Әскер • 17 Маусым, 2023

Тәжікстан мен Қазақстан әскерилері арасында кездесу өтті

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Сухроб Рауфзада бастаған делегация әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін Қазақстан астанасына арнайы келді, деп жазады Egemen.kz  Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәжікстан мен Қазақстан әскерилері арасында кездесу өтті

Достық сипаттағы кездесу Құрмет қарауыл ротасының қатысуымен өтті. Әскери оркестрдің орындауында екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов құрметті қонақтарды жылы қарсы алып, Қазақстан құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік қызметімен және атқаратын міндеттерімен таныстырды.

д

Тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Тәжікстан Республикасы Ішкі әскерлерінің құқық қорғау және білім беру салаларындағы ынтымақты дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ ведомстволар арасындағы меморандумға қол қою жағдайларын нақтылады.

«Мәртебелі қонақтарымызға Академиямыздың жас офицерлерінің оқу бітіруіне орай Қазақстанға келгендері үшін алғыс айтқым келеді. Биыл Тәжікстан Республикасынан келген 10 курсант лейтенант шенін иеленіп, оқуын аяқтайды. Жалпы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Академиясының түлектері сұранысқа ие екенін атап өтемін. Мысалы, биыл бес лейтенант Мемлекеттік күзет қызметі бастығының қарамағына өтті, үшеуі – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің қарамағына және белгілі бір талаптардан өткен 13 жас офицер Қазақстанның ішкі істер органдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне жіберілді», деп атап өтті Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Кездесу барысында генерал-майор Сухроб Рауфзада делегация мүшелерін таныстырып, жылы шырайда қабылдағаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығын Тәжікстан Республикасына ресми түрде шақырды.

«Бас қолбасшы – генерал-лейтенант Еркін Советбекұлы Ботақанов бастаған Ұлттық ұлан басшылығына Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағаны үшін алғысымды білдіремін. Мемлекетаралық келісімдерге сәйкес біздің курсанттар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясында оқиды және 2013 жылдан бастап жыл сайын Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің қатарын толықтырады. Роталық құрамның командирлік буыны толығымен дерлік Петропавл әскери жоғары оқу орнының түлектерінен құралғанын атап өтемін. Олардың арасында полк командирлерінің орынбасарлары лауазымдарында қызмет атқаратындар да бар», деді генерал-майор Сухроб Рауфзада.

Осыдан кейін құрметті қонақтарға Әскерлерді басқару орталығының жұмысы көрсетілді. Содан соң қонақтар дәстүр бойынша Бас қолбасшылықтың аллеясына ағаш отырғызды.

Бұдан кейін делегацияның жұмыс сапары 5573 әскери бөлімінде жалғасты. Онда меймандар елордалық жедел бригаданың жауынгерлік қызметімен және «Үркер» тұрғын алабындағы әскери қалашықтың инфрақұрылымымен танысты.

Айта кетейік, Тәжікстаннан келген делегация 17 маусым күні Петропавл қаласының бас алаңында өтетін ҚР Ұлттық ұланы Академиясының жас офицерлеріне диплом табыстау іс-шарасына қатысады.