдеріндегі ең ірі симуляциялық орталық салынбақ. Президент әкімшілігі жобалық кеңсесі (President Delivery unit) және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен біздің университеттің базасында Акселерация орталығын құруды бастадық. Акселерация орталығы денсаулық сақтау саласындағы кез келген стартаптарды және жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты ұсынысты талқылайтын алаң болмақ. Сондай-ақ телемедицинаны дамыту жөніндегі құзыреттілік орталығын құруды қолға алдық. Бұл орталық елімізде (шалғай аймақтарды қоса алағанда) медициналық көмектің сапасы мен қолжетімдігін дамытуға ықпал етеді деп ойлаймыз.
Біз білім беру бағдарламаларының санын ұлғайту арқылы оқу үдерісін жетілдіруді жалғастырамыз. Сондай-ақ отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен қос дипломдық бағдарламаларды іске асыруды, ұжымдық пайдалану зертханасын құрып, ғылыми инфрақұрылымды дамытуды және басқа да межелі міндеттерді жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»